Сенатор Лукпанов С.Е. выступил содокладом на заседании Комитета по проекту Закона РК
«Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша
Баяндама
Құрметті Дәурен Зекенұлы !
Құрметті әріптестер!
Бүгінгі қарастыруға ұсынылып отырған Заң жобасының басты мақсаттары мен маңыздылығы жөнінде әріптесіміз Нариман Төреғалиұлы толық баяндап берді.
Бүгінгі таңда Еліміздің аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты, жұмыс беруші мен қызметкер арасында жаңа құқықтық қатынастардың қалыптасуына әкелді. Сондықтан қашықтан жұмыс істеу форматы да заң деңгейінде реттелуі қажет.
Осыған орай, заң жобасы қашықтықтан жұмыс істеуді регламенттейтін жекелеген нормаларды жетілдіруге жəне нақтылауға бағытталған, себебі еңбек саласындағы нақты процестер мен еңбек заңнамасы арасындағы алшақтықты көрсетті.
Заң жобасында жұмыс беруші жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз етеді. Жұмыскердің жұмыс күнінің күнделікті ұзақтығының шектеулерін сақтай отырып, жұмыс уақыты шегінде жұмыс берушімен байланыс үшін қолжетімділік режимінде болу мәселелері реттелді.
Заң жобасын қабылдау жұмысты қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтарын нығайтуға жəне реттеуге мүмкіндік береді.
Ұсынылған заң жобасын қабылдау қандай да бір кері әлеуметтік, экономикалық және саяси салдарға әкеп соқтырмайды.
Заң жобасы оны әзірлеушілердің қатысуымен жұмыс тобының отырысында қаралды. Жұмыс тобында қашықтықтан жұмыс істеуге ауысқан қызметкерлердің – коммуникация құралдарымен, компьютерлермен және басқа да құралдармен қамтамасыз ету мүмкіндігі, интернетке тұрақты қол жеткізуі, елдегі телекоммуникация және интернетпен қамтамасыз ету қызметі саласының жағдайы, олардың бүгінгі күндегі мүмкіндігі бойынша көптеген сұрақтар қойылып, әзірлеушілерден ауызша және жазбаша түрде жауап алынды. Жұмыс тобы отырысы барысында әзірлеушілерге болашақта осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, заң жобаларын әзірлегенде осы мәселе бойынша халықаралық тәжірибелерді мұқият зерделеп, пайдалану ұсынылды. Мысалға, бүгінгі күні Ресей Федерациясының заң шығарушы органы өздерінің Еңбек кодексі баптарына қашықтықтан жұмыс істеу мәселесі бойынша көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, ү.ж.1 қаңтардан күшіне енгені белгілі болып отыр.
Комитет мүшелерінен ескертпелер болған жоқ.
Құрметті әріптестер, баяндалғандардың негізінде, Заң жобасын қолдап, ескертпелерсіз Бас комитетке жіберуді ұсынамын.
Назарларыңызға рахмет!