Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин Польша Республикасы Ұлттық жиналысы Сеймінің депутаты Барбара Бартущ және поляк-қазақстан парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен келешегі, сондай-ақ парламентаралық диалогты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Андрей Лукин Польшаның Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Екі ел арасында сенімді саяси диалог жолға қойылып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келеді, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар нығаюда.
«Парламенттік дипломатия қазақстан-поляк қатынастарын нығайтудың маңызды құралы екеніне сенімдіміз. Бұл үдерісте екі ел парламенттерінде жұмыс істейтін достық топтары айрықша рөл атқарады. Олар заң шығарушы органдар деңгейінде тұрақты әрі сындарлы диалог орнатуға қосымша мүмкіндік береді», – деді Андрей Лукин.
Тараптар сондай-ақ халықаралық парламенттік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен көпжақты алаңдардағы ынтымақтастық жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, Парламентаралық одақ, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы және Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.
Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, фармацевтика, машина жасау, инфрақұрылымды дамыту және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықты кеңейтудің әлеуеті жоғары екені атап өтілді. Сонымен қатар, мәдениетаралық диалогты дамыту және білім беру саласындағы ынтымақтастықты қамтитын гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға және қазақстан-поляк серіктестігін кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)