Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

№22 (3682) "Астана ақшамы" газеті. Сұхбат.

22.02.2018 0

Ұлы көшке үлесіміз болды

Ерке Есілдің жағасында бой көтерген әсем Астанамызға биыл 20 жыл толғалы отыр. Осы жылдар ішінде ол қасиетті қазақ жерінің шежіресін әлемге паш етер, көз сүйсінтіп, көңіл марқайтатын әсем де ажарлы шаһарға айналды. 

Әрине, бабалар аңсаған тәуелсіздікке енді қол жеткізіп, еңсемізді тіктеп, іргемізді бекітіп жатқан тұста тың­нан осындай айбыны ас­қақ, келешегі кемел қала тұр­ғызу оңай шаруа болған жоқ. Ол Елбасының қажымас қайраткерлігінің, сонымен қатар әрбір қазақстандықтың жанқиярлық еңбегінің арқасында жүзеге асты десек, қателеспейміз. 
Біз жақында сол астана Алматыдан Арқа төсіне қоныс аударғанда жауапты қызметтер атқарып, алғашқы көш-көлікті құшақ жая қарсы алушылардың бірі болған азамат, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рашит Әкімовті елорда мерейто­йына орай әңгімеге тартқан едік.

 

http://www.astana-akshamy.kz/img/2018/02/img_5802.jpg

Адамдарда сенім мықты болды

– Рашит Қайыржанұлы, 1997 жылы желтоқсан айында Алатау бау­райынан Сарыарқаға мемлекеттік мекемелер бет түзегенде, Ақмола қаласындағы Целиноград ауданының әкімі екенсіз. Сол кезде алғашқы болып келгендерге қонақжайлық танытқаныңызды естідік. Соны қайта бір еске түсіре аласыз ба?

– Мен өзімді ақмолалықпын, яғни астаналықпын деп санаймын. Өйткені 1974 жылы әскерден келгесін Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім. Аталған оқу орнын бітіргесін осы төңіректегі әртүрлі шаруашылықта басшылық қызметтер атқардым. 1997 жылдың шілде айында Қабанбай батыр кеңшарында жұмыс істеп жүрген мені сол кездегі Ақмола облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов осы қаладағы Целиноград ауданының әкімі етіп тағайындады.
Жауапкершілік жүгі ауыр. Оны түсінеміз. Бізге бақ бұйырып, жері­мізге тұтас қазақ елінің астанасы қоныс аударып жатыр. Тұңғыш болып қыркүйек айында Ауыл шаруашылығы министрлігі ат басын бұрды. Көппен бірге құрақ ұшып қарсы алдық. Қазақта бір мақал бар «Келгенше қонақ ұялады, келгесін үй иесі ұялады» деген. Міне, сол ұялып қалмайық деп барымызды салдық. Қолдан келген көмегімізді аяған жоқпыз.
Өздеріңізге белгілі, Ақмола қаласы шағын ғана облыс орталығы болды ғой. Беткеұстар бас-аяғы
екі-үш қонақ үй бар-тұғын. Құл­шы­­ныспен келген алғашқы алматы­лықтар сонда жайғасты. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік ме­­кемелерді орналастыруда біраз бас қатыруға тура келді. Кейбіріне өзі­міз отыр­ған ғимараттан ығысып, орын босатып бердік. Бірақ соның бар­лығы жыл жарым, екі жылдың ішінде түгел шешілді ғой. Қазіргі сол жағалаудағы зәулім ғимараттар салынған жаңа қаланың орны ол кезде түгелдей Целиноград ауданының аумағы болатын. Ілкі келгендер осы жердегі Шұбар, Комсомольск, Қараөткел ауылдарын жақсы біледі. Кейін бәрі сүріліп, алып құрылыс алаңына айналды.
Алматыдай ару қаладан келіп, ауа райы салқындау аймаққа бірден көндігіп кету оңай болды деп айта алмаймын. Алайда адамдарда болашаққа деген, Елбасына деген мықты сенім болды. Міне, сол сенім кейбір кемшіліктерді елемеуге, көптеген қиындықты сабырмен жеңе білуге үндеді.


– Алғашқы мемлекеттік рәміздер әкелінген күн есіңізде шығар…
– Әрине, «Конгресс-холл» сара­йында Елбасының қатысуымен үлкен іс-шара өткізілді. Міне, осы кезде залға мемлекеттік рәміздерді алып келді. Соның алдында ғана Мемлекет басшысы ырым жасап, өзінің резиденциясынан салтанат өтетін жерге дейін жетпіс жеті қадам жаяу жүріп келген еді. Қазақ философ халық қой. «Үлкен іске оң аяғыңмен басып, сәтті қадам жаса» демей ме?! Осы қадамдар оңынан болып, бүгін 20 жылдың ішінде әлемге танылған жаңа астанасы бар іргелі мемлекет болып отырмыз.

Азық-түлік белдеуін жүзеге асыруға күш салдық

– Негізі, қандай кезде де жұмысы ауыр, жауапты жерлерге қолынан іс келетін азаматтарды жібереді ғой…
– Мен сөзімнің басында айттым ғой, қырық төрт жылдан бері осы Ақмола топырағымен етене жақынмын деп. Негізі, өзім Павлодар облысының тумасы болғаныммен, студенттік шағым, жалындаған жастық кезім осы қалада өтті. Сондықтан Астананың байырғы тұрғыны ретінде мемлекеттік деңгейдегі маңызды іске бел шеше араласып, әр шаршы жерді тиімді пайдалануға, оны істің мүддесіне орайластыруға тырыстық. Әп дегенде 45 мың гектар жерді қала аумағына қосуға қол жеткізіп, елорданың іргесін кеңейттік. Сосын келген халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш салдық. Бұған Мемлекет басшысының өзі аса мән беріп, азық-түлік белдеуін құрды.
Осы тұрғыда ауыртпашылық көбіне осы Целиноград ауданы шаруашылықтарының мойнына түсті. Әр сенбі, жексенбі сайын жәрмеңке өткізу, онда нарықтағыдан арзандау бағамен қала тұрғындарына азық-түлік жеткізу сол кезден бастау алды. Бір қуаныштысы, бұл шаруаның ауқымы кеңейіп, қазір облыстар өткізетін дәрежеге жетті.

– Ол кезде Астананы алып құ­рылыс алаңы дейтін. Қала құры­лысына да қол ұшын берген шығарсыз?

– Расы керек, аудан әкімінің зәулім үйлер салуға мүмкіндігі бола бермейді ғой. Алайда ниет түзу болса, қолдан келген көмекті істеуге болады. Жаңа айттым, ешқандай да қаулы болмаса да үй саламын, құрылыс жүргіземін деген адамдарға, мекемелерге жер бөлу мүмкіндіктерін қарас­тырдық. Қазір мен кейде өз көзіме өзім сенбейтіндеймін. Ғаламат бір ертегілер әлемінде жүргендей әсерге бөленемін. Елбасының көрегендігі де осында болса керек. Бір кездері біз көкөніс өндірген алқапта қазір көк тіреген сәулетті ғимараттар тұр. Сымдай тартылған коттедждер мен он, он екі қабат, үш жұлдызды, бес жұлдызды қонақ үйлер көздің жауын алады. Ал елорданы Есілдің жағасына көшіреміз деген алғашқы жылдары бұған көп адам қатты мән бермегені де шындық.
Кейде сәулетті жаңа орталықтың басты көшелерімен келе жатып, өзімді осындай ХХІ ғасыр қаласының тұрғыны екенімді сезініп, кеудемді әрі мақтаныш, әрі қуаныш сезімі кернейді. Бұл осы шаһардағы әр азаматтың бойында болатын сезім деп ойлаймын.
Өйткені осы керемет ғимараттар мен зәулім үйлердің бой түзеуіне біздің де тікелей болмаса да белігілі бір дәрежеде өз үлесіміз болды. Ол енді менің өмірімнің бір ұмытылмас сәттері болып қала береді.

 

Жастардың жігеріне сүйсінемін

– Бас қала жастарға құшағын кеңінен ашуда. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Елордаға жастардың көптеп келуі – табиғи құбылыс. Кезінде бәрі­міз де мәдениет пен руханияттың ордасы болған Алматыға баруды ар­мандайтын едік. Оның үстіне, қа­зір сұлу шаһарымызда Батыс пен Шы­ғыстың мәдени дәстүрлерінен үйлесім тапқан ерекше еуропа­лық
стиль қалыптасуда. Қазақстан Пре­зидентінің тікелей қамқор­лы­­ғымен әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайлар жасалуда. Өздерін таныт­­қан мемлекеттік қызметкерлер бір­-екі жылда жұмыс орындарынан жал­ға пәтер алу мүмкіндіктері бар. «Тұрғын­үйқұрылыс банкі» арқылы ақша жинап, аз пайыздық мөлшерлемемен үй аламын десе, оған да жол ашық.
Оқып, білім алуға да жан-жақты жағдай бар. Біздің кезі­мізде Ақмолада төрт-ақ жоғары оқу орны болатын. Ал қазір Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті сияқты бұқараға кеңінен танымал оқу орындарымен қоса олардың саны он алтыға жетіп отыр. Солардың ішінде ең шоқтығы биігі – Назарбаев университеті. Мұнда өзіндік білім стандарттары бойынша әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең білікті де атақты профессорлар дәріс оқиды. Білім сапасы Оксфорд, Кембридж, Гарвардтан бірде кем емес. Міне, осындай ортаға жастар қалай тартылмасын.

– Осының барлығы келешек ұрпақ тәрбиесі дейсіз ғой…
– Сөзсіз тәрбие. Мәселен, елордада халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтіп жатады. Оған жастар қатысады. Ал қатыса алмағандары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көреді. Сол сияқты 2011 жылдың басында мұнда ұйымдастырылған VII қысқы Азия ойындарының, күні кешегі «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің де маңызы зор. Сол арқылы бас қаламыз қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық құндылықтар мәртебесіне ие болып, жас мемлекет тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Елбасының: «Біз ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігін өмірге әкелдік»
деуінің мәні осында.

Сәулеті мен салтанаты жарасып…

– Астана сізге несімен құнды, оның болашағын қалай елес­тетесіз?
– Елбасы өзінің бір сұхбатында «Халқымыз бұл бастаманың елдің болашақтағы тағдыры үшін қандайлық мәні барын бірден ұқты. Жасы да, жасамысы да ұлы көшке көлікті болсын айтты, тілек қосып қана қойған жоқ, жан-тәнімен қолдады. Ұлы көшке қосылды. Арқаның желіне қағылып, күніне тотығып, жаңбырына малшынып, аязына тоңып жүріп, елдік ғимаратының қадасын қағысты, балшығын илесті, кірпішін құйыс­ты, қабырғасын өрісті, шатырын жабысты» дегені бар. Мен де осы қауымның арасында болғаныма өзімді аса бақыттымын деп санаймын. Елорда маған шын мәніндегі тәуелсіздіктің баламасы болуымен құнды. Сәулеті мен салтанаты жарасқан, өмір сүруге аса қолайлы қала болуымен жаныма жақын. Тек мен емес, осы шаһарда тұратын әрбір азамат менің бұл пікіріммен толық келіседі деп ойлаймын.
Сүйікті қаламыз жігіт жасы – жиырмаға толып отыр. Бұл шын мәнінде тарих үшін қас-қағым сәт. Астаналарын ғасырлап қалыптастырған мемлекеттер бар. Ал біз осындай аз ғана уақытта дүние жүзі таңдай қағып, тамсанатындай қала тұрғыздық. Оның болашағы бұдан да айшықты, бұдан да сұлу, бұдан да керемет болатынына менің еш күмәнім жоқ. Оның түлеу мен түрлену кезеңі әлі алда. Осы үрдісті жастар одан әрі жалғас­тырып, Еуропаның сәні мен шығыстың нәзік нақышы қатар өрілген, өркениеттің сәтті қабысуы нәтижесінде ажарланып, абаттана түскен асқақ елордамыз ұлтымыздың мақтанышына айнала берсін!

Сұхбатты жүргізген 
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

Бөлісу