ҚР Парламенті Сенатының депутаты Евгений Больгерт Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) жазғы сессиясына қатысты. Сапар аясында Ассамблея басшылығымен, Еуропа елдерінің саяси фракциялары және ұлттық делегациялардың басшыларымен бірқатар кездесулер өтті.
ЕКПА Президенті Петра Байрмен кездесу барысында Қазақстан мен Ассамблея арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылдың келешегі талқыланды. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға, сондай-ақ алдағы Құрылтай сайлауына дайындыққа ерекше назар аударылды. Петра Байр өз кезегінде ЕКПА депутаттарының Қазақстандағы сайлау процестерін байқауға баса назар аударып отырғанын атап өтті.
Евгений Больгерт ЕКПА Саяси топтарының төрағалары Жолт Немет, Пабло Испанмен, Джулиан Булаймен және Франк Швабемен, сондай-ақ ЕКПА-дағы Германия ұлттық делегациясының жетекшісі Кнут Аврааммен кездесулер өткізді. Сенатор әңгіме барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер мен саяси жүйені жаңғырту туралы еуропалық әріптестерді хабардар етті.
Құрылтай сайлауын халықаралық байқауға қатысуды жоспарлап отырған Ассамблея депутаттарымен жеке кездесу өтті. Тараптар еліміздің қоғамдық-саяси даму ерекшеліктерін және Қазақстанның қазіргі партиялық сипатын талқылады. ЕКПА өкілдері республикада жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығы мен серпінді өзгерістерін атап өтті.
Евгений Больгерт сонымен қатар ЕКПА-ның Құқықтық мәселелер және адам құқықтары жөніндегі комитетінің отырысында сөз сөйледі. Онда халықаралық-құқықтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)