Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

О пргираничных районах ВКО

12.10.2017 0

Депутаттық сауал бойынша

депутат Д. Мусиннің сөзі

12.10.2017

 

Рахмет, Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

Біздің депутатттық сауалымыз Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі    Б. Сағынтаевтың  атына жолданып отыр.

Депутаттық сауалдағы негізгі мәселе - ол шекарамен шектес болатын кейбір бөлек аумақтарда қалыптасып отырған жұмыссыздық пен тұрмыстық-әлеуметтік жағдай, біршама елді мекендердің бос қалуы және тағы басқа да еліміздің қауіпсіздігіне  әсер етуі мүмкін болатын, қоғамда  алаңдатушылық тудырып отырған мәселелерге қатысты.

Аталмыш жағдайлар бұқаралық ақпарат құралдарында да   кеңінен көтерілуде. Мәселен, тек «Егемен Қазақстан» газетінде осы тақырып бойынша биылғы жылдың өзінде бірнеше мақалалар шықты.

Ұқсас материалдар «Ана тілі», «Алаш айнасы», «Түркістан» газеттерінде, «Абай – Ақпарат», «Қазақ үні» ұлттық ақпарат порталдарында да  жарияланды.

Сонымен қатар, осы мәселелер өткен жылдары Парламент депуттарының бірнеше депутаттық сауалдарында да көтерілген болатын.

Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 – желтоқсандағы «Қазақстан-2050 статегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес,   Үкіметтің тиісті қаулысы да қабылданғаны белгілі.

Алайда, бүгінгі күні осы қаулыда қарастырылған шаралардың жалпылама болуы себебінен, нақты нәтижелерге қол жетілмей отыр, оның дәлелі,  бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан мақалалар...

Бұл реттегі негізгі мәселе, ол шекара маңындағы тұрғындар үшін материалдық ынталандыру тетіктерінің болмауы және де тарихи қалыптасқан шекара маңы аудандары әлеуеттерінің ерекшеліктері ескерілмеуі. Мысалы, облыс орталығы мен  өнімдерді өткізу, өңдеу орындарынан 300-500 шақырымда орналасқан,  қыс айларында автомобиль жолдары жабылып қалатын, темір жол қатынасы дамымаған Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай, Күршім, Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарын еліміздің басқа да шекара маңы аудандарымен салыстыруға болмайды. Мұндай жағдай Алматы облысының Райымбек ауданына да тән десек қателеспейміз.

Осыған байланысты, заңнама түрінде «шекара маңы аудандары мәртебесі» ұғымын анықтап, және де  шекарамен шектес аудандардың ерекшеліктерін ескеретін санаттық градацияларға негізделген, кешенді бағдарлама жасау  бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Бұл ретте,  әлеуметтік сала бойынша:

 бюджет  қызметкерлерінің   жалақысына 25 пайыздан 75 пайызға дейін  қосымша төлеу;

бала туғанда берілетін әлеуметтік көмекті 1 млн. теңгеге және ай сайынғы жәрдемақы мөлшерін 50 мың теңгеге дейін өсіру;

мемлекеттік балалар жәрдем ақысын 1 есептік айлық көрсеткіштен 4 есептік айлық көрсеткішке дейін көтеру:

жас мамандар үшін көтерме жәрдемақы мөлшерін 5 есеге өсіру ұсынылады.

Сонымен қатар, осындай аудандардың ерекшеліктерін ескере отырып, жалпы республикалық нормативтік көрсеткіштерден бөлек болатын агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін берілетін субсидиялардың нормативтерін белгілеу және де   шағын және орта бизнес субъектілері үшін ерекше  салықтық жеңілдіктер мен преференциялар енгізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылады.  

 

        Депутаттық сауалға қол қойған Сенат депутаттары:               Д. Мусин, Ж. Нұрғалиев;  Р. Әкімов, А. Мұсаханов, Б. Еламанов, М. Жұмағазиев, А. Нұралиев

РАХМЕТ!

Поделиться