Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

"БІЗ ТАЗА СУҒА ЗӘРУМІЗ" мақаласы ("Оңтүстік Қазақстан" газеті №200 сәрсенбі, 6 желтоқсан, 2017 жыл )

06.12.2017 0

БІЗ ТАЗА СУҒА ЗӘРУМІЗ

проблеманы шешу үшін 154 миллиард аздық етеді

 

Дана халқымыз «Сулы жер – нулы жер» деген нақылды тегін айтпаған.  Су – тіршілік көзі, жердің нәрі. Сусыз тынымды тіршілік,  мардымды еңбек алға баспайды. Бірақ, бүгінде таза ауыз су мәселесі әлемдік деңгейдегі күрделі проблемалардың біріне айналып отыр. БҰҰ Бас Ассам­блеясының  мәліметтері бойынша, қазір дүниежүзінде 889 миллион адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Оған қоса 2,6 миллиард адам су жетіспеушілігінен зардап шегіп, антисанитарлық жағдайда өмір сүруде. Қазақстан халқы да сапалы, таза су көздеріне зәру. Осы мәселенің маңыздылығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  биыл 13-14 қарашада өткен Астана клубының отырысында атап өтті.

--Адам өміріне керек ресурстардың шектеулі болуына бүгінде лайықты көңіл бөлініп отырған жоқ. Ең әуелі, тұщы су жетіспеуі мемлекетаралық қарама-қайшылықтардың туындауына әкеліп соғады. Қазірдің өзінде су ресурстарының тапшылығы Үндістан мен Пәкістан қарым-қатынасын шмеленістіріп жіберді. Мұндай жағдайдың Таяу Шығыс пен Орталық Азияда туындау ықтималдығы жоғары. Жер шарында халық санының артуына байланысты жекелеген өңірлерде азық-түлік дағдарысы орнап, егістік алқаптары қысқарып, топырақтың құнары азайып барады, -- деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Елбасының 2011 жылғы Жолдауында 2020 жылға қарай қала тұрғындары толықтай, ауыл тұрғындарының 80 пайызы орталықтандырылған ауыз су желісін пайдалана алатын болуы керектігі айтылған. .

Бүгінде Қа­зақстан таза су қоры жағынан ТМД мемлекеттерінің ішінде соңғы орынды иеленеді. Тәуелсіздік алған кезеңнен бері елімізде тұрғын­дарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар жү­зеге асырылып, халықтың игілігіне бағытталған істер қолға алынуда. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы 2002-2010 жылдарға арналған салалық «Ауыз су» бағдарламасы жүзеге асырылды. Ал, қазіргі таңда «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2020 жылға дейінгі мерзімге жоспарланған бағдарлама қазірдің өзінде жемісін беруде.  

Қазақстан Республикасында 6 653 ауылдық елді мекеннің 55,6 пайызы (3 699 елді мекен) ауыз сумен қамтылған. Ал,  елдегі 87 қаланың 92,9 пайызында (10 339 430 адам) бұл мәселе оң шешімін тапқан.  

2011 – 2014 жылдары аралығында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында республикалық бюджетен су құбырларын тарту мен осындай нысандарды реконстукциялауға 335,2 млрд. тенге бөлінді. Оның басым бөлігі Астана қаласы мен Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарына бөлінген. Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары бағдарлама аясында бөлінген қаражатты уақытылы және толығымен игерген. Сондай-ақ, сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы басқа өңірлермен салыстырғанда ауылдық елді мекендерге су құбырларын тарту және қайта құру бойынша ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткзген.

Сондай-ақ, осынау өзекті проблеманы шешуге республика қазынасымен қатар жергілікті бюджеттерден де ақша бөлу тәжрибесі қалыптасқан. Мысалы, 2015 жылы 8 өңірдің облыстық бюджеттерінен жалпы 15,3 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы – 6,2  млрд. теңге, Алматы облысы – 6,1 млрд. теңге, Атырау облысы 1,1 млрд. тенге бөлсе, кейбір өңірлердің жергілікті бюджетінде осынау маңызды мәселе мүлдем ескерусіз қалыпты.

 2016 жылы жергілікті бюджеттерден бұл іске 10,2 млрд. теңге бөлінген. Көш басында тағы да Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстары. Ал, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өте күрделі күйінде қалып отыр. Бұл облыстардың жергілікті бюджеттерінің мүмкіндіктері салыстырмалы түрде алғанда анағұрлым жақсы. Соған қарамастан осынау өзекті проблемаға бір тиын да бөлінбеген.

Оңтүстік Қазақстан облысында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету ісінде оң тәжірибе қалыптасқан. Дегенмен, бұл – облыс республикадағы халқы  ең тығыз орналасқан өңір. Сол себепті іске асыру жоспарланған құрылыс жобаларының саны көп, жұмыстың ауқымы кең. Мәселенің барлығы қаржыландыруға келіп тіреледі.  Облыстық бюджеттен қанша қаржы қаралғанымен 3 миллион тұрғынды таза сумен қамту үшін жеткіліксіз екені түсінікті. Ал, республикалық бюджеттен бұл іске өте аз қаржы бөлінуде. Бұл 2020 жылға қарай Елбасы міндеттеген көрсеткіштерге қол жеткізуге кері әсерін тигізуде. Бұл – тек Оңтүстік Қазақстан облысына ғана емес, барлық облыстарға қатысты өзекті мәселе. Олай дейтініміз, ауыз сумен қамтамасыз ету шараларына 2018 – 2020 жылдарға республикалық бюджеттен 154 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Елбасы міндеттеген пайыздық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бұл қаржы аздық етеді.

Тұрғындарды орталықтандыруылған жүйе арқылы ауыз сумен қамтамасыз етудің республикалық орташа көрсеткіші ауылды жерлерде жоғарыда айтқанымыздай 55,6 пайызды құрайды. Ал, республикадағы тұрғындары саны ең көп аудандардың бірі Сарыағашта бұл көрсеткіш бар-жоғы 44,4 пайызға тең. Шардара ауданында – 48 пайыз болса, Арыс қаласы 53,1 пайызды құрап отыр. Яғни, бұл аймақтарда таза ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіштері едәуір төмен болып отыр.

Оңтүстік өңірдің  бірқатар елді мекендері Өзбекстан Республикасынан келетін каналдардан, басқа да санитарлық талаптарға сәйкес емес ашық су көздерінен ауыз су алып тұтынуға мәжбүр. Ал, жекелеген елді мекендерде адамдар минералдылығы жоғары жер асты су көздерін пайдалануда. Ең күрделі жағдай Шардара қаласында қалыптасқан. Мұнда тұрғындар Шардара су қоймасының өте кермек суын тазартып ішіп күнелтуде.

Қазығұрт ауданында жерасты су көздерінің дебеті төмен. Осыған байланысты бүгінгі таңда біршама елді мекендерде ауыз су шектеумен берілуде. Дегенмен, бұл мәселе Елбасының араласуыменшешілді. Өзбекстан Республикасымен Өгем өзенінен секундына 3,5 текше метр су бұрып, оны ауыз суға пайдалану жөніндегі келісімге қол қойылды. Ендігі жерде осы жоба тездетіп жүзеге асырылуы тиіс. Өйткені, аталған жоба арқылы Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал және Шардара аудандарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Бұл аудандарда 800 мыңдай адам өмір сүретінін ескерсек, облысқа ауыз су құбырларын тартуға республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінуі тиіс. 

Сөз басында айтқанымыздай, су – тіршіліктің нәрі. Халықтың жайлы өмір сүруі үшін таза ауыз судың жеткілікті болуы шарт. Әрі бұл мәселені түпкілікті шешпейінше, қазақстандықтардың денсаулығын жақсартып, өмір сүрудің орташа мөлшерін арттыру қиын. Осының барлығын ескере отырып, біз депутат ретінде Үкіметке төмендегідей бағыттарға баса назар аударуды ұсындық.  Атап айтсақ, республикалық деңгейде келесідей жұмыстар атқарылса, ауыз сумен қамтамасыз ету ісіне оң әсерін тигізер еді:

Біріншіден, орталықтандырылған жер асты су қорларының картасын жасау қажет. Бұл іске білікті мамандарды, ғалымдарды тартып, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн. Оған қоса жасалған картаны басшылыққа ала отырып, жер асты су қорларын ысырапсыз, тиімді пайдаланудың кешенді жоспарын әзірлеуіміз керек.

Екіншіден, Қазақстан Республикасы териториясынан өтетін өзендердің бойларынан су қоймаларын салуды жылдамдату кезек күттірмейтін істердің бірі дер едім.

Үшіншіден, тамшылап суару технологиясын ауыл шаруашылығында барынша кеңінен қолдану қажет. Міне, осы істер тиянақты атқарылса, бір жағынан тұрғындар таза ауыз судың игілігін көреді, екінші жағынан онсыз да шектеулі су қорларымызды ысырап етпей, келер ұрпақ үшін сақтап қала аламыз.

 

 

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

 

 

 

Бөлісу