Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Қазақстан мен Жапония парламентаралық диалогты кеңейтуде

02.06.2026 153

Жапонияда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл Жексенбайдың жапон парламентінің мүшелері Ямамото және Хондамен кездесулері өтті. Тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ еліміздегі саяси жаңғырудың өзекті бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында сенатор жапон тарабына Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сәлемін жеткізді.

Әңгіме барысында республикалық референдум қорытындысы бойынша жүзеге асырылған конституциялық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Сенатор саяси жаңғырудың негізгі бағыттары туралы айтып, реформалардың басты мақсаты мемлекеттілікті нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғауға қосымша жағдайлар жасау екенін атап өтті.

«Конституциялық өзгерістердің басты мақсаты – жаһандық тұрақсыздық жағдайында мемлекеттілік пен егемендікті нығайту. Жаңа Конституция азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, ғылымды, инновацияны және цифрлық құқықтарды қолдау секілді ұзақ мерзімді басымдықтарды бекітеді», – деді Бибигүл Жексенбай.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін де талқылады. Қазақстанның жасанды интеллект, жасыл экономика, логистика және сирек жер металдарын өндіру салаларына жапон тәжірибесі мен инвестицияларын тартуға мүдделі екені атап өтілді. Сонымен қатар екіжақты қатынастарды нығайтуда парламенттік дипломатияның маңызды рөл атқаратыны айтылды.

Кездесуге қатысушылар ядролық қарусыздану және халықаралық антиядролық күн тәртібін ілгерілету мәселелеріне де ерекше назар аударды.

«Семей, Хиросима және Нагасаки арасындағы ынтымақтастықтың терең гуманитарлық маңызы бар. Қазақстанның халықаралық антиядролық бастамаларын қолдағаны үшін жапон тарапына ризашылығымызды білдіреміз», – деп атап өтті сенатор.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар парламентаралық диалогты одан әрі дамытуға, сондай-ақ бейінді комитеттер, жастар және әйелдер парламенттік ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін растады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу