Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Төрағасы Жақып Асанов ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Алексей Роговпен кездесті. Тараптар адам құқығын қорғау жөніндегі бұдан былайғы ынтымақтастық, құқық қорғау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесі арасындағы өзара сараптамалық іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады.
Жақып Асанов кездесуді аша келіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесімен ынтымақтастықтың көпжылдық сындарлы сипатына тоқталды. Сондай-ақ құқықтық реформаларды іске асыруда Ұйымды сараптамалық қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Әңгіме барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның қызметін одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Бүгінде адам құқықтарын қорғау дәстүрлі күн тәртібінен асып түседі. Цифрлық технологияны дамыту азаматтардың онлайн-кеңістіктегі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін талап етеді. Осыған байланысты біз үшін ЕҚЫҰ-ның халықаралық тәжірибесі мен сараптамалық жаңалықтары зор қызығушылық тудырады», - деп атап өтті Жақып Асанов.
Әңгімелесушілер сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі комиссияның қызметін жетілдіру, арнайы баяндамашылар институтын дамыту, ұсынымдардың орындалуын мониторингтеудің тиімділігін арттыру және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Бірлескен сараптамалық іс-шараларды, оқыту бағдарламаларын және құқық қорғау күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша консультация өткізудің келешегіне ерекше назар аударылды.
Алексей Рогов ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің адам құқығы, заң үстемдігі және демократиялық даму саласындағы халықаралық стандарттарды ілгерілету мақсатында Қазақстанның мемлекеттік органдармен және сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін нақтылады.
Тараптар кездесу қорытындысы бойынша әріптестікті одан әрі нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)