Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Жақып Асанов Армениядағы халықаралық байқаушылар миссиясын басқарды және аймақтағы реформалар тәжірибесімен бөлісті

06.06.2026 399

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Армения Республикасындағы парламенттік сайлауда ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан (ПАА) халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі міндетін ресми түрде бастады. Сайлау 7 маусымда өтеді. Ассамблея кеңесі оны тағайындау туралы шешім қабылдады.

Сенат Төрағасының орынбасары сапар аясында Грузия мен Арменияда бірқатар кездесулер өткізіп, кәсіби және академиялық қауымдастықтар алдында тиімді басқару және жобалық менеджмент туралы дәріс оқыды.

Сенатор 3 маусымда Грузияға сапары барысында Батумидегі («ҚазТрансОйл» АҚ) теңіз портында және Батуми мұнай терминалында болды. Жақып Асанов кәсіпорын басшылығымен және қызметкерлерімен кездесуде кез келген салада қолданылатын жобалық басқарудың әмбебап құралдары туралы хабардар етті. Сенатор өз тәжірибесіндегі нақты жағдайларды мысалға келтіре отырып, жобалық тәсіл ұйымдарды дағдарыстан тез шығаруға, дүрбелеңді құрылымдарға бөлуге және нақты үдерістерді қалыптастыруға қалай мүмкіндік беретінін көрсетті.

Бағдарлама 4 маусымда Ереванда жалғасты. Жақып Асановтың Армения Үкіметі жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылары мен профессор-оқытушылар құрамы алдында сөйлеген сөзі сапардың маңызды бөлігі болды.

Сенат Төрағасының орынбасары халықаралық деңгейде мойындалған Қазақстанның құқық қорғау және сот жүйелерін ауқымды жаңғыртудың үш әмбебап сабағын таныстырды.

«Көптеген құрылымдар жұмыстың жетіспеушілігінен зардап шекпейді, құндылық тудырмайтын қажетсіз процестердің көптігінен тұншығып қалады. Нағыз көшбасшылық – бұл жаңа міндеттерді қосу емес, жүйені тазарту және шынымен маңызды нәрсеге ресурстарды босату мүмкіндігі. Өзгерістерді күтпеңіз – оларды жобалаңыз», - деді Жақып Асанов.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу