Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Жақып Асанов Армения басшылығымен өткен кездесулерде сайлауға дайындық барысы туралы пікір білдірді

08.06.2026 347

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы халықаралық байқаушылары тобының үйлестірушісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Ереванда Армения Республикасының Ұлттық Жиналысына сайлауға дайындықты мониторингілеу аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Армения Ұлттық Жиналысының Төрағасы Ален Симонянмен өткен кездесуде тараптар сайлауалды науқанның барысын, сайлау заңнамасындағы өзгерістерді және ағымдағы электоралдық циклдің ерекшеліктерін талқылады. Армения Парламентінің Спикері сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, халықаралық байқаушылардың объективті әрі бейтарап жұмысына сенім білдірді.

«ТМД ПА-дан келген байқаушылар миссиясы өз жұмысын объективтілік, бейтараптық және мемлекеттің ішкі істеріне араласпау қағидаттары негізінде жүзеге асырады. Біздің міндетіміз – тікелей бақылау мен барлық мүдделі тараптармен ашық диалог негізінде сайлау процесінің барысы туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру», – деді Жақып Асанов.

Сондай-ақ ол Армения Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Роберт Абисогомонянмен кездесті. Әңгіме барысында халықаралық байқауды ұйымдастыру, ағымдағы сайлау науқанының ерекшеліктері және байқау миссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Армения тарапы сайлаудың елдің демократиялық институттарын дамытудағы маңызын атап өтіп, халықаралық байқаушылардың жұмысы үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін білдірді. Жақып Асанов әріптестерін миссияның мониторинг жұмысы мен жоспарлары туралы хабардар етті.

Сайлауға дайындық мәселелеріне ерекше назар Арменияның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ваагн Овакимянмен өткен кездесуде аударылды. Тараптар сайлау комиссияларының қызметін, үгіт-насихат науқанының барысын, азаматтардың өтініштерін және сайлау ашықтығын қамтамасыз ету шараларын талқылады. Сайлауға 16 саяси партия мен екі сайлау блогы қатысып жатқаны, сондай-ақ сайлау учаскелерінің 99 пайыздан астамы онлайн-трансляциясы бар бейнебақылау жүйелерімен жабдықталғаны атап өтілді. Жақып Асанов ТМД ПА байқаушылары сайлауға дайындықты қысқа мерзімді мониторинг аясында қадағалап отырғанын, ал Демократияны дамыту халықаралық институтының сарапшылары ұлттық сайлау заңнамасына талдау жасап, сайлау науқанына ұзақ мерзімді бақылау жүргізгенін хабарлады.

Мониторинг аясында миссия өкілдері Арменияның Әкімшілік сотының төрағасы Карен Зарикянмен де кездесті. Кездесу барысында сайлау процесіне қатысты шағымдар мен өтініштерді қарау тәртібі, сондай-ақ сайлау даулары бойынша сот практикасы талқыланды. Байқаушылар кандидаттар мен бақылаушыларды тіркеуге, сондай-ақ азаматтардың сайлау құқықтарын қалпына келтіруге қатысты істердің қаралу тәртібімен таныстырылды.

Сонымен қатар ТМД ПА өкілдері сайлауға қатысушы саяси партиялар мен блоктармен консультациялар өткізді. Кездесулер барысында сайлау заңнамасын жетілдіру, үгіт-насихат науқаны, қатысушылар үшін тең жағдай жасау, сайлау процесіне деген қоғамдық сенімді арттыру және саяси бәсекелестік қағидаттарын сақтау мәселелері талқыланды.

ТМД ПА халықаралық байқаушылары Ереванда және елдің өңірлерінде жұмыс істеді. Дауыс беру күні миссия мүшелері сайлау учаскелерінің ашылуын, дауыс беру процесін және дауыстарды санауды бақылап отырды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу