Сенат депутаты Нұрлан Бекенов Ашхабат қаласында өткен Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топқа (ЕАГ) мүше мемлекеттер парламентшілерінің V форумына қатысты.
Форум қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ жаңа технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы заңнамалық шараларды талқылауға арналған алаң болды.
Форумда сөз сөйлеген Нұрлан Бекенов Қазақстанда биылғы жыл Жасанды интеллект және жаңа технологиялар жылы болып жарияланғанын атап өтті. Осыған байланысты трансшекаралық қылмыстың жаңа түрлерінің алдын алуға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отырғанын айтты.
«ЕАГ-қа мүше мемлекеттер парламентшілерінің форумы – заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл саласындағы заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды алаңы. Мұндай формат тәжірибе алмасуға, заңнаманы жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді», – деді сенатор.
Форум қорытындысы бойынша ЕАГ-қа мүше мемлекеттердің парламенттері мен құзыретті органдары жаңа технологияларды пайдалану арқылы жасалатын трансшекаралық қылмыстарға қарсы күресте күш біріктіру мақсатында халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)