Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Ыстамбұлда оғыздардың тарихи мұрасы мен оның түркі әлемі үшін маңызы талқыланды

08.04.2026 272

Ыстамбұлда оғыздардың тарихи және мәдени мұрасына арналған «Оғыз феномені: Ұлы Даладан Анадолыға дейін» атты халықаралық ғылыми конференция мен көрме өтті. Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов қатысты.

Шара Қызылорда облысы әкімдігінің, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қатысуымен Түрік және ислам өнері музейінде ұйымдастырылды. Конференция жұмысына қазақстандық және түркиялық ғалымдар, сарапшылар мен мәдениет қауымдастығының өкілдері қатысты.

Конференцияда сөз сөйлеген сенатор ортақ тарихи мұраның маңыздылығын атап өтіп, түркі әлемінің қалыптасуындағы оғыз өркениетінің ерекше рөліне тоқталды.

«Түркі халықтарын ортақ тарихи тамырлар, тіл, мәдениет және рухани құндылықтар біріктіреді. Оғыз мұрасының орны бөлек, өйткені қазіргі Қазақстан аумағынан басталған процестер Анадолыдағы мемлекеттіліктің қалыптасуына тікелей әсер етті. Бүгінде Қазақстан мен Түркия тарихи бірлікке сүйене отырып, стратегиялық серіктестікті нығайтып, тұрақты іс-қимылдың үлгісін көрсетіп отыр», - деп атап өтті Руслан Рүстемов.

Сенатор сондай-ақ мұндай іс-шараларды өткізу түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтуға және ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтауға септігін тигізетінін жеткізді. Оның айтуынша, оғыз тақырыбы ғылыми зерттеулер мен гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып қала береді.

Археологиялық зерттеулерге, соның ішінде Жанкент қалашығын зерттеуге, сондай-ақ музей инфрақұрылымын дамыту және тарихи-мәдени мұра нысандарын халықаралық деңгейде ілгерілету жобаларын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Қорытындылай келе, қатысушылар елдер арасындағы ғылыми диалогты дамыту және мәдени байланыстарды нығайту үшін мұндай алаңдардың маңыздылығын атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу