Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Бұл газеттің бетінде тәуелсіздік шежіресі тұр»

12.09.2020 0

Елордалықтардың төл басылымы 30 жылдан бері бас қаланың басты жаңалықтарын баспасөзде қаттай отыра оның бай шежіресін жасап келеді. Ақмоладан басталып, Астанаға жалғасқан, ал бүгінде Нұр-Сұлтанға тұрақтаған қала атауы, оның осы үш кезеңдегі даму жолдары да «Астана Ақшамы» газетінің беттерінде анық бедерленді. Қаланың қалыптасып, дамыған, гүлденген жылдары, оның өміріндегі ел тағдырын шешкен ең маңызды оқиғалар елордалық баспасөзде таңбаланды. Басылым 2006-2008 жылдары «Астана хабары» деп аталған еді. Биылғы мерейтойда сол жылы газеттің бас редакторы болған қазақтың белді журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бүгінде ҚР Сенат депутаты Нұртөре Жүсіппен сұхбаттасқан едік.

– Біршама республикалық газеттерді басқарған мол тәжірибеден кейін елордалық басылымға басшы болып келдіңіз. Сіз келгенде шыққанына 17 жыл болған Астананың төл газетінің жай-күйі қалай болып тұр екен?
– Азғантай уақыт «Астана ақшамы» газетінде бас редактор қызметін атқардым. Ол тұста газет «Астана хабары» деп аталатын. Редакцияның жағдайы онша жетісіп тұрмаған болатын. Бөлім редакторларының айлығы 25 мың теңге көлемінде. Жылдық бюджеті 20 миллион ғана. Сол кездегі Астана қаласының әкімі Асқар Ұзақбайұлы Мамин мырза болатын. Тағайындалғаннан кейін әкімге кіріп, мән-жайды баяндадым. «Мынандай айлықпен жақсы газет шығару мүмкін емес, редакцияның қаржылық жағдайын жақсартпасақ, жақсы мамандар келмейді. Ал білікті мамандарсыз газет қалжыраған күйінде қалады» дедім. Асқар Ұзақбайұлы ұсақ-түйекке бас қатырмайтын азамат, дереу қаржы департаментінің бастығына қоңырау шалды. «Қанша керек?» деді ар жақтағы дауыс. «Кемі 100 миллион болуы керек» дедім. «Төрт есе көбейтіңіз» деді әкім. Сөйтіп, ә дегеннен редакция­ның қаржылық жағдайын жақсартып алдық.
– Жалпы, бұл басылымның өзіндік орны, атқарар қызметі туралы не айтар едіңіз?
– «Астана ақшамы» газетіне қалалық газет деп қарайтын түсінік бар. Олай емес. Бұл – астаналық басылым. Елорда – ел саясатын жасайды. Әрине, қаланың тыныс-тіршілігі үнемі назарда болатыны рас. Әйтсе де газеттің саяси салмағы болуы тиіс. Ең өзекті мәселелер осы газеттің бетінде көтерілуі керек. Біз қызмет еткен тұста осындай ұстанымды басты назарға ұстадық. Сол себептен республиканың барлық аймағына іссапармен барып, «Астана ақшамының» тиражын арттыруға күш салдық. Бір жылдың ішінде газеттің рес­публика көлемінде кеңінен таралуына ықпал жасадық. Газетті бұрын тек елорда тұрғындары оқитын болса, енді оны Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Шымкент, Атырау, Ақтау, Өскемен өңірінің оқырмандары да оқитын болды. Бұл – біріншіден, ел тұтастығына, екіншіден, газеттің астаналық мәртебесін биіктетуге қызмет еткен шаралар.
– Бұрынғыдан өзгеше етіп, газеттің бет-бейнесін, мазмұнын өзгертуде қандай жұмыстар атқарылды?
– Әуелі біз газеттің форматын өзгерттік. Сосын түрлі-түсті етіп шығардық. Қаланың күнделікті тірлігін жазып көрсету бір жағы ғана. Алдымен зиялы қауым өкілдерін сөйлеттік. Рухани мәселелерге көбірек орын бердік. Өйткені, адамның рухына көп нәрсе байланысты. Қаланың жай қала емес, бас қала екені үнемі назарда болды. Редакцияның басшылық құрамына көрнекті журналист, филология ғылымының докторы, ғалым, публицист Бауыржан Омарұлы тартылды, «Қазақстан теміржолшысы» газетінің редакторы Талғат Батырхан орынбасарлық қызметке оралды. Бұрыннан қызмет істеп келе жатқан Ғалым Қожабековтердің қасына жас толқын жиналды. Газеттің жауапты хатшысы қызметіне білікті дизайнер Зәуреш Нұғманова шақырылды. Қаржы-қаражат мәселесін реттеуде журналист Ғалым Омарханов белсене жұмыс істеді. Жас журналистер Нәзира Байырбек, Гүлмира Аймағанбет, Еркеғали Бейсенов, Шынар Досанова жанын сала жұмыс істеді. Газеттің Қытайда және Еуропадағы меншікті тілшілері тағайындалды. Шанхайдан Дәурен Омаров, Прагадан Салтанат Әуесбекова бұрқыратып жаза бастады. Оқырмандармен байланыс жақсарды. Газеттің бет-бейнесі өзгергенін көрген оқырмандар күн сайын редакцияға топырлап келіп жататын. Газетке көрнекті әдебиетші-ғалымдар – Дихан Қамзабекұлы, Серік Негимов, Ханкелді Абжанов, Зиябек Қабылдинов, Әміржан Әлпейісов, Сейітқали Дүйсенов жиі атсалысты. Газетте тек қала әкімдігінің тірлігі жазылып қоймай, Үкімет пен Парламент қабырғасында елдік тұрғыда көтеріліп жатқан мәселелер де жан-жақты жазыла бастады. «Айтары бар адамдар», «Аталы сөз» айдарлары аясында еліміздегі белгілі саясаткерлердің, қаламгерлердің, өнер қайраткерлерінің мақалалары жарияланды. Сыпыра мақтау емес, сындарлы сын да болды.
– Сол тұста газетте басымдық беретіндей елде қандай маңызды оқиғалар болып жатты?
– Елдегі маңызды оқиғалардың бәрі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары арқылы жүзеге асатын. 2007 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдау жасады. Ол «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деп аталды. «Қазақстан – 2030» стратегиясының 10 жылдығы қорытындыланды.
2007 жылғы 18 тамызда өткен баламалы сайлау негізінде Мәжілістің құрамына жалғыз ғана «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы өтті. Қандай оқиға болса да соның бәрі газет бетінде көрсетілді. Газет – шежіре. Сарғайған газет парақтарын кез келген уақытта тауып алуға болады.
– Елордалық басылым болғандықтан көптеген шаралардың ұйытқысы болатын қала әкімдігімен тығыз байланыс орнайды. Жергілікті атқарушы органмен жұмыс қалай жүрді, олардан қолдау болды ма?
– Әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс істедік. Қала әкімі Асқар Маминге кіріп, «Асқар Ұзақбайұлы, маған ашықтық керек, күні ертең қала тіршілігіне байланысты сын мақала шыға қалса, сіздің орынбасарларыңыз ренжіп, шағымданатын болады. Сондықтан барлығын жинап, «газеттің бас редакторы менімен ғана жұмыс жасайды» деп айтыңыз дедім. Асқар Ұзақбайұлы редакция басшылығын үнемі қолдап отырды. Сонымен бірге газет жұмысын жақсартуға Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев та қолғабыс жасап отырды. Департамент бастығы Арын Орсариев та үлкен азаматтық жасады.
Сол тұста газеттің 2007 жылдың 27 наурыз күнгі нөмірі мерекелік сипатта жарық көрді. Бұл күні газеттің 2000-шы нөмірі шыққан еді. Осыған байланысты Астана қаласының әкімі Асқар Мамин, еліміздің әдебиет және өнер қайраткерлері, әріптес ұжымдар атынан құттықтау лебіздерін арнады.
– Бас қаланың қандай басты мәселелерін көрсете алдыңыздар?
– «Қалғымайтын қала» деген мақала жазғаным есімде. Қаланың тыныс-тіршілігін назардан тыс қалдырмадық. «Астананың үстінен қарайтын адамдар» деп краншылар туралы да жаздық. Оның бәрін тізбелеп жатсақ, әңгіме ұзаққа кетеді. Қала әкімінің өзі күнделікті оқып, қарап отырған соң оның орынбасары, көрнекті қаламгер Ермек Аманшаев тікелей қадағалап отырған соң шешілмейтін мәселе болушы ма еді? Газет бетінде көтерілген сын мақалаларға орай дер кезінде шешімдер қабылданатын.
– Материалдық жағдайы мен мазмұны байи түскесін редакция жұмысында қиындықтар азайған шығар?
– Кілең «сен тұр, мен ата-йын» дейтін журналистер жиналған соң ішкі қиындық деген болған жоқ. Нағыз шығармашыл орта қалыптасты. Газетті ойнап-күліп отырып шығаратын едік. Бауыржан Омарұлының «Нұреке, сіз бір жаққа барып келсеңіз дұрыс болар еді, мен ұжымға айбат шегіп алайын» деген сөзін әріптестерім әлі күнге дейін еске алады. Бас редактордың міндеті – журналистерге еркіндік беру, қажетті жерінде қорғау, шығармашыл орта қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, ұжым өте ұйымшыл болды.
– Қазіргі таңда бұл басылымды оқып тұрасыз ба? Газетте қандай мәселелер назардан тыс қалып жатыр деп санайсыз немесе қандай тақырыптар орынды көтеріліп отыр?
– Әрине, «Астана ақшамын» оқып тұрамын. «Астана ақшамын» елорда тұрғындарымен қатар өзін көзі ашық, көкірегі ояу деп есептейтін кез келген азамат, әсіресе билік буынында жүрген, мемлекеттік қызмет істейтін замандастарымыз оқуы тиіс. Өзің тұратын қаланың өмірін өз газетің арқылы білмесең, қайдан білмексің?..
– Жалпы, қазіргі қазақ баспасөзі туралы не айтар едіңіз? Сіздің не алаңдатады?
– Қазіргі қазақ баспасөзінің жеткен жетістігі елдің көз алдында. Жетіспейтін тұстарымыз да бар. Өмір болған соң, солай. Қоғам қалай болса, баспасөз де солай болады. Кейінгі жылдары газеттердің тиражы түсіп барады. Бізде «Оқу мәдениеті» деген бар еді. Содан біртіндеп айырылып барамыз. Газет оқу – мәдениет. Кез келген шетелге барыңыз. Не көресіз? Күнде таңертең газет оқып отырған адамдарды жиі ұшыратасыз. Бұл ненің белгісі? Бұл – сол елдердің мәдениет деңгейінің белгісі. Бізге де сондай мәдениет керек.
«Астана ақшамы» газетінің 30 жылдық мерейтойы – қазақ баспасөзінің тойы. Биікке шыққаны құтты болсын! Газет Тәуелсіздікпен тұспа-тұс өмірге келді. Демек, уақыт сұранысынан туған басылым. Бұл газеттің бетінде Тәуелсіздік шежіресі тұр.
– Сізге көп рақмет!

Дереккөз: https://www.astana-akshamy.kz/bul-gazetting-betinde-tauelsizdik-shezhiresi-tur/?fbclid=IwAR3gHx18R4Ngw7uhZ-zNwMR5qU6nEc-8skvIMA-Amb6PumxIe4CZzvr7nOc 

Поделиться