Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Сенат Парламента
Республики Казахстан

Новости

Үздік білім ұйымы 34 млн теңге иеленді

27.08.2021 0

Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбында білім беру қызметкерлерінің педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Аймақ педагогтерінің басқосуына Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова, Парла­мент Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева, «Talap» КеАҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков қатысты. Кеңеске Қызыл­орда қаласы және аудан әкімдері, аймақтағы білім беру ұйым­дарынан 400-ге жуық өкіл ZOOM платформасы арқылы қосылды.

– Қала, ауылдарды аралап, бірнеше мектептің жаңа оқу жылына дайындық барысын көріп шықтым. Облыс бойынша білім беру ұйымдары 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайын. Дегенмен індеттің жаңа штамдары пайда болған қазіргідей қиын кезеңде біз үшін әрбір баланың денсаулығы маңызды екенін естен шығармауымыз керек. Осыдан да облыстық білім басқармасына барлық білім ұйым­дарында санитарлық талаптар­ды қатаң сақтауды, балалар өмі­рінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы Тоқаевтың бастамасы­мен са­лада соңғы жылдары ре­фор­ма­лардың сәтті жүзеге асы­рыл­ға­нын атап өтті. Ауыл мектеп­те­рінің жағдайын жақсарту бағы­тында нақты қадамдар жасалды. Педагог және оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбекақысы биылдың өзінде 50%-ға көтеріл­се, алдағы екі жылда екі есе ұл­ғая­ды. Осы жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 32,2 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Облыстағы білім саласының биыл­ғы бюджеті 185 млрд теңге.

Жиында Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаева ин­клюзивті білім беру үшін арнайы мектеп ашу, мұғалімдердің медициналық анықтамасын әзір­леуде жеңілдіктер қарастыру се­кілді ұсыныстарын жеткізді.

Педагогтер басқосуында Ы.Ал­тынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев «Білім алушылардың білімін толықтыру жаңа оқу жы­лының басты міндеті», «Talap» КеАҚ вице-президенті Сан­жар Тә­тібеков «Техникалық жә­не кә­­сіптік білім беруді транс­фор­ма­ция­лаудың өзекті бағыт­тары» та­қы­рыптарында баяндама жасады.

Облыстық білім басқарма­сы­ның басшысы Ақзира Қасымова атқарылған жұмыстар мен ал­дағы міндеттер туралы баянда­ды. Былтырғы онлайн оқыту мек­тептердің компьютерлік паркін жаңартуға да септігін тигізді.

– Білім саласының бастапқы сатысы – мектепке дейінгі тәрбие бағытында да нәтижелі қадамдар бар. Облыста 670 мектепке дейінгі ұйымдарда 58 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Балаларды ерте дамыту институтын құрудың ал­ғашқы тәжірибесі басталып та кетті. «Алтын ұя» бөбекжай ба­ла­бақшасы цифрлы білім беру ісі­не көшті. Осы оқу жылында ті­рек білім беру ұйымдары арқылы әр ауданнан ІТ-балабақша желі­сі ашылады, – деді басқарма басшысы.

Жаңа оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 177 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 1-сыныпқа 18 мыңнан аса бала қабылданады. Оқуды дәстүр­лі форматта бас­тайтын оқушы­лар мен мұғалімдер­дің қауіпсізді­гі үшін барлық білім бе­ру ұйымда­ры «Ashyq» қосымша­сы­­на қосыл­ды. Педагогтердің 97%-ы вакциналан­ды. Оқу жылының басталуына дейін бұл көрсеткіш 100%-ға же­теді деп жоспарлануда.

Аймақ мектептері бейне­ба­қылау жүйесімен 100% қам­тылды. Былтыр 70 мектеп жедел басқару орталығына қосылса, биыл 35 мектеп ұлттық бейнемо­ниторинг жүйесінің тіке­лей ба­қылауына енген.

Ауыл мектептерінде білім ала­тын оқушыларға арналған «Мың бала» олимпиадасына 2019 жылдан бастап 27 502 оқу­шы қатысып, 174 жеңімпаз атан­ған. Екі жыл ішінде 50 оқушы ма­мандандырылған мектептерге жолдама алды. Басқарма басшысы биыл зияткерлік олимпиада қорытындысымен облыстың үздік үштіктен көрінгенін де атап өтті.

Биыл 6 жаңа білім ошағы пай­далануға берілмек. «Жаңа оқу жылында Арал ауданы Сексеуіл кен­тіндегі Президент тапсырмасымен іске асқан 300 орындық мектеп пен құрылысы инвесторлар есебінен жүргізілген 2 жеке мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Қалған 3 мектепті жыл соңына дейін табыс­таймыз», деді Ақзира Қасымова. Жалпы, алдағы 5 жылда Nur Otan партиясының жол картасы аясында 28 мектеп салынады.

Облыста инклюзивті білім бе­ру­ді дамыту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған арнайы Жол картасы жасалып, оған 4 млрд теңге қаржы қаралды. Биыл мектепке дейінгі 47 мекемеде лого­пункт ашылып, маманмен қам­тылады.

Салтанатты іс-шарада бі­лім беру ісіне елеулі үлес қос­қан үздіктер марапатталды. Об­лыс әкімі Білім және ғылым ми­нистр­лігінің «Ы.Алтынсарин» төс­белгісін Текей батыр Қарпықұлы атын­дағы жоғары колледжінің құ­рылтайшысы Мирамбек Исаев­қа, Қазалы ауданындағы №276 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бағ­дат Орымбасқа, Қызылорда қа­ла­сын­дағы №23 мектеп-лице­йі­нің ал­ғашқы әскери дайындық пә­ні­нің мұғалімі Роман Огай мен об­лыстық білім басқармасының тәрбие және өзін өзі тану жұ­мыс­­­тары бөлімінің бас маманы Шол­­пан Байғазиеваға табыстады. Со­нымен қатар Сырдария ауданы Шір­кейлі ауылы Әбірәш Жәмі­шов атындағы №129 мектеп-ли­цейі­нің ағылшын тілі пәнінің мұғ­а­лі­мі Раушан Абдраманова, Исатай Әб­дікәрімов атындағы Қызылор­да аграрлық техникалық жоғары кол­леджінің оқытушысы Рахия Әбуова, Жалағаш ауданы, «Арай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гүлбану Жалғасова мен Қармақ­шы ауданы, Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің директоры Мәуегүл Ерғалиева «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталады. Ал облыс әкімінің Алғыс хаты Арал ауданы №19 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Сембайқызына, облыстық №7 арнайы түзету мектеп-интернатының еңбек пәнінің мұғалімі Жарқынбек Кәрімбердіұлына, Жаңақорған ауданындағы №162 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мереке Әбдімәжитқызына табысталды.

Облыс әкімінің «Үздік орта бі­лім ұйымы» грантын жеңіп ал­ған облыс орталығындағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-ли­цейі ұжымы 34 млн теңге иеленді.

 

Қызылорда облысы



Дереккөз: egemen.kz: https://egemen.kz/article/286669-uzdik-bilim-uyymy-34-mln-tenhge-ielendi
© egemen.kz

Поделиться