ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов «Единая Россия» партиясы Бас кеңесінің хатшысы, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Владимир Якушевпен кездесті. Кездесу Қазақстан-Ресей өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылау және парламентаралық байланыстарды нығайту аясында өтті.
Тараптар парламентаралық және партияаралық диалогты мемлекетаралық келісімдерді қолдаудың тиімді құралы ретінде маңызды екенін атап өтіп, оның өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуда, заңнамалық тәжірибе алмасуда және гуманитарлық бастамаларды іске асырудағы практикалық рөлін ерекше көрсетті. Сондай-ақ өзара құрмет пен сенімге негізделген Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастардың орнықты сипатына айрықша назар аударылды.
Сенаттың Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Қазақстанда өкілді институттарды нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған саяси реформалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Президенттің бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар жүйелі әрі кезең-кезеңімен іске асырылуда. Олардың негізгі мақсаты -Парламенттің рөлін күшейту, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейту және орнықты, заманауи саяси жүйе қалыптастыру. Осы тұрғыда демократиялық институттарды және саяси партиялардың жауапкершілігін нығайтуға арналған бағыттың қисынды жалғасы болатын парламенттік реформаға ерекше мән берілуде», - деді Жақып Асанов.
Кездесу барысында тараптардың, соның ішінде бірлескен комиссиялар мен халықаралық парламенттік алаңдар шеңберінде, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екені де расталды. Жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді заңнамалық тұрғыдан сүйемелдеуде тұрақты байланыстардың маңыздылығы атап өтілді..
Өз кезегінде Владимир Якушев диалогты жалғастыруға дайын екенін білдіріп, екі ел Парламенттері арасындағы өзара іс-қимылдың орнықты арналарын сақтаудың маңызын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан-Ресей қатынастарының жоғары деңгейін және олардың одан әрі даму әлеуетіне тоқталды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)