Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдау тетіктерін зерделеуде

01.07.2022 424

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерді зерделей келе, Ақмола облысының Степногорск қаласында орналасқан пестицидтер мен гербицидтер шығаратын ауыл шаруашылығы кәсіпорнында болды.

Сенаторлар бүгінгі таңда бұл саланы зерделеу және жергілікті тауар өндірушілерді заңнамалық тұрғыдан жан-жақты қолдау, сондай-ақ импорттаушылармен тең емес бәсекелестікті жою аса маңызды екенін атап өтті.

«Біз заңнама аясында өсімдік шаруашылығы саласындағы өзекті проблемалар мен мәселелерді зерделеу, сондай-ақ осы салаға салық салу туралы заңды қайта қарау қажет деген қорытындыға келдік. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке өндірушілерді қолдауға қатысты нақты тапсырмасы бар», – деді сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Сондай-ақ, сенаторларға жергілікті пестицидтер мен гербицидтерді өндіретін кәсіпорындарға өз қызметтерін бөліп төлеуге, сол арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жұмыс жағдайларын жеңілдетуге мүмкіндік бар екені айтылды.

Сапар барысында сенаторлар көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтті. Депутаттар мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілсе, өндірістік қуаттары бар отандық өндірушілер алдағы 12 жылда өндіріс көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты пестицидтермен 90 пайызға қамтамасыз ете алатынын атап өтті.  Мұндай серпіліс халықты жұмыспен қамтуды арттыруға, отандық ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік жұмыстарын күшейтуге, жаңа пестицидтік препараттарды жасауды жеделдетуге, сондай-ақ салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу