Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Қазақстан мен Германия этносаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша диалогты нығайта түсуде

19.05.2026 238

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Германия Федералды Үкіметінің Қоныс аударушы-немістер және аз ұлттар мәселелері жөніндегі уәкілі доктор Бернд Фабрициуспен кездесті. Тараптар Қазақстан-Германия ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегін, Қазақстанда тұрып жатқан этникалық немістерді қолдау мәселелерін, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылды дамытуды талқылады.

Әңгіме барысында екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейі, сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуы, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы парламенттік дипломатияның маңызды рөлі атап өтілді.

«Қазақстанның этникалық немістері екі ел арасындағы достықтың берік көпірі. Біз олардың қоғамдық келісімді нығайтуға, мәдениет пен экономиканы дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан неміс этносының тілін, мәдениеті мен тарихи дәстүрін сақтауға, сондай-ақ гуманитар сала мен жастар ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бастамаларды дәйекті түрде қолдап келеді», - деп атап өтті сенатор Евгений Больгерт.

Кездесуге қатысушылар неміс диаспорасын қолдау, білім беру және мәдени бастамаларды дамыту, сондай-ақ жастар алмасуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстанда неміс тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтау және дамытуға қажетті жағдай жасалып жатқаны атап өтілді.

Тараптар сонымен қатар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы және ЕКПА-мен бірге халықаралық парламенттік алаңдардағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ екіжақты диалогтың маңызды тетігі болатын және мәдениетаралық өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететін этникалық немістер мәселелері жөніндегі Үкіметаралық комиссияның қызметін талқылады.

Тараптар кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан-Германия әріптестігін одан әрі нығайтуға, парламентаралық байланыстарды кеңейтуге және этносаралық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша сындарлы диалогты дамытуға мүдделілігін растады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу