Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

"Егемен Казақстан" газетінде мақала

23.10.2017 0

Шекара маңы жалаңаштанбасын десек...

 

Бізді көршілес мемлекеттермен шекаралас кейбір шеткергі аумақтарда қалыптасып отырған мәселелер алаңдатып, оны Үкімет басшысына білдірдік.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, еліміздегі аудандардың 79-ы шекара маңындағы аудандар және де бұларда республика тұрғындарының 31%-ға жуығы шоғырланған.

Кейбір шекара маңы аудандарында орын алып отырған жұмыссыздық пен тұрмыстық-ахуал осы аумақтардағы біршама елді мекендердің бос қалуына соқтырып, бұл еліміздің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін екендігі алаңдатушылық тудырып отыр. Бұл мәселені бұқаралық ақпарат құралдары да кеңінен көтеріп жүр. Мәселен, тек «Егемен Қазақстан» газетінде аталған жағдайлар бойынша биылғы жылдың өзінде бірнеше мақала шықты. Ұқсас материалдар «Ана тілі», «Алаш айнасы», «Түркістан» газеттерінде, «Абай – Ақпарат», «Қазақ үні» ұлттық ақпарат порталдарында да жарияланды. Сонымен қатар шекаралық аудандардың мәселесі өткен жылдары Парламент депутаттарының бірнеше сауалдарында да көтерілді.

Көтерілген мәселелер осы аудандардағы халықтың экономикалық белсенділігінің төмендеуі; инфрақұрылым жағдайының нашарлауы, қажетті қызметтерді алудағы қолжетімсіздік, тұрғындардың жаппай көшуі және т.б. саяды. Әдетте, шекара маңындағы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, көбіне республиканың ішкі аймақтарымен салыстырғанда төменірек, сол себептен де бұл мәселелер мемлекеттің басты назарында екені белгілі. Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында шекарамен шектес аумақтарға ерекше назар аудару қажеттігі жөнінде Үкімет пен облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар да берілді. Осы тапсырмаға сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 қарашадағы №1289 тиісті қаулысы да қабылданды. Алайда, бүгінгі күні осы қаулыда қарастырылған шаралардың жалпылама болуы себебінен, нақты нәтижелерге қол жетпей отыр. БАҚ-та жарияланған мақалаларда олар туралы ашық айтылған.

Үкімет қолдауының көрінбейтін себебі – шекара маңындағы тұрғындар үшін материалдық ынталандыру тетіктері болмай және де тарихи қалыптасқан шекара маңы аудандары әлеуеттерінің ерекшеліктері ескерілмей отыр. Мысалы, көптеген елді мекендер облыс орталығы мен өнімдерді өткізу-өңдеу орындарынан 300-500 шақырымда орналасқан, қыс айларында автомобиль жолдары жабылып қалатын, темір жол қатынасы дамымаған Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай, Күршім, Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарының тұрғындары Үкіметтің қолдауына қол жеткізе алмай отыр. Осыған ұқсас жағдай Алматы облысының Райымбек ауданына да тән десек қателеспейміз.

Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін заңнама түрінде «шекара маңы аудандары мәртебесі» ұғымын анықтап және шекарамен шектес аудандардың ерекшеліктерін ескеретін санаттық градацияларға негізделген кешенді бағдарлама жасау бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мұнда әлеуметтік сала бойынша: бюджет қызметкерлерінің жалақысына 25 пайыздан 75 пайызға дейін қосымша төлеу, бала туғанда берілетін әлеуметтік көмекті 1 млн теңгеге және ай сайынғы жәрдемақы мөлшерін 50 мың теңгеге дейін өсіру, мемлекеттік балалар жәрдемақысын 1 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) 4 АЕК-ке дейін көтеру, ал жас мамандар үшін көтерме жәрдемақы мөлшерін 5 есеге өсіру ұсынылады. Сонымен қатар осындай аудандардың ерекшеліктерін ескере отырып, жалпы республикалық нормативтік көрсеткіштерден бөлек болатын, агро­өнеркәсіп кешені субъектілері үшін берілетін субсидиялардың нормативтерін белгілеу және шағын және орта бизнес субъектілері үшін ерекше салықтық жеңілдіктер мен преференциялар енгізу мүмкіндіктерін қарастыру қажет деп санаймыз.

 

 

Дүйсенғазы МУСИН,

Сенат депутаты

Бөлісу