Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Экономиканың жаңғыру жолы

16.09.2020 710

Мемлекет Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан халық ел Президентінің Жолдауында айтылған саяси-әлеуметтік реформалардың орындала бастағанының куәсі болып отыр.

Жаңа форматтағы басшылық бүкіл билік тармақтарының жаңаша жұмыс істеу тәсілін қалыптастырды.

Мемлекет басшысы 8 қыркүйектегі Жарлығымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құрды. Өйткені әлемдік экономикалық дағдарыс мемлекетті басқарудың жаңа тетіктерін табуды талап етеді. Осыған орай, Агенттік алдына мемлекет дамуының стратегиялық және тактикалық жолын қалыптастыру міндеті қойылды. Бұл не деген сөз? Жаңа Агенттік Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау үшін экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайларды ескере отырып, реформаларды жүзеге асырудың жолдарын айқындайды. Оларды іске асырудың тетіктерін енгізеді және орындалуына мониторинг жүргізетін болады.

Жаһандық дағдарыс әлем елдерінің бәріне де әсер етіп отыр. Ортақ қиындықтар бар. Бірақ әр мемлекет өз жолын тауып, жаңа реформалар жасай бастады.

Қазақстан Президенті  үстіміздегі жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен реформалар жөніндегі Жоғары  Кеңес құрды.

Президент бұл Кеңесті өзі басқарады.

Жауапкершілікті сезіну, халық сенімін ақтау деген осы.

Сонымен, Президент жанында құрылған Жоғары Кеңес ең алдымен мемлекеттік органдардың реформаны жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын қарайды, оған талдау жасайды және бекітетін болады.

Жоғары Кеңес құрамына сэр Сума Чакрабарти енгізілді. Ол Президент Жарлығына сәйкес Жоғары кеңес төрағасының орынбасары әрі Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

Сума Чакрабарти - қаржы әлеміндегі белгілі тұлға. Ол нарық саласының көрнекті маманы. Ұлыбританияның мемлекеттік даму жүйесіне ерекше із қалдырған қаржы білгірі. Ірі экономикалық реформаларды қалыптастыруға қатысқан, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде өткізілген техникалық көмек бағдарламасын ұсынған «ноу-хау» авторларының бірі.

 2012-2020 жылдары С.Чакрабарти Еуропалық қайта құру және Даму банкінің Президенті болып жұмыс істеген.

Қазақстан экономикасын, оның даму жолдарын жақсы біледі. Сондықтан да С. Чакрабарти мырзаны тосын тұлға деп қарауға болмайды. Президенттің штаттан тыс кеңесшісі жоғарыда айтылған биік лауазымды қызметі кезінде Қазақстан Республикасы жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің тең төрағасы болған.

Жоғары Кеңес құрамына – Үкімет Басшысы А.Ұ. Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Е.Ж. Қошанов, Ұлттық Банк төрағасы Е.А. Досаев, Президент көмекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ә.Ө.Исекешев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.М.Сүлейменов, Қазақстан Республикасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлерлер палатасы президиумының Төрағасы Т.А. Құлыбаев, «Астана Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы, жаңа құрылған Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қ.Н. Келімбетов, Қазақстан Республикасы  Қаржы нарығын реттеу және  дамыту агенттігінің төрағасы М.Е. Әбілқасымова енді.

Кеңес мүшелерінің барлығы да қаржы саласының білікті мамандары. Түйіндеп айтқанда, Президент Қ.К. Тоқаевтың жанындағы Жоғары Кеңес –жаңғыру жолына бастайтын жаңа экономикалық бағыт.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Сенатор, ҰҒА академигі

Бөлісу