Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң жобасы

21.04.2020 0

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына митингілер туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде нақты міндет қойды.

Тапсырмаға сәйкес Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мынадай негізгі тәсілдерімен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірледі.

 

Бірінші. Заңнамаға бейбіт жиналыстардың базалық қағидаттарын енгізу, оның ішінде:

1) күш қолданбау сипаты;

2) заңдылық;

3) мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету;

4) қатысу еріктілігі.

 

Екінші. Заң жобасына бейбіт жиналыстар түрлерін пикеттеу, жиналыс, митинг, демонстрация, шеру деп нақты аражігін ажырата отырып, ұғымдық аппаратты енгізу.

 

Үшінші. Бейбіт жиналыстар өткізуге болатын арнайы орындарды айқындау.

Бейбіт жиналыстар өткізуге арналған арнайы жерді айқындаудың басты қағидаты Президент айтқан қағидат - «қалалардың шетінде емес» орталық бөлігі болуы тиіс.

Мұндай арнайы жерлерді айқындау кезінде бейбіт жиналыстардың мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігі, ұйымдастыру ыңғайлылығы, орындардың көліктік қолжетімділігі, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігі, санитариялық нормалар мен қағидалардың сақталуы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, басқа да адамдардың қауіпсіздігі ескертілуі тиіс.

 

Төртінші. Бейбіт жиналыстар өткізудің хабарлама жасау тәртібін енгізу.

Заңнамаға бейбіт жиналыстар өткізу үшін пикеттер, митингілер, жиналыстар нысанында хабарлама жасау тәртібін енгізу жоспарлануда.

Бұл ретте, жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, бейбіт жиналысты өткізу келісілген болып саналады.

Арнайы жерде демонстрация, шеру өткізу үшін жергілікті атқарушы органдардың келісімі қажет болады.

 

Бесінші. Заңда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, қатысушылар мен журналистердің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін бекіту.

 

Алтыншы. Мемлекеттік органдардың құзыретін белгілеу.

Анықтама ретінде:

1) Мәслихаттар арнайы жерлерді айқындайтын болады;

2) ЖАО-лар хабарламалар мен өтініштерді қарайтын, заңда белгіленген жағдайларда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру, тоқтата тұру және тоқтату жөніндегі шаралар қабылдайтын болады;

3) Құқық қорғау органдары заңда белгіленген жағдайларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, бейбіт жиналыстарды тоқтататын болады;

4) АҚДМ ұйымдастырушылар мен журналистердің айырым белгілерінің нысандарын, БАҚ қызметінің қағидаларын бекітетін болады.

 

Жетінші. Мыналарды:

нақты мерзімдерін;

хабарламалардың немесе өтініштердің мазмұнына қойылатын талаптарды;

қабылданған шешім туралы ұйымдастырушыларға хабарлау нысандарын белгілей отырып, хабарламаларды немесе өтініштерді қараудың нақты және түсінікті тетігін белгілеу.

 

Сегізінші. Бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту үшін негіздердің толық тізбесін белгілеу.

Бұл ретте бейбіт жиналысты өткізуден бас тарту уәжді және негіздемелі болуы тиіс.

 

Тоғызыншы. Бейбіт жиналыстар өткізу кезінде үгіттеу институтын енгізу.

Қолданыстағы заңда азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде үгіт жүргізу құқығы регламенттелмеген.

Осыған байланысты, ұйымдастырушылардың хабарламаны қарау немесе ЖАО-ның келісімін алу мерзімдері аяқталғаннан кейін БАҚ, әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы бейбіт жиналыстарды өткізу бойынша үгіт жүргізу құқығын регламенттеу ұсынылады.

Бөлісу