Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, құрылтайшыларына, ғаламтор желісінде отыратын блогерлерге арнап үндеу

26.09.2019 0

Құрметті әріптестер!

 

Сіздерді Сенат мәжілісі жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Заң шығарушылық жұмысымызға табыс, халықымызға береке-бірлік тілеймін!

Әріптестерім демалып қана қоймай аймақтарда болып қайтқандары туралы айтып жатыр. Сол  кездесулер қорытындысы бойынша Үкіметке, құзырлы органдарға депутаттық сауалдар жолданып жатыр.

Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, қоғамның ой-пікіріне сүйеніп мен үндеу жасағым, келіп отыр. Бұл үндеуді бұқаралық ақпарат құралдарының      өкілдеріне, құрылтайшыларына, ғаламтор желісінде отыратын блогерлерге арнаймын. Сондай-ақ әртүрлі партиялардың, қоғамдық ұйымдардың жетекшілеріне, саясаткерлерге, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелеріне арнайы жолдап отырмын.

Қазақстанда сөз бостандығы жоқ деп кім айта алады? Деректерге қарағанда, Қазақстанда 2700-ден астам бұқаралық ақпарат құралдары тіркелінген. Олардың 70 пайыздан астамы әртүрлі партияларға, қоғамдық ұйымдарға тиесілі. Оған ғаламторды қосыңыз. Яғни ақпарат алу мен таратудың мүмкіндектері жеткілікті.

Ашық саясатта жүргендіктен мемлекеттік қызметкерлер, әртүрлі деңгейдегі депутаттар орынды, орынсыз айтылып жүрген сындарға төзімділікпен қарайды. Бірак кейде не адами, не имани, не рухани тұрғыдан шектен шығып, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуға бола ма? Бұл посткеңестік жүйеге тән жаман әдетке айналып бара жатқандығы алаңдатады.

Интернетті ашып қалсаңыз, әлеуметтік желіге көз салсаңыз, бірде «Түрікменстан президенті», бірде «Ресей президенті» о дүниелік болып кетіпті деп, өздері көзбен көргендей тамсанып жазады. Өзіміздің елге қатысты жансақ ақпаратты да оқып қаламыз. Мұндай «көріп-келдік» пен «сәуегейліктің» құны қанша?

Болмаса «президент өмірден қашан өтеді?»-деп саяси болжам жасайды. Не мұсылмандық, не христиандық, не иудейлік діни ұстанымға келмейтін, не адами болмысқа жатпайтын өтірік ақпарат үшін кім жауапты?!

Бәріміз құдайдың құлымыз. Дәм таусылған күні бұл фәни дүниеден озамыз. Сондықтан да адам деген атқа лайық болайық, ұлттық қүндылықтарымызды сақтайық, сөз бостандығы дегенді желеулетіп, шындыққа күйе жақпайық.

Ұлы Абай бабамыз «Атымды адам қойған соң қалай надан болайын!» демей ме?!

«Құқық қорғау органдары қайда қарап отыр, Үкімет неге шара қолданбайды» деген сөзден әдейі қашып отырмын. Жаншу, қамау, айыптау саясаты емес, әр адамның ұят-ожданына салып отырмын.

Батыр Бауыржан Момышұлы бабамыз «шындық бар ма?» деген сауалға:

-«Шындық бар. Бірақ шындық шырылдап жетем дегенше, өсек пен өтірік алдыңды өртеп жібереді» деген екен.

Әлеуметтік желілер арқылы шындыққа ешбір жаныспайтын ақпаратпен жұртты алдамайық.

Әділеттің ақ жолынан таймайық, ойлап сөйлейік, шындықты бұрмаламай жазайық, қадірлі қаламдастар, замандастар.

Өз алаңдаушылығымды азамат ретінде ортаға салғанымды Сіздер түсінер деп ойлаймын.

Рахмет.

 

Бөлісу