Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Сенатта Қазақстан-Британ парламентаралық ынтымақтастығының келешегі талқыланды

20.05.2026 284

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорсимен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Британияның саясат, сауда-экономика және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму келешегін, сондай-ақ өзара парламентаралық іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Ольга Перепечина Ұлыбритания Қазақстанның Еуропадағы негізгі әріптестерінің бірі болып табылатынын, ал екіжақты қатынастар саяси сенімді диалог пен белсенді инвестициялық ынтымақтастықтың арқасында дәйекті түрде нығайып келе жатқанын атап өтті.

«Ұлыбритания Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда-экономикалық әріптестерінің қатарында және еліміздің экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі болып табылады. Біз британдық инвестицияны жоғары бағалаймыз және ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», - деді Сенат Төрағасының орынбасары.

Тараптар сондай-ақ екіжақты байланыстарды нығайтудың маңызды құралы ретінде парламенттік дипломатия мәселесін талқылады. Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы, оның ішінде парламенттік достық топтары мен халықаралық парламентаралық алаңдар аясындағы өзара іс-қимылдың маңызы туралы айтылды.

Тараптар кездесу барысында әлеуметтік саясат, гендерлік теңдік және әйелдер құқығын қорғау мәселелері бойынша пікір алмасты. Ольга Перепечина Қазақстан осы саладағы заңнамалық тетіктерді дәйекті түрде жетілдіріп, халықаралық тәжірибе алмасуға ашық екенін жеткізді.

«Гендерлік күн тәртібі құқықтық мемлекетті нығайтуға, әлеуметтік саясатты жаңғыртуға және мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыруға арналған кеңірек бағыттың бөлігі ретінде дамитыны бізге аса маңызды. Біз британдық әріптестермен және осы бағыттағы нәтижелі өзара іс-қимылға сенеміз», - деді Сенат Төрағасының орынбасары.

Тараптар кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан-Британ ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге және өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттардағы сындарлы диалогты дамытуға өзара мүдделілігін растады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу