Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Сенат Парламента
Республики Казахстан

Новости

Қазақстан-Өзбекстан: Ынтымақтастық – Арал мәселесін шешудің басты дәнекері

23.04.2022 0

Бейсенбі-жұма күндері Арал ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасының Сенаты Олий Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Оған Өзбекстан тарапынан Сенат Төрағасының бірінші орынбасары Содык Сафоев, Өзбекстанның Қазақстандағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев, Олий Мәжіліс Сенатының депутаттары қатысты. Комиссия отырысында еліміз тарапынан ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова және өзге де тиісті сала жетекшілері болды. Жиында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев онлайн режимде сөз сөйледі.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр маусым айында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Республикасына ресми сапары барысында  жоғары палата спикері,  Олий Мәжіліс Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кез­дескен еді. Мұнда екі ел арасындағы  ынты­мақтастық жөнінде комиссияның бірінші оты­рысы өтті. Кездесу барысында  «2021-2022 жыл­­дарға арналған ынтымақтастықтың Жол кар­тасы» және «Өзбекстан Республикасы Олий Мә­жілісі жанындағы заңнама проблемалары инс­титуты мен Қазақстан Республикасы Пар­ла­­менті жанындағы парламентаризм инсти­туты арасындағы ынтымақтастық туралы» мемо­рандумға қол қойылған.

Құжатта өңіраралық мә­дени-гуманитарлық өзара іс-қи­мылды, сондай-ақ халық­аралық парламенттік алаңдар желісі бойынша ынтымақтастықты күшейту мәселелеріне ерек­ше назар аударылды. Екі ел парламенті туризм, экология және су ресурстарын бас­қару, инвестиция, мәдени-гуманитарлық салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіруде өзара іс-қимыл жұмыстары негізге алынған. Соның бірі – экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге  бағытталған жұмыс ретінде  Арал теңізін құтқару және оның экожүйесін сақтау мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар ұйым­дас­тыру туралы тармақ енгізілді.

Алдымен қос тарап өкілдері Арал ауданындағы «Көкарал» бөгетіне барып, жұмысын көрді. Екі елдің Сенат депутаттарымен бірге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Экология, гео­ло­гия және табиғи ресурстар ми­нистрі Серікқали Брекешев, Су ресурстары комитетінің төр­­ағасы Нұрлан Алдамжаров бө­­гет­­тің қазіргі жағдайын ба­қы­лап, ортақ мәселелерді тал­қылады.

Бөгет басында Су ресурс­тары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров «САРАТС» жобасының екінші ке­зеңін жүзеге асыру барысын жет­кізсе, облыс әкімінің орын­басары Қайрат Нұртай Арал теңізін сауықтыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар мен фито-мелиорациялық жұ­мыстарды атап өтті.

– 2002 жылдан бастап 2008 жылға дейін «САРАТС-1» жо­ба­­сының құрылысы жүрді. Соның нәтижесінде Сол­түс­тік Арал теңізінде су кө­лемі ұлғайып, оны сақтауға мүм­кіндік алдық. Бұдан бөлек, бү­гінгі таңда «САРАТС-2» жо­ба­­сының техникалық-эконо­ми­калық негіздеме құжатын да­йындау үшін қаржы да бөлінді. Бұл құжат екі нұсқада жасалады. Соның ішінде біз­ге қажеттісі ғана бойынша әрі қарай жоспарлы жұмыс жал­ғасады. Басты мақсат – теңіз көлеміндегі суды ұлғайту, Сыр­дария өзенінің арнасын қалпына келтіру. Біздің бүгінге дейінгі арттырған 27 текше шақырым судың көлемін  «САРАТС-2» жобасы іске қосылғанда 50 текше шақырымға дейін жет­кізе аламыз. Жобаның екінші кезеңінің маңыздылығы сол, экологиялық жағдай жақсарып қана қоймай, экономикалық жа­ғынан да тиімді қадам бол­мақ, – деді су ресурстары ко­митетінің төрағасы Н.Алдамжаров.

Ұзындығы 13 шақырым болатын бөгет құрылысы Сол­түстік Аралдағы су деңгейіне оң әсерін берді. Судың тұздылығы төмендеп, ғалымдар күткен нәтиже тіркелді. Балық саны және оның түрлері өсті, микроклимат өзгере бастады. Нәтижесінде балық аулау көлемі 0,4 мың тоннадан 7 мың тоннаға дейін өсті. Арал қаласы мен теңізге дейінгі қашықтық бірнеше есе азайды.

Мұнан соң делегация Арал қаласындағы «ARAL SEA FOOD» ЖШС-ның «Ба­лық­ты терең өңдеу» зауы­тына барды. Мұнда да облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай өңірдегі ба­лық шаруашылығының да­муы туралы айтып берді. Со­ны­­мен қатар, қонақтарға балық өнімдерінің көрмесі ұсы­нылып, зауыт қызметі де таныс­тырылды. Кәсіпорын жылына төрт мың тонна балық өнімдерін шығаруға қабілетті. Еуропалық стандарт бойынша шығарылатын өнімнің негізгі түрі – ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізілетін филе. Елу адам жұмыс істейді.

Расы керек, біздің облыста су ресурстары жеткілікті. Аймақта  теңізден бөлек, екі жүзден астам көл бар. Бірқатар балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Олардың кейбірінде еуропалық сапа стандарттарына сәйкестігін растайтын «Еуро­код» енгізілген. Сондай-ақ аталған кәсіпорындар балық өнімдерінің оннан астам түрін сыртқа экспорттайды. Мысалы,  Ресей, Германия, Польша, Грузия, Литва, Қытай, Нидерланды, Чехия және Беларусь мемлекетіне аймақ өнімдері жіберілуде.

– Бүгін Сенат Төрағасының орынбасары бастаған бір топ сенаторлар мен көрші Өзбекстаннан келген әріп­тес­терімізбен бірге «Көкарал» бө­гетінде болып, сондай-ақ Арал қаласындағы балық зауытының жұмысымен танысудамыз. Был­­тыр Сенат Төрағасы Өзбек­стан мемлекетіндегі парла­мент басшылығымен кездесіп, сон­да Арал теңізі мен ондағы су мәселесі жөніндегі өзара ын­тымақтастық жөнінде ко­миссия құрған болатын. Со­ның аясында екінші отырыс Арал қаласында өтеді деп жоспарланған.

«Көкарал» бөгетіне қа­тысты, жасыратыны жоқ, мәсе­ле жеткілікті. Негізінен Сыр­­дария суын пайдаланатын Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақ­стан, Тәжікстан, сондай-ақ Түр­кіменстанның бір бөлігі де бар. Осы мемлекеттер ара­сындағы су бөлінісіне қатысты мәселе жоқ емес. Қазақстан, өкінішке орай, өзеннің соң­ғы бөлігінде орналасқан. Сон­дықтан құр­ылған комиссия не­гізінде аталған түйткілдерді заң­ды тұрғыдан шешу жолдарын қарас­тыруға жиналып отырмыз. Басты мақсат – осы Сырдария суын келісімге сәйкес бөлу, оның ішінде ең бірінші кезекте Арал мәселесін назардан тыс қалдырмау. Мемлекетаралық комиссияда шешілген судың үлесі толық бөлініп отырса, ол өзімізге өте жақсы болар еді. Тағы қайталаймын, жиналудағы басты себебіміз де сол, яғни Аралды сақтау керек, онсыз облысты да елестету қиын. Бұл бағытта Парламент Сенаты өз бағытында заңды жұмыстарын тоқтатпайды. Су Аралға келу керек, – деді журналистеріне берген сұхбатында сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатордың айтуынша, су тапшылығы жылда орын алса, қазіргі Кіші Аралдан да айырылуымыз әбден мүмкін. Ал одан шығар экологиялық зардап жалғыз Орта Азия мемлекеттері ғана емес, Ресей мен Еуропа елдеріне әсер етеді. Адамзат баласын алаңдатып отырған Арал мәселесі осы парламентаралық қатынастарда пысықтала түспек.

Кейінгі жылдары су тап­шылығына байланысты Арал теңізінен балық аулау лимиті де төмендеген. Су көбейсе көрсеткіш оңала түсе­тіні сөзсіз. Бұл – халықтың әл-ауқатының артуына бірден-бір себеп.

***

Кеше Арал қаласында ынты­мақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Сөз басында атап өтке­німіздей, жиында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев он­лайн режимде қатысып, арнайы сөз сөйледі. 

Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы тұ­рақты өкілі Якуп Бериш, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль сарап­шылық пікірін білдірді. 

Бұл кездесудің басты мақ­саты – Аралды қалпына келтіру және оның экожүйесін қорғау мәселелерінде көрші екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту. Сондай-ақ ғылым мен экология саласында білім беруге қатысты бірлескен жобаларды іске асыру.

Отырыста Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынас бүгінде бауырлас елдер тарихындағы жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Мұндай ынтымақтастық екі мемлекет үшін де маңызды.

– Екі елдің мемлекет бас­шылары Арал мәселесін шешу және трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Кезінде бірегей су қоймасы болған Арал қазіргі таңда өңірдегі елдер үшін орасан зор экологиялық проблемаға айналып отыр. Бұл ынтымақтастықты нығайту және Аралды қайта жандандыру үшін озық тәжірибе мен техно­логияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік екені сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Төраға Аралға қатысты бірқатар мәселені шешу кезіндегі оң тәжірибеге тоқталды. Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Үкіметі қар­жыландырған «Сырдария өзе­нінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының қолға алынуы және оның бірінші кезеңінің іске асырылуы маңызды қадам екенін айтты. Сонымен қатар қазіргі таңда теңіз деңгейін ұстап тұру үшін жаңа міндеттердің ауқымды кешенін қамтитын осы жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.

Мәулен Әшімбаев Арал аймағын қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмысты қолдай отырып, Халықаралық Аралды құтқару қорының плат­формасын барынша пай­далану маңызды екенін жет­кізді. Бұдан басқа, өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп бас­қарудың өзара тиімді және оң­тайлы тәртібін іздестіру ке­ректігін де тілге тиек етті.

Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев екіжақты әріптестікті нығайтуға бағыт­талған бұл отырыстың маңыз­дылығын атап өтті.

– Алашқа ана, талайға пана болған қасиетті Сыр еліне қош келдіңіздер!

Мәулен Сағатханұлы, бү­гінгі комиссия отырысын Арал өңірінде өткізуге ше­шім қабылдағаныңыз үшін сіз­ге және атсалысқан өзге де әріптестеріме зор риза­шы­­лығымды білдіремін. Екі күн­нен бері өздеріңізбен бірге «Көкарал» бөгетінің жағ­­дайымен танысып, Арал қала­сын аралап, енді ортақ мә­селелерді талқылау үшін жи­налып отырғанымызға қуа­­­ныш­­­тымын, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, су ресурс­тары­ның жетіспеушілігі және ауызсу сапасының төмендеуінен, жердің тозуы, климаттық өзгерістер әсерінен болатын өзекті мәселелерді жеткізді. Бұл ретте теңіздің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұ­мыстарының маңыздылығы да сөз болды.

– Бүгінде Президент тап­сырмасы бойынша елімізде ауқымды көгалдандыру жо­басы іске асырылуда. Оның шең­берінде бес жыл ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 1,1 млн гектарына сексеуіл көшеттерін отырғызу жоспары бар. Осылайша 2025 жылдың соңына қарай құрғаған теңіз ұлтанының ормандану алаңы бір жарым млн гектарға жуық ұлғаятын болады. Былтыр 101 мың гектар алқапта орман өсіру жұмыстары жүргізілсе, биыл тағы 250 мың гектар алқапқа сексеуіл отырғызылмақ.  Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – Арал дағдарысының қоршаған ортаға және өңірде тұратын қаншама адамның тыныс-тіршілігіне зиянды әсерін қысқарту. Сондықтан бүгінгідей кездесулер өте маңызды. Қазіргі жағдайды кешенді бағалай отырып, бір­лескен бағдарламаларды іске асыруда күш-жігерімізді бірік­тіріп, біз теңізді құтқару мен жандандыруға ғана емес, болашақ ұрпақтың игілігіне де өз үлесімізді қосамыз деп есептеймін, – деді өз сөзінде Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиын барысында қос тарап өкілдері өзекті мәселені шешу жолында әріптестік пен өзара тәжірибе алмасуға ниет білдіріп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын іс-шаралар барысын айқындады.

 

 

Дереккөз: «Сыр бойы» https://syrboyi.kz/janalyqtar/qazaqstan-oezbekstan-yntymaqtastyq-aral-maeselesin-sheshwding-basty-daenekeri-92468/

Поделиться