Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Қазақстандық ғалымдар жасыл технологияларды дамыту үшін игі шешімдер ұсынды

24.09.2020 872

Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловтың төрағалық етуімен "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" КЕАҚ жанындағы ғылыми-техникалық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс жұмысына экология, геология және табиғи ресурстар министрі, осы орталықтың басшылығы және ғылыми-техникалық кеңестің мүшелері қатысты.

Ғылыми-техникалық кеңес бір жыл бұрын жасыл экономика саласындағы жобалар мен технологияларды Қазақстанның өнеркәсіп секторларына енгізу кезінде бағалау, сондай-ақ ондағы жасыл сипаттың өсу индексін анықтау үшін құрылған болатын. Бұл сарапшылар алаңы үздік мамандарды, ғалымдарды, мемлекеттік органдар өкілдері мен парламентшілерді біріктіріп отыр.

Жасыл экономика жөніндегі ғылыми-техникалық кеңес алты бағыт: қалдықтарды басқару; орнықты энергия ресурстары; орнықты қала (жасыл инфрақұрылым); орнықты ауыл шаруашылығы; экология, қоршаған ортаны қорғау; инвестициялар мен технологияларды тарту жөніндегі халықаралық ынтымақтастық бойынша жұмыс істейді.

Сенат депутаты, ХЖТИЖО КЕАҚ жанындағы ғылыми-техникалық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан бүгінде дамудың жаңа экономикалық бағытына түскенін атап өтті.

"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес, онда экономиканың жасыл саласының өсуіне ерекше назар аударылды. Еліміздің жасыл саланы дамыту тұжырымдамасын іске асыру өз кезегінде экономиканың тұрақты өсуін, адами және әлеуметтік капиталды дамытуды қамтамасыз ететін сапалы ғылыми-технологиялық шешімдерге негізделетін болады", - деді сенатор Бақытжан Жұмағұлов.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Экологиялық кодекстегі алдағы өзгерістер туралы айтып берді. Қазір заң жобасы Парламентте қаралуда. Министр сондай-ақ Париж келісімі бойынша еліміздің міндеттемелерін орындау үшін аса маңызды төмен көміртекті дамыту стратегиясы бойынша ұсынымдар әзірлеу жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің жұмысын атап өтті.

Ғылыми-техникалық кеңестің отырысында Алматыдағы ЖЭО-2 жаңғырту; құрамында көміртегі бар шикізатты термохимиялық ыдырату қондырғылары базасында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі зауыт; азық-түлік-коммуналдық, тәуелсіз энергия кешенін құру; ауыл шаруашылығы қалдықтарын метанды ашыту арқылы алынған органикалық тыңайтқыштарды тұтынуды ынталандыру жөніндегі жобалар қаралды.

Сенатор Бақытжан Жұмағұлов таза экологияны қалыптастыру үшін ұсынылған барлық жобалардың мән-маңызы ерекше жоғары екенін атап өтті. Мысалы, ЖЭО-2 жаңғырту жобасы бойынша Алматы қаласындағы ЖЭО-2 табиғи газға көшіру азот оксидтерінің шығарындыларын 5 еседен астам төмендетуге мүмкіндік береді, күкірт тотығының шығарындылары мен күлдің қатты бөлшектерінің шығарындыларын нөлге дейін қысқартады, бұл ретте парниктік газдардың шығарындылары 20-25%-ға төмендейді.

Отырыс соңында ғылыми-техникалық кеңестің төрағасы, депутат Бақытжан Жұмағұлов отырысты қорытындылап, қаралған барлық жобаларды қолдауға ұсыныс жасады.

"Бұл жобалар – біздің ғалымдардың жаңалықтары. Басқа елден әкелгеннен гөрі өз технологиямызды дамыту керек. Жергілікті жағдайларға қолдануда қазақстандық ғылымды біршама жоғары жағдайда деп толық сеніммен айта аламын. Ғылыми-техникалық кеңестің жасыл экономика саласындағы сарапшылық тұғырнамасы - шын мәнінде Экокодекс жобасының негізгі ережелерін іске асырудың маңызды көрінісі болады. Ол еліміздің жасыл дамуы бойынша Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттерді шешуге тиімді ықпал ететін болады", - деді сенатор.

Бөлісу