Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта Аймақтар күні басталды: депутаттарға Қызылорда облысының жетістіктері таныстырылды

21.02.2020 1339

Сенатта Аймақтар күндері аясында Қызылорда облысы таныстырылды, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктері көрсетілді.

Шара аясында жеңіл өнеркәсіп пен шағын және орта бизнес өнімдерінің, инновациялық жобалардың, сондай-ақ аймақтың даму кезеңдерін көрсететін тарихи-археологиялық экспонаттардың көрмесі ұйымдастырылды.

Дариға Назарбаева отырысты аша келіп, аймақ күндерін өткізудің мақсаты мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың жүзеге асу барысын зерделеу, халықты толғандыратын ақпараттармен танысу және оларды шешу жөніндегі жергілікті билік өкілдерінің шараларына талдау жасау екенін атап өтті.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов депутаттар алдында баяндама жасады. Ол өз сөзінде облыстың экономикасы, агроөнеркәсіп кешені және шағын бизнес, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету салаларындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Б.Жақановтың айтуынша, соңғы 5 жылда өңір экономикасына 1,5 трлн теңге инвестиция тартылды, 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. «Өңдеу өнеркәсібінде 600 млрд теңгенің өнімі, ал ауыл шаруашылығында 500 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Осы кезеңде 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның 55 мыңы тұрақты жұмыс орындары болып табылады», - деді ол.

Депутаттар талқылау барысында өңірлерден түсетін стратегиялық мәліметтер мен ақпараттардың сапасына назар аударды, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге әкімдіктердің белсенді қатысуы қажеттігін атап өтті.

«Егер жергілікті билік заңдағы кемшіліктер туралы уақытында хабарласа, онда жұмыс нәтижелі болады. Бағдарламалар олардың мақсаттары мен міндеттерімен өзара байланысты болуы тиіс», - деді ол.

Сенаторлардың пікірінше, салалық министрліктер өз кезегінде маңызды құжаттарды қабылдау кезінде облыстық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау департаменттерін кеңінен тарту қажет.

Д.Назарбаева республикалық және облыстық мекемелердің өзара тығыз іс-қимыл жасау жөніндегі бастамаға қолдау білдірді және бір өңірдегі бір-бірін қайталайтын даму бағдарламаларын жою қажеттігіне ерекше назар аударды және ол іске асыру барысы мен есеп-қисапты шатастыруға әкеліп соғатыны айтылды.

Депутат Нұрлан Бекназаров талқылау барысында әлеуметтік салаға қатысты, атап айтқанда көп балалы және аз қамтылған отбасыларға мүліктік көмек берудің сапасы мен ұйымдастырылуы туралы мәселелерді көтерді. Депутаттар сонымен қатар Байқоңыр қаласының кейбір мектептерінде қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытуға тиісті көңіл бөлінбейтіндігіне алаңдаушылық білдірді және бұл мәселе түлектердің оқуға түсер кезінде кері әсері болатынын айтты.

Депутат Ерік Сұлтанов Қорқыт ата әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы туралы сұрады. Бақыт Жақанов қазіргі уақытта жобаның құны 14 млрд теңгеден аспайтындай етіп қайта қаралатынын, әйтпесе бұл облыс үшін тиімсіз екенін айтты.

Дариға Назарбаева өз кезегінде әкім орынбасарына құрылыс сапасына назар аудару туралы кеңес берді. «Біз бәріміз, депутаттар, Қызылордада жаңа әуежай салу идеясын қолдаймыз. Тек жобаға, оның есеп-қисабына өте мұқият қарау керек. Сараптама болуы керек және баға мен сапаның арасы тең болуы тиіс. Үнемдеу керек екен деп үнемдей берудің керегі жоқ. Бір жылдан кейін шашылып қалмау үшін сапалы етіп бір-ақ рет салу керек», - деді Д.Назарбаева.

Дариға Назарбаева сөз соңында жергілікті бюджеттің орындалуын бақылау және облыстық тексеру комиссияларының рөлі мәселесіне тоқталды. «Жергілікті бюджеттер ұлғаюда, тек тексеру комиссиялары ғана шығындардың тиімділігін қадағалауы тиіс. Осы комиссиялардың заңнамалық базасын тағы да тексеріп, олардың қызмет сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ ақпараттың шынайылығы мен сапасына комиссия мүшелерінің жауапкершілігін арттыру жөнінде ереже енгізу керек», - деді Д.Назарбаева.

Дариға Назарбаева кездесуді қорытындылай келіп, басқа облыстардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін талқылау кезінде аймақтар күндерінің аясында жұмыстар одан әрі жалғасатынын атап өтті.

Бөлісу