Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ACТАНА - AҚШАМЫ

31.05.2018 0

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Сәуле Айтпаева: БАЛАНЫ ҚОРҒАУ ТУҒАНЫНАН БАСТАЛАДЫ

Біздің қоғам балаға қатысты қылмыстан күңіреніп тұр. Туа сала дәретханаға лақтыру, зорлау, өлтіру, сату, еңбегін қанау, ерте жүктілік, суицид деп тізіліп кете береді. Құзырлы органдар әр қылмыстың түпкі себебімен емес, зардабымен күреседі. Адамдар кінәліні іздеуге құмар. Сонда тығырықтан шығатын жол қайсы? Жаһанданған заманда қатер мен қылмыстың қақпанының аузында қалған қорғансыз ұрпақты кім, қалай қорғайды? Осы тақырып бойынша Сенат депутаты, ҚР Әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Сәуле Айтпаевамен ашық сыр-сұхбат жүргіздік.

Баланы кімнен қорғаймыз?

- Сәуле Мұханбедианқызы, Шымкенттегі баланы зорлау оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл қылмыстық істің ақыры не болды? Неліктен құзырлы органдар осы қылмыс халыққа әшкере болғаннан кейін әрекетке көшті. Балаға қатысты қылмысқа келгенде неге біз себептерімен емес, зардабымен күресеміз? Мұндай масқараға еті өліп кеткен қоғамда балаларды қалай қорғаймыз?

- «Қоғамның еті өліп кетті» деген әлеуметтік желідегі пікір кімдікі? Ал қоғамның жантүршігерлік қылмысқа бей-жай қарамауының өзі мұндай масқараға төзе алмайтынын көрсетті. Осы қылмыстық іс бойынша сараптама тағайындалды. Онымен Әділет министрлігінің республикалық сот сараптамасы орталығының мамандары айналысуда. Әр баланың құқығына немқұрайды қарамайтын жандардың бәрі осы «істің» ақырының немен бітетінін бақылап отыр. Құзырлы органдар тиісті іс-шараларды атқаруда. Мұндай қылмыстың болуына не себеп? Меніңше, қоғамда идеология жоқ. Әр балаға өз анасындай, әкесіндей қарауға тиіспіз. Бұрын мұғалім сөмкесін дұрыс жинамаған оқушыдан сұраушы еді. Бүгін балаға артық сұрақ қоюдан да именеді. Өйткені қазір көп ата-аналар қит етсе полицияға жүгіреді. Мысалы, сол зорлық көрген баланың сүлесоқ түріне мұғалім неге назар аудармады? Мәселенің түп-тамыры тереңде жатыр. Біз әр нәрсеге кінәлі адамды іздей бастаймыз. Өзімізді кінәлі деп сезінбейміз. Күрделі мәселенің бірі - осы. «Себеппен емес, зардабымен күреседі» деген сауалды дұрыс қойдыңыз. Біздің елімізде заңдық негізде барлық мәселе шешілген. Тиісті заңдар қабылданды, халықаралық конвенциялардың бәріне қосылдық. Балаларды қорғау қатысты арнайы 15 заңымыз бар. Сол заңдарда құзырлы органның не істеу керектігі ап-анық жазылған. Яғни, балаларды қорғау механизмі бар. Жыл сайын еліміздегі балалардың жағдайы туралы баяндама жарияланады. Онда балаға қатысты мәліметтің бәрі бар. Әлеуметтік көмектің жол картасы жасалған, нақты нәтижесін көретініміз анық. Мұндай қылмыс неге көбейді? Қарап отырсақ, қазір есейген ұрпақ сонау 90-шы жылдардағы құлдырауды көзімен көргендер. Мұғалім мектептен, дәрігер ауруханадан кетіп, күнкөріс қамымен базар жағалады. Әке-шешесінің осы жанталасын көріп өскен балалар ақша табуды бірінші орынға қойды. Демек балаларды кінәлау орынсыз. Баланы қорғау шырылдап дүниеге келгені сәтінен басталады. Оны тудырған адамнан, өзінің тасбауыр анасынан қорғауымыз керек.

Жаһанторды жүгендейміз бе, баламызды бақылаймыз ба?

- Қазір мыңдаған балалар жаһанторда «отыр». Ол адам өлтіру, зорлық-зомбылық, порнография және т.б. бейәдеп, лас ақпаратқа толы. Бұл жерде мемлекет баланы қорғауда қандай саясат жүргізгені жөн? Заң қабылдау мәселені толық шешпейтіні анық.

- Менің білуімше, балалардың заңсыз контентке қолжетімділігін шектейтін заңнамаға енгізілген түзетулер Мәжілісте талқылануда. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, ерте жүктілік және т.б. фактілер туралы заңды бұзушыларға жауапкершілік енгізіледі. 2017 жылы 29 желтоқсанда «Білім беру туралы» заңға өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, білім беру ұйымдары байланыс операторларынан сүзгіден өткен қауіпсіз ғаламторды сатып алуға міндеттелді. Сондай-ақ ҚР отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру іс-шараларына сәйкес, балаларды ғаламтордағы зиянды ақпараттан қорғау үшін ата-аналарға ақпараттық курс әзірленді. Алайда бұған ата-аналар: «қолымыз тимейді», «уақытымыз жоқ» деген уәж айтуы мүмкін. Той-думанға баруға уақыт табатын үлкендердің өз баласының қауіпсіздігіне қатысты дәріске баруға ниетінің жоқтығына қынжыламын. Шындығын айтсақ, ата-ана мен баланың арасы алшақтады.  Кітап оқитындар азайып барады. Дастархан басында бірге ас ішіп отырып, баласына қауіпсіздік туралы айтуға болады ғой. Біреу шай ішсе, екіншісі ұялы телефонға телміріп отырады «Сақтансаң сақтаймын» деген нақыл сөзді неге ұмыттық? Ұлттық салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту керек.

Осыған орай Президенттің тапсырмасымен Білім беру және Денсаулық сақтау министрлі «Сандж» қоғамдық қорымен бірлесіп жүргізген сауалнаманың қорытындыларын мысалға келтірейін. Сауалнама не көрсетті? «Балалар бос уақытын қалай пайдаланады?» деген сауалған 12-15 жас аралығындағы балалардың 30,70%-ы (31%-ға жуығы) «ғаламторда, әлеуметтік желілерде отырамын» деп жауап қатқан. Ол түгілі, балабақшадағы балақайлардың өзі смартфонмен ғаламторды пайдалана алады.  20 %-ы ғаламтордан алынған дискіден кино көреді екен. Мұның арты не болары беймәлім. Сауалнамаға қатысқандардың 21,9 %-ы – аулада футбол ойнайды, секцияларға барады, 16%-ы сурет салады, шахмат ойнайды, музыкамен әуестенеді, 11,9%-ы клубтарға, би кештеріне барады, 2,8%-ы ақша табады. Бір таң қаларлығы, 1,9%-ы «бос уақытым жоқ!» деп үзілді-кесілді жауап беріпті. Сонда олар немен айналысады? Біз үшін әр бала маңызды. Әр бала ұлтымыздың келешегі, ұлттық капиталымыз. Ертеңіміздің не болатыны осыдан көрінеді емес пе?  Қуантарлығы сол, балалардың 43,9%-ы «сабақ оқимын, өз күшіммен білімімді жетілдіремін» деп жазыпты. Үй тапсырмасын үйде жазады емес пе?!. Бұрын ата-аналар баласына сырттан келетін жағымсыз нәрседен сақтанатын-ды. Ал бүгін ондай қауіп экрандағы ақпаратпен келеді. Ата-анасы күні бойы жұмыста болғанда баласы үйде немен айналысады? «Көк кит» оқиғасы есіңізде шығар. 2017 жылдың 1-ші қаңтарында ғаламторда «Көк кит» деп жазып іздеу тетігін басқан 1883 адам тіркелсе, наурыз айында бұл көрсеткіш 930 150-ге көбейген. Ақпарат қандай жылдамдықпен таралатынын бағамдай беріңіз. «Көк кит» тобы жас балаларды өзін өзі өлтіруге итермелеген оқиғалардың дәлелденбегеніне қарамастан, ІІМ ата-аналарға өз балаларыың виртуалды өміріне бақылау жасауға кеңес берді. Бұл ұсыныстың негізі бар. Тағы да «Сандж» қоғамдық қоры жүргізген зерттеулерег көз жүгіртелік. Сұрау салынған 17-19 жастағы бозбала мен бойжеткендердің 45,70%-ның әке-шешесі баласы компьютерде қандай онлайн-ойындарды ойнайтынына назар аударады екен. 59%-ның ата-анасы қандай сайттарды көретінін, 65%-ы әлеуметтік желілерде кіммен хат жазысатынын білгісі келетінін айтқан. Орта есеппен алғанда ата-аналардың 81%-ы балаларымен ғаламтордағы қауіпсіздік туралы сөйлесетіні анықталды. Алайда көп балалы отбасыларда бұл көрсеткіш 67,2%-ды құраған. Біз тек ғаламтор туралы айттық. Бұдан басқа электрондық тәуелділік (ұялы телефонға, әлеуметтік желілерге), ғаламтордағы серфингке тәуелділік деген бар. Шындығына келсек, балалар қазір қандай бейнеойындар ойнайтынын білмейміз. Сол себептен үйде ата-анасы, мектепте мұғалімі баламен әңгіме өткізуге міндетті. Сынып сағаты дегенді қалпына келтіруіміз керек. Ауылдағы мектептерде тегін спорт үйірмелерін қайта ашайық. Әр баламен ашық, жылы сөйлескенде ғана мәселені түсіндіре аламыз.

Бала суицидті ата-анасын қорқыту үшін жасайды

- Балалар суициді бойынша еліміз ТМД-да алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Бұл қылмысты азайту үшін қандай нақты қадамдар жасаған жөн? Мысалы, елордалық прокурорлар баланың ата-анасын жазалау керек деген ұсыныс айтты. Сіз бұған не дер едіңіз?

- Ойлап қарасақ, бұл мәселенің шешімі емес. Мысалы, бір отбасындағы бала ғаламтордағы азғырудың қақпанына түсіп қалды делік. Жоғарыда айтқанымыздай, ата-анасы бақылаусыз қалдырды. Бірақ бала суицид жасағысы келмеді. Оны итермеледі. Кім кінәлі? Бұдан бөлек жағдай да бар. Әке-шешесі баласына ойыншық және т.б. сұраған нәрсесін сатып алудан бас тартты. Ал бала мұндай жағдайға дайын емес. Суицидке барды немесе жасауға әрекет етті. Өзіңіз ойлаңызшы, бұл үлкен қайғы. «Жығылған үстіне жұдырық» деп ата-анасын жазаласақ не болмақ? Әлгі бала өмір бойы өзін кінәлайды. Ата-анасы жаман болса, баласын аямайды. Бұдан қоғам не ұтады? Немесе қылмыстық жазаға тартылған әкесі не анасы түрмеге кетеді. Басқа баласы жетім қалады. Егер де ата-анасы қасақана өз баласын суицидке мәжбүрлесе, қылмыстық кодексімізде арнайы баппен жазаланады. Оның мәжбүрлегені факті, оқиға, материалдармен толық дәлелденген жағдайда түрмеге қамалады. Қандай жазаға тартылатынын сот шешеді. Демек балаға дұрыс тәрбие беруді бірінші орынға қоюымыз қажет. Бала өмірдегі кез-келген жағдайға дайын болуы тиіс. Суицид бойынша Қазақстан ТМД-да алдыңғы орын алады дегенмен келіспаймін. Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінен алынған ресми деректерді келтірейін. 2016 жылы еліміздегі жастардың даму көрсеткіштері жазылған жаһандық индекс жарияланды. Осы құжатты Қазақстан балалар мен жасөспірімдер суицидінің алдын алу бойынша 7 мемлекеттің арасынан 2010-2015 жылдары 10%-ға алға жылжығаны айтылған. Ал Украинадағы жағдай – 9%-ға, Әзербайжанда - 8%-ға нашарлаған. Меніңше, балалар суицид өлімге апаратын жол екенін түсіне бермейді. Көптеген суицидтердің себебі біреу: бала ата-анасын қорқытқысы келіп, әрекет жасайды. Ұялы телефоны сатып әпермегені үшін, киноға жібермегені үшін суицид жасамақшы болады. Бұл мәселе келесі жолы шешілетінін түсінбейді. Мойынға салатын тұзақ, ішетін дәрі өлімге алып баратынын білмейді. Демек ата-ана мен баланың арасындағы сенім жойылып барады деген сөз. Бұдан бізді құтқаратын бір ғана жол бар. Ол – атаның ақылымен, ананың сүтімен берілетін салт-дәстүрлерімізді әр баланың санасына сіңіру, күнделікті ұстану. Қазақ баланы бұрын қалай тәрбиеледі? Қазір қалай тәрбиелейді? Әр бала – үйдің бақыты. Онда неге жас қыздарымыз, әйелдеріміз оны туа сала дәретханаға тастап кетеді. Құзырлы органдар тауып алғанда: «асырауға мүмкіндігім болмады», «тұратын үйім жоқ» деген уәж айтады. Ал біздің ата-аналарымыз қалай өмір сүрді. Қандай қиындық болса да, еш мойыған жоқ. Киіз үйлерде өмір сүрді, бір бөлмеде 10 адам жатып, ұйықтады. Ал бүгін титтей қиындық көрсе, қара басының қамын күйттейді. Бұрын қазақтар бір-бірінің үйіне сұраусыз баратын-ды, ал бүгін туыстардың өзі «біз қонаққа барсақ бола ма?» деп телефон шалады. Ұлттық дәстүрлерімізден алыстасақ, қайда барамыз? Бала үлкеннен көргенін істейді. Бір жоыл мынадай жайтқа куә болдым. Пойыздың бір вагонында екі атамен сапарлас болдық. Құдалықтан келе жатқан кезі екен. Мені таңқалдырғаны – әлгі ақсақалдар өткен тойды, кімнің қандай көйлек кигенін талқылап, әңгімелеумен болды. Біздің бала күнімізде ата-анамыз қандай әңгіме айтатынын есіме түсірдім. Мысалы, менің әкем мен атам өз көршісімен шөп шабатын кезең, «Урал» деген мотоциклдің неге от алмайтыны, көрші тұратын аурушаң ақсақалға сездірмей бір арба шөп тасып беру сияқты әңгіме айтушы еді. Түнде олар әлгі көршісінің арбасын алып, шөп тиеп, түсіріп қоятын-ды. Біз үлкендердің, ата-әкенің аузынан осындай ұлағатты әңгімені естіп, өстік. Таңертең аялдамадан өтіп бара жатқанда 5 еркек, 1 әйелдің тұрғанын көрдім. Қазақтың әйелі шылымын бұрқыратып тұр, жанында баласы бар. Мұны көрген бала қандай тәрбие алады? Жуырда 9 жасар бала жоғалып кетіп, 4 сағаттан кейін табылды. Өзінің айтуынша, бапкерімен ұрысып қалып, үйіне өзі бармақ болған. Яғни, бала кішкентай қиындыққа төзе алмады. Ата-ана да, мектептегі мұғалім (бапкер, тәрбиеші т.б.) де әр баланы осыған дайындауы тиіс. Бұрын мұғалім екінші ата-анасы болатын. Қазір ешкімнің баламен шаруасы жоқ. Мәселенің көкесі осы.

Төсек қатынасын сұлулық деп түсінетін болдық

- Қазақстанда жасөспірімдердің 10 %-s 14 жасқа дейін, 50%-ы – 19 жасқа дейін жыныстық қатынастың «дәмін татады»! Жыл сайын еліміздегі 15-тен 19 жасқа дейінгі 20 мың қыз жүкті болып, соның ішіндегі 10 мыңы – түсік жасатады екен. Осындай статистика Сарыарқа аудандық прокуратурасында өткен бір жиында айтылды. Шындығына келсек, біздің қоғам бұл мәселені әрі-бері талқылаудан аса алмайды. Нақты іс-қимылдар жоқ. Не істеуіміз керек?

- Шынымды айтсам, Сарыарқа аудандық прокуратурасы мұндай статистиканы қайдан алғанына таңқалдым. Бәлкім, прокурорлар халықтың арасына барып, жеке сауалнама жүргізген шығар. Мен сізге ресми мәліметтерді айтайын. Ұлттық экономика министрлігі шығарған 2012-2016 жылдарға арналған «Қазақстанның ерлері мен әйелдері» атты баяндамада балалардың құқығы туралы бөлім бар. Енді осыған көз жүгіртелік. Ресми мәліметтер бойынша, елімізде 2017 жылы 0-ден 19 жас аралығындағы 2 953 509 (3 млн-ға жуық) тұрғын тіркелген. Мәселен, өткен жылы елімізде 15 жасқа дейінгі -16, 15-18 жас аралығындағы - 1418 жасөспірім түсік жасатқан. Бұл ресми медициналық мекемелер берген мәлімет. Назар аударатын жайт, бұл статистикаға 18-19 жастағыларды қосқан. Кәмелеттік жасқа толғанда тұрмысқа шығуға рұқсат етіледі. Статистикалық мәліметтерге (Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті) сәйкес, 2018 жылдың 1-ші тоқсанында кәмелет жасына толмағандармен жыныстық қатынас жасаған қылмыстардың саны 2017 жылдың 1-ші тоқсанымен салыстырғанда 2,1 %-ға (2017 – 229, 2018 - 183) кеміген. ҚР Қылмыстық кодексінің 122 бабы бойынша («18 жасқа толмағандармен жыныстық қатынаста болу» деп аталады) жасалған қылмыстар 6,8%-ке (303-тен 96-ға) азайыпты. Осы бап бойынша зардап шеккендердің 91 %-ы 14-16 жастағы жасөспірімдер. Негізгі фактор - кәмелет жасына толмағандардың жыныстың қатынасқа ерте түсуі. Мұның себебі, өнегелілік идеалдардың, моральдық принциптердің төмендеуінен болып отыр. Мысалы, «МузТВ» деген арнаны қосыңызшы. Жағаңызды ұстайсыз. Отандық жас әртістер төсек қатынасын әнге қосқан музыкалық клиптерін ашық көрсетеді. Әсемдік ретінде табиғат көрінісін түсіруге болады ғой. Бірақ әсемдік, сұлулық дегенді басқаша түсінетін болдық. Тіпті көшеде күндіз жас қыз-жігіттер құшақтасып, аймаласып, сүйісіп тұрады. Өздері оны еркіндік деп түсінеді. Меніңше, бұл еркіндік емес. Моральдық, отбасылық құндылықтарымыздың құлдырады. Бүгінгі жастар отбасын құруға жеңіл-желпі қарайтын күнге жеттік. Соның нәтижесінде қаншама жас жұбайлар ажырасып, оның кесірі балаға тиюде. Қазір паналайтын жері, ештеңесі қалмаған қыз-келіншектеріміз қаншама?!. Ерте некеге отыру туралы. Әділет министрлігі берген ресми деректе 2017 жылы елімізде 16-17 жас аралығындағы 786 неке (2016 жылғы көрсеткіш - 1140) тіркелгені айтылады. Кәмелетке толмағандардың көпшілігі некесін ресми тіркемейді. Мешітке барып, некесін қия салады. Олай болса, мешіттер де ондай мәліметтерді құзырлы органдарға беруі керек. Тағы бір статистиканы келтірейін. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бйоынша, 2016 жылы елімізде 5626 жасөспірімдер арасындағы жүктілік тіркелген. Соның ішінде әр төртіншісі (24%-ы) түсік жасатыпты. Мұның салдары өте аянышты. Сол жасөспірімдер тұрмысқа шыққанда бала көтере алмайды. Осындай оқиғалар Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында көп. Сіз нақты іс-қимылдар жоқ дейсіз. Оның бәрі ереже, заң, конвенцияларда тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ онымен өмір сүруіміз керек. Мәселенің түп-тамыры отбасындағы тәлім-тәрбиеден басталады. Ұят дегенді қаршадайынан әр баланың санасына сіңірген жөн. Ал ата-анасы қандай үлгі-өнеге көрсетсе, бала соны сіңіреді.

Бала сату бизнеске айналды

- Қазіргі кезде қанатын кеңге жайған қылмыстың бірі – адам саудасы. Соңғы жылдары елімізде қанша бала сатылғаны жөнінде шындыққа жақын мәлімет бар ма? Балаларды мұндай қылмыстан қалай қорғаймыз?

- Дүние жүзінде бала сату бизнеске айналды. Миллиондаған балалар физикалық, сексуалдық зорлықтың құрбаны болуда. Өкініштісі сол, Қазақстанда да бұл қылмыс азаяр емес. 2015 жылы жаңа кодекс қабылдадық. 2015-2017 жылдары және 2018 жылдың 4 айында елімізде 79 (65-і сотқа жіберілді) қылмыс тіркелді. Мұның 93%-ы заңсыз бала асырап алуға жатады. Осы балаларды қайтару, құтқару, қорғау үшін еліміз көп халықаралық келісімдерге қосылды. Қарекетсіз отырған жоқпыз. Құзырлы органдар жұмыс істеуде. Жалпы алғанда, бізде балаларға қатысты барлық статистика болуы керек. Жетім балалар, мигрант балалар, мүгедек балалардың тіпті қанша әйелдің баласы дені сау болып тумайды дегенді де алдын-ала білуге тиіспіз. Шетелдерде көршісі жүкті екенін көрсе, хабар береді. Мұның артықшылығы бар. Мысалы, неге жаңа туған нәрестені дәретханаға лақтырып кетіп жатыр. Сол әйелдер ешқайда тіркелмейді, тіпті жүкті екенін ешкім білмейді. Егер оған әке-шешесі көмектесе алмаса, басқаларға жүгінсін. Жүкті болған екен, баланы аман-есен туғызып алудың жолын қарастырсын. Бұл жерде кеселмен күллі қоғам болып күрессек қана, нәтижеге жетеміз. Бала сату қылмысына ешкім немқұрайды қарамауы тиіс. Адам өз баласын қалай біреуге сатады? Хайуандардың өзі баласын өлтірмек түгілі, қорқытып-үркітуге жол бермейді. Ал адам санасы бар, жаратылыс иесі ғой. Кез-келген жағдайда ақыл-ес, сана бірінші орында тұруы тиіс деп ойлаймын.

- Сәуле Мұханбедианқызы, салиқалы сұхбатыңызға көп рахмет айтамын. Ел, ұлт үшін жасап жүрген еңбегіңізге мол табыс тілеймін!

 

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ        

 

 

Поделиться