Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Құдайберген Базарбаевпен кездесті.
Кездесу барысында парламентаралық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Қырғызстанның заң шығарушы органдары арасындағы, оның ішінде Парламентаралық кеңес пен Орталық Азия мемлекеттері Парламенттерінің форумы аясындағы белсенді диалог өзара сенімді нығайтуға және өңірлік күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеуге ықпал ететіні атап өтілді.
Андрей Лукин Қазақстанда мемлекеттілікті одан әрі дамыту және басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі ауқымды саяси өзгерістер жүзеге асып жатқанын хабардар етті.
«Қазақстанда қабылданған конституциялық өзгерістер еліміздің ұзақ мерзімді дамуының көрінісін көрсетеді, билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтады және азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейтеді. Бұл ретте Қырғызстанның Жогорку Кенешімен парламентаралық өзара белсенді іс-қимыл жалғаса беретін болады», - деп атап өтті ол.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Тараптар тауар айналымын одан әрі ұлғайту, оның ішінде агроөнеркәсіп саласындағы бірлескен жобалар мен кооперацияны кеңейту есебінен іске асыруға мүдделі екендіктерін білдірді. Кездесуге қатысушылар сонымен қатар су шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды талқылап, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығы, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың маңызды бөлігі ретінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту қажеттігі туралы айтты.
Құдайберген Базарбаев өз кезегінде сындарлы диалогты одан әрі дамытуға дайындығы мен екіжақты ынтымақтастықты тереңдету әлеуеті зор екеніндігіне тоқталды және Қазақстан-Қырғыз қатынастарының жоғары деңгейін атап өтті.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)