Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы өкілдерімен кездесті. Олар Қазақстанға Конституцияға байланысты референдумға халықаралық байқаушы ретінде келген.
Мәулен Әшімбаев ҰҚШҰ ПА делегациясын Ұйымның 20 жылдығымен құттықтап, осы алаң аясында жүзеге асырылып жатқан көпжақты ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Ол Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын құрылым ретінде қарастыратынын атап өтті.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы жаһандық тұрақсыздық күшейіп, халықаралық ахуал шиеленісе түскен қазіргі жағдайда заманауи сын-қатерлерді нақты бағалап, құбылмалы әлемнің талаптарын ескере отырып, мемлекеттік басқару мен даму жүйесін қалыптастыру айрықша маңызды екенін айтты. Осы орайда референдумға шығарылған Қазақстанның жаңа Конституция жобасының маңызы арта түседі.
«Алдағы референдум мемлекеттік басқару жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту және құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту тұрғысынан аса маңызды. Жалпы, 2019 жылдан бері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси өзгерістер дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Жаңа Конституция жобасы күшті Президенттік институтты сақтай отырып, ықпалды Парламентті, тиімді әрі нәтижелі Үкіметті, сондай-ақ, тәуелсіз және ашық сот жүйесін қалыптастырады. Жаңартылған билік жүйесінің қызметіндегі барлық негізгі параметр конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл түрлі әлеуметтік және этникалық топтардың пікірін ескере отырып, уақтылы әрі пәрменді шешімдер қабылдауға берік негіз қалайды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде халықаралық байқаушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға берді. Сонымен қатар олар референдумды Қазақстан заңнамасына және халықаралық тәжірибеге сәйкес ұйымдастырудың маңызын атап өтті.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)