Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігі және «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның қолдауымен және Жапонияның қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен Токиода Азия елдері қазақтарының шағын құрылтайы өтті. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл Жексенбай қатысты.
Сенатор жалпы отырыста сөз алып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құрылтайға қатысушыларға құттықтауы мен ізгі тілегін жеткізді.
Бибигүл Жексенбай өз сөзінде шетелдегі отандастармен байланысты нығайту, ұлттық ерекшелікті сақтау және тарихи Отанмен рухани байланысты дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, қазақ тілін қолдау, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту және Азия елдеріндегі қазақ қауымдастықтарының өзара іс-қимылы мәселелері қозғалды.
«Шетелде тұратын қазақтар біртұтас халықтың ажырамас бөлігі болып табылады. Тілді, мәдениетті және ұлттық дәстүрді сақтау, отандастар мен тарихи Отан арасындағы байланысты нығайту болашақ ұрпақ үшін маңызды», - деп атап өтті Бибигүл Жексенбай.
Сенатор Азия елдері қазақтарының кеңесін құру бастамасына ерекше назар аударып, мұндай алаңдар диаспораны жұмылдыруға, ұлттық құндылықтарды нығайтуға және өңірдегі қазақ қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Құрылтай аясында қатысушылар мәдени мұраны сақтау, Қазақ-жапон гуманитарлық байланыстарын дамыту, ұлттық мәдениетті, өнер мен дәстүрді халықаралық деңгейде насихаттау мәселелерін талқылады. Меймандарға этномәдени концерт бағдарламасы, ұлттық қолөнер көрмесі және қазақ салт-дәстүрін таныстыру шарасы ұйымдастырылды.
Бибигүл Жексенбай шара қорытындысы бойынша Жапонияның қазақ қауымдастығының ұлттық мәдениет пен ана тілін сақтау жөніндегі қызметін жоғары бағалады және шетелдік қазақтардың Қазақстанмен байланысын нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі болып қала беретінін атап өтті.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)