Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Сенат Парламента
Республики Казахстан

Новости

Аграрная наука

05.02.2018 0

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Жолдау

 

 

АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН:

ТҮБЕГЕЙЛІ БЕТБҰРЫС

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде түбегейлі бетбұрыстың бастауы болады. Дүниежүзі Төртінші өнеркәсіптік революцияға аяқ басқанда агроөнеркәсіп кешенін жан-жақты және қарқынды дамыту жолдары белгіленді. Әрине, елімізде ауыл шаруашылығын жүргізу және ұйымдастыру үлгілері әбден қалыптасқаны белгілі. Алайда, бұдан былай осы салада ескірген тәжірибе ығысып, оның орнын жаңа технологиялық қалып басып келе жатқанын көріп отырмыз.

Жаһандық жаңалықтар біздің өмірімізді түбегейлі өзгертуде. Соны алдын ала болжаған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы 2012 жылғы желтоқсандағы Жолдауында «Қазақстан-2050» стратегиялық даму бағдарламасын жариялады. Еліміз әлемдегі ең алдыңғы қатарлы  отыз елдің қатарына кіру мақсатын алға қойды.

Президент биылғы Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу және сол арқылы жетістікке жету үшін қандай міндеттерді жүзеге асыру қажетіттігін  айқындап берді.

 Елбасы бұдан бұрын да «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері болуы керек» деп атап көрсеткен еді. «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталатын еңбегінде Ұлт Көшбасшысы дамымай, біржақты ғана қалыптасқан аграрлық шаруашылықтан бас тартып, оны жетілдіру және көпсалалы мемлекет құрудың философиялық тұжырымдамасын баяндады.

Енді аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Бұдан былай қайта өңдеудің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығында ғылым жетістіктерін батыл енгізуді қолға алуымыз керек. Бұл орайда, тұтастай елімізде мол әлеует бар. Әсіресе, еліміздегі аграрлық жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдарын пайдалана білсек, жаңа технологияларды трансферттеуге де мүмкіндік аламыз. Осы және агроөнеркәсіп кешені жөнінде Жолдауда белгіленген міндеттерді толық іске асырғанда ғана алдағы бес жылдықта бұл саладағы еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есе арттыруға қол жеткіземіз.

Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет. Осыған орай аграрлық университеттер диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс.

Елбасы Жолдауда: «жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі» - деп атап көрсетті. Бұл орайда Мемлекет Басшысы аграрлық білімнің дамуына, оның деңгейін инновациялық деңгейге жеткізу, білім мен ғылымның байланысын одан әрі тереңдету жөнінде айтып отыр.

Сондықтан, негізгі мақсат: «Білім – Ғылым – Өндіріс» болу керек. Сонда ғана инновациялық білім мен инновациялық инфрақұрылым дамып, жоғарғы оқу орындарында корпоративтік орта құрылады.

Бүгінгі талап, жоғарғы оқу орындарына қойылып отырған мақсат – жоғарғы оқу орнын бітіретін жас мамандарды инновациялық экономикаға бейімдеу.

Аграрлық институттар оқу бағдарламаларын мемлекеттік стандарттармен қатар, қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, жоғары өнім алып жүрген шаруашылықтардың сұранысын ескере отырып жоспарлауы керек. Сол кезде өндіріс пен оқу орнының арасында тығыз байланыс орнайды.

Тағы бір ескеретін мәселе – студенттердің жоғарғы курстарда өтетін практикаларға барғанда ол қай салада, қандай мамандық бойынша жұмыс жасайтынын білуі керек. Сол сала бойынша қазіргі заманғы технологияны қолданатын шаруашылықта практикадан өтіп, соған байланысты дипломдық жұмыстарын дайындап, магистратурадан өтіп, кандидиттық және докторлық диссертациясын қорғаса білікті маман ретінде тәжірибе жинақтаған болар еді. Сонымен бірге, өз саласында ғылыммен жетік қаруланған маман болуына сенімді негіз қалайды. Мұндай маман ғылымда да, тікелей өндірісте де теория мен практиканы сәтті ұштастыра білетін тұлға ретінде қалыптасады.

Ақтөбе облысын мысалға алар болсақ, мұнда облыс әкімінің бастамасымен осындай жұмыстар қолға алынды. Қазір облыс әкімдігі мен 4 аграрлық жоғарғы оқу орны арасында, соның ішінде көршілес Ресей Федерациясының Орынбор мемлекеттік аграрлық университетімен меморандумға қол қойылып, тығыз іскерлік байланыс орнатылды.

Келесі бір өзекті мәселе, ол осы саладағы кадр дайындау саясаты. Сол мамандарды даярлайтын жоғарғы оқу орындары Ауыл шаруашылық министрлігіне бағынышты болғанымен, мемлекеттік гранттарды бөлетін Оқу және білім министрлігі. Менің пайымдауымша, бұл мәселені де  АШМ-нің құзырына берсе, ауыл шаруашылығы унивеситеттері аграрлық өнеркәсіп кешенінде сұранысы мол мамандар даярлауға бет бұрған болар еді.

Қазір осы мал дәрігерлік мамандықта қызмет жасап жүргендердің орташа жасы 50-дің үстінде және жалақы мөлшері де 50-60 мың теңге аралығында. Осы жағдайды көріп, университет қабырғасынан енді шыққан жастардың ауылға барып еңбек етуге аса қызығушылығы жоқ. Демек, жастарды ауылға тартудың неғұрлым тиімді жолдарын қарастыру керек.

Елбасының бастамасымен 1993 жылғы 5 қарашада «Болашақ» Халықаралық стипендиясы тағайындалған болатын. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің басым секторлары үшін дүниежүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алған, жаһандық талаптарға сай келетін білікті маман даярлау.   Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырдан астам уақыты аралығында даярланған сол мамандарды тікелей ауыл шаруашылығына, аграрлық ғылымды өрістетуге тарту керек. Мемлекет қамқорлығына лайықты қайтарым болуы тиіс.

Жас мамандарды ауылға тарту үшін, оларға берілетін көтермеақыны шартты түрде 5 жылға қайтарусыз беріп,  егер маман бұл мерзімді сақтамаса, көтермеақыны кейін қайыруға міндеттеу керек. Сонымен бірге осы салада мемлекеттік қызметте жұмыс жасап жүрген мамандарға жоғарыда аталған мемлекеттік қолдау көрсетілсе деген ұсыныс бар.

Жолдауда: «егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе артыруға болады.

Осыған орай, Ақтөбе облысында агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру белсенді қолға алынуда. Мысалы, суармалы жерлерді игеру үшін «ақылды технология» бойынша суару машиналары ауа райына байланысты қай уақытта және тәулігіне қанша рет, қандай тереңдікте, қалай суаруды өзі компьютер арқылы анықтайды. Агротехника жолға қойылған бірқатар ірі шаруашылықтарда егіс алқаптарына тұқым салған кезде электрондық құралдардың көмегімен ауа райының ауытқу ерекшеліктеріне қарай суарылады. Зиякестермен күрес те озық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатындықтан егіс алқабының қай нүктелерінде мұндай қауіптің басым екендігі дәл анықталып, тиісті шаралары жасалады.

Ал «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мал союда қалдықсыз технология қолданылады. Яғни, сойылған мал тұтастай терең өңдеуден өтіп, дайындалған өнім сұраныстарға сәйкес жасалған келісім-шарт бойынша тиісті жерлеріне жіберіледі.

Сол сияқты, сиыр сүтін өндіріп, өңдеумен айналысатын «Аис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ең озық технологиялар қолданылады. Цифрландыру нәтижесінде мұндағы әрбір сауын сиыры ерекше бақылауға және күтімге алынған. Мәселен, сауынға келген сиыр белгілі бір тексеруден өткенде оған орнатылған электрондық қондырғы арқылы оның барлық жәй-күйі: өнімділігі, денсаулығы, азықтану мөлшері тағы басқа жөнінде бірден ақпарат алынады. Егер сауын сиыры ауырып немесе басқа да жағдайда болса, сауын сиырлар өтетін қақпа оған жабылып қалады да, ол ветеринарлық дәрігердің «қабылдауына» баратын қақпаға қарай өтеді.

Ақтөбеде голландиялық технологиямен «қаруланған», замануи жылыжай кешендері жылына шамамен 10000 тонна көкөніс өндіріп, облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, артық өнімді экспортқа да шығара алады. Жылыжай кешендері осы бағыттағы ғылым жетістіктерін өндіріске тиімді пайдалануда.

Міне, өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып, ауыл шаруашылығы  тауарларын өндіріп жатқан компаниялардың өнімдері Президент атап көрсеткен «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендіне әбден лайық деп айтуға болады. Әрине, агроөнеркәсіп кешенінде әлемдегі ең үздік, жаңа технологияларды трансферттей отырып, оларды өзіміздегі табиғи және басқа да ерекшеліктерге қарай отандық жағдайға бейімдеу қажет. Былайша айтқанда жаңа технологияны «жерсіндіре» білу керек.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында мен де әріптестерім секілді Ақтөбе өңіріне барып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен, мал дәрігерлік-ветеринарлық және жер қатынастары салаларының өкілдерімен кездестім. Түйінді мәселелер бойынша ашық пікір алысып, кең әңгімелестік.

Жалпы ауылдағы жағдай осыдан бес-он жылға қарағанда түбегейлі өзгерді. Қолындағы малын, меншігіндегі жерін тиімді пайдалана білген ауыл еңбеккерлері далада қалып жатқан жоқ. Әрине, ел іші болған соң жалқаулар немесе іске икемсіздер кездесетіні жасырын емес. Бірақ, кейбіреулердің «ауыл құрып жатыр» дегеніндей, орынсыз байбалам салудың реті жоқ. Қазір мемлекет тарапынан ауылға беріліп жатқан көмекті, қолдауды тиімді пайдалана білген отандастарымыз кішкентай шаруашылықтарының өзін дөңгелентіп жатыр.

Жолдауда: «Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды  кооперациялау қажеттігін күшейтеді» - деп атап көрсетілгендей, қазір кооперативтер құрылуда. Осы орайда, қолданыстағы заңнамалық актілерді қайтадан қарап, кооперативтерді мемлекеттік қолдаудың шараларын қарастыру қажет деп есептеймін.

Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыру үшін дамыған шетелдік технологияларды батыл пайдалану қажет. Өзімізде де қазіргі уақытта әр өңірде замануи технологияларды пайдаланып жұмыс жасап жатқан, сол арқылы көл-көсір пайда алып келе жатқан шаруашылықтар баршылық. Олар өндірген өнімдер шетелдерде үлкен сұранысқа ие болып келеді.

Міне, осындай озық технологияларды пайдаланып жатқан кәсіпорындардың жұмысын басқа шаруашылықтарға, кәсіпорындарға насихаттау керек. Ол үшін аумақтық семинар-кеңестер, көрмелер, шеберлік сабақтарын ұйымдастыру қажет деп есептеймін.

Соңғы уақыттары жаһандық азық-түлік дағдарысы жақындап келе жатқаны жөнінде жиі айтылып та, жазылып та жүр. Алдағы ширек ғасырда планета тұрғындары 9 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Соған қарай, азық-түлік тұтыну көлемі де өседі. Бірақ, экологиялық дағдарыс салдарынан құнарлы жер азайып барады. Әлемге ашаршылық қаупі төніп келеді. Ендеше аграрлық әлеуеті зор, табиғи жағдайы қолайлы елімізде бұған қарсы тұру үшін бірінші кезекте ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту керек. Демек, осы салаға мемлекеттік қолдауды үдемелету қажет. Сонда ғана еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қаматамасыз ете аламыз.

Қазіргі агросаясат ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаумен бірыңғай айналысып кетпей, ауыл экономикасына қатысы бар субьектілердің бәрін қамтуы тиіс. Бұл  экономикалық өсімге де, демографиялық өсімге оң ықпал етері анық. Сондықтан Елбасы Жолдауы аграрлық саясатты замануи құбылыстарға қарай жетілдіруді қажет етеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан көптеген елдерге қарағанда ауыл шаруашылығының таза өнімдерін өндіруші ел болып табылады. Сондықтан, аграрлық экспорттық өнімге сұраныс та көп. ХХІ ғасыр – экологиялық таза тағам дәуірі. Өзіміздегі шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығарғанда ғана халықаралық нарықта бәсекеге қабылетіміз артатыны сөзсіз.

Осы орайда, мал шаруашылығында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету –  еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыптылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне кепіл болары анық.

Алайда, ветеринарлық салаға реформалау жүргізілгенімен, біршама кемшіліктер бұрынғыша қалып, бірқатар мәселелер әлі де шешімін күтуде. Ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері туралы үнемі дабыл қағылып жүргені белгілі. Әрине, бүгінгі күні эпизоотикалық жағдай тұрақтанып келе жатқанын да айтуымыз керек. Дегенмен кейінгі жылдары республика бойынша қайталанып  отырған аса қауіпті мал аурулары бұл салаға ерекше көңіл бөлу қажеттілігін де  айқындап отыр. Адамға, көпшілік ретте, ауру малдан немесе оның өнімдерінен келеді. Сондықтан да, «Медицина адамды, ал ветеринария адамзатты емдейді» деген ежелден келе жатқан мағыналы сөз тегін айтылмаған.

Соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық комитетінің қызметі едәуір шектеліп, жергілікті атқарушы органдарға олардың бірнеше функциялары, яғни  ветеринарлық бақылау, қадағалау, айыппұл салуға тиісті құжаттар дайындау тағы басқалар берілген болатын. Бұл ретте, мемлекеттік органдардың құзыреттерінің аражігін бөлу туралы шаралар, негізінен функцияларды біріншісінен екіншісіне ауыстырумен ғана шектелді. «Малшы көп болса – мал арам өледі» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған болар, сондықтан да осы мәселеге де көңіл аударған жөн. Оны өмірлік тәжірибенің өзі көрсетіп отыр.

Агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі жәй-күйі мен келешегі туралы ой-пікірімізді түйіндей келе, бұл саладағы түбегейлі бетбұрыс ауыл шаруашылығының сапалы, әлемдік бәсекеге қабылетті өнімдерін өндіруге бағытталуы тиіс деп есептеймін. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден еңбек өнімділігі мен өнім сапасын талап етумен қатар, сол міндеттерді іске асыру үшін оларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қажет.

 

«Егемен Қазақстан»

2015 жылғы 5 ақпан

Поделиться