Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов Душанбеде өткен «Климат өзгерісіне әрекет ету және орнықты дамуды қамтамасыз етудегі парламенттік іс-қимылдың рөлі» тақырыбы бойынша өткен өңірлік семинарға қатысты.
Парламентаралық Одақ пен Тәжікстан Республикасының Парламенті бірлесіп ұйымдастырған шарада Орталық Азия елдерінің климат жөніндегі күн тәртібіне байланысты су қауіпсіздігі мен орнықты дамудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында парламентшілер мен сарапшылар бас қосты.
Семинар барысында қатысушылар экологиялық заңнаманы жетілдіру, су ресурстарын тиімді пайдалану, климат өзгерісінің салдарын азайту, сондай-ақ осы саладағы парламентаралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.
Мұздықтардың еруі, су қауіпсіздігі мәселелері және климат жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыруға орай парламенттік бақылауды күшейтуге ерекше назар аударылды.
Қатысушылар кездесу қорытындысы бойынша орнықты даму және қазіргі климаттық қауіп-қатерге тиімді әрекет етуге бағытталған бірлескен шешімдерді әзірлеу үшін өңір мемлекеттерінің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)