Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Сенатор Айгүл Қапбарова Жерорта теңізі парламенттік ассамблеясының әйелдер форумына қатысты

28.01.2026 1215

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова Жерорта теңізі парламенттік ассамблеясының әйелдер форумына қатысты. Жиынға қатысушылар әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, олардың экономика, саясат, білім беру, денсаулық сақтау және экологиялық тұрақтылық салаларындағы рөлін қолдау, сондай-ақ әйелдердің терроризммен күреске қосатын үлесін талқылады.

Сенатор өз сөзінде қазіргі әлем қарқынды өзгерістер кезеңін бастан кешіріп жатқанын, бұл мемлекеттер мен қоғам алдына салмақты әрі инклюзивті шешімдерді талап ететін жаңа міндеттер қоятынын атап өтті. Мұндай жағдайда Парламенттердің рөлі мен халықаралық парламентаралық ынтымақтастықтың маңызы арта түседі. Ал әйелдердің парламенттік қызметке араласуы тұрақты дамудың және жаһандық күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша ұлттық жоспарларды тиімді іске асырудың маңызды факторы ретінде қарастырылады.

«Әйелдердің жаһандық және жергілікті түйткілдерге жауап іздеуге белсене қатысуы, олардың қоғамдық өмірдің барлық саласына тартылуы ортақ мүддеге қызмет етеді. Бұл қабылданатын шешімдердің сапасын арттырып, қоғамдарымыздың тұрақты дамуына септігін тигізеді. Әйел көшбасшылар халықаралық мәселелерді шешуде жоғары жауапкершілік, диалогқа дайындық және сындарлы іс-қимыл таныта отырып, барған сайын маңызды рөл атқаруда», - деді Айгүл Қапбарова.

Сонымен қатар сенатор Қазақстанның әйелдер құқығын қорғау және гендерлік теңдікті ілгерілету саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Ол ұлттық гендерлік саясаттың қалыптасуын, әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 30 пайыздық квотаның енгізілгенін, бейінді мемлекеттік және парламенттік комиссиялардың жұмысын, еліміздің халықаралық келісімдерге қатысуын және халықаралық рейтингтердегі оң көрсеткіштерін ерекше атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу