Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар дәрілік заттардың бағасының бақылаудағы өзекті мәселелерді талқылады

20.01.2020 705

Парламент Сенатында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары тегін медициналық көмектің кепілді көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында бірыңғай дистрибьютер қызметін жүзеге асыратын «СК-Фармация» серіктестігінің басшылығымен компанияның жұмыс тиімділігі мәселелері бойынша кездесті.

Кездесуге денсаулық сақтау, индустрия және инфрақұрылымдық даму,  сауда және интеграция министрліктерінің, «Нұр-Сұлтан» қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің, «Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының, медициналық мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Серік Бектұрғанов шараны аша келіп, кездесудің негізгі мақсаты амбулаториялық емдеу мен ауруханалар стационарларында болған кезде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін кешенді қарау және 2018 жылдың желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ережелерін іске асыру екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатынын, бұл ретте алдағы үш жылда 2,8 трлн теңгеден астам қаражат бөлінетін тегін медициналық көмектің кепілді көлемі сақталатынын атап өткен болатын. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады», - деді сенатор.

Қатысушылар алдында сөз алған денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қ.Нәдіров еліміздің үкіметі 2009 жылдың ақпан айында Елбасының тапсырмасы бойынша дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдар сатып алу және қамтамасыз ету үшін бірыңғай дистрибуция жүйесін құру туралы шешім қабылдағанын атап өтті. «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алу орталықтандырылды. Заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Қаржы министрлігінің порталындағы электрондық сатып алуды ұйымдастыру бөлігіне Сатып алу ережесіне өзгерістер енгізілді. Бұл шаралар дәрі-дәрмектің бағасын бекітудің жаңа тәсілдерімен бірге бәсеке ортасының жақсаруына және айтарлықтай - 2018 жылы сатып алу кезінде 26,5 млрд.теңгеден астам үнемдеуге әкелді. 2019 жылғы үнем 22,1 миллиард теңгені құрады», - деді министрдің орынбасары.

«СҚ-Фармация» төрағасының міндетін атқарушы Б.Шәріп баяндама жасады және ол СК-Фармация стационарлық және амбулаторлық сектордағы 2 мыңға жуық медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететінін атап өтті. Бірыңғай дистрибьютордың өз қаражаты есебінен жыл сайын әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың төмендетілмейтін стратегиялық қоры жасалды.

Ол 2020 жылы МӘМС аясында Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі 1331-ден 1385-ке дейін ұлғайғанын атап өтті. Осы тізім аясында медициналық ұйымдарға 259,1 млрд. теңге сомасындағы  дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қажет екені айтылды.

«Ұзақ мерзімді шарттар аясында жоспарланған көлемнің 99%-ы сатып алынды. Отандық тауар өндірушілермен 578 затқа (53,7 млрд.теңге) келісім-шарт жасалды, тікелей келісім-шарттар бойынша 74,1 млрд. теңгеге 171 зат сатып алынды. Қазіргі уақытта халықаралық ұйымдардан 15 зат сатып алынды, сатып алу барысында 7,1 млрд теңгеге тағы 7 зат алынды», - деді «СК-Фармация» өкілі.

Сенаторлар кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелер, атап айтқанда, халықты дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қосымша ақы төлеу жүйесіне көшуі, дәрілік заттарды ілгерілетудегі этикалық мәселелер айтылды, сондай-ақ фармацевтика саланын дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері көтерілді.

Бөлісу