Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

«Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдаулар

«Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдаулар

2019 жылдың 27 қыркүйегінде Парламент Сенатында «Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдаулар болды.

Шара барысында Парламентке келетін заң жобаларын әзірлеудің, ресімдеудің, келісудің, құқықтық мониторинг жүргізудің және сапасының өзекті мәселелері, сондай-ақ заң шығару процесін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков парламенттік тыңдауды аша келіп, «Қабылданатын заңдардың сапасы азаматтардың әл-ауқатының артуы мен өздерін қорғауда екенін сезінуінің негізі болып табылады және бұл заңды жоспарлаудан бастап күшіне енгенге дейін барлық заң шығару процесінің тиімділігіне тікелей байланысты», - деп атап өтті. «Заң жобасының бастапқы тұжырымдамасын қалыптастыру кезінен бастап болашақ заң туралы тікелей әрекет етудің түпкілікті құқықтық актісі - ұзақ уақыт тиімді жұмыс істейтін, қоғам мен мемлекеттің даму бағыттарына сәйкес келетін, сапалы және азаматтар үшін түсінікті болатын жаңа ұрпақ заңы ретінде ойлау қажет» - деп атап өтті В.Волков.

  Дулат Құсдәулетов заң жобаларының сапасы туралы айта келіп, мұнда заңдарды әзірлеуге деген формальды тәсіл басты мәселе, «тіпті ел басшылығының тапсырмаларын орындау кезінде де мемлекеттік органдар бізге заң талаптарына құрылымдық жағынан да, мазмұн жағынан да сәйкес келмейтін және қойылған міндеттерді толық көлемде іске асыра алмайтын заң жобаларын ұсынады. Ең жаманы, мемлекеттік органдар Конституцияның негізгі ережелері мен қағидаларын да әрқашан ескере бермейді» екенін атаады.

Сонымен қатар заң ғылымдарының докторы Рамазан Нұртаев, халықаралық сарапшы Йорг Пуделька баяндама жасап, заң шығару үдерістерін жетілдіруге қажетті негізгі шараларға тоқталды.

Парламенттік тыңдауларда Сенат депутаттары, Комитеттердің төрағалары Бақтиярұлы Мұрат және Құл-Мұхаммед Мұхтар, Мәжіліс Парламентінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары - басқарма мүшесі Жүрсінов Рустам, заң ғылымдарының докторы, академик Бусурманов Жұмабек сөз сөйледі.

Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауларды қорытындылай келіп, бүгінгі таңда заң шығару процесіне көзқарасты түбегейлі және тұжырымдамалық тұрғыда қайта қарау қажеттігі туындап отырғанын атап өтті.

«Заң мен құқық – біздің күнделікті өмірімізді реттеп отыратын ереже. Формализмнен арылатын уақыт келді. Демек, қазіргі кезде Үкіметтің өз бастамасымен әзірленген заңдарға немесе Парламент депутаттарының бастамасы бойынша дайындалған заңдарға мониторинг жүргізетін пәрменді құралы жоқ, - деді Сенат Төрағасы.

Дариға Назарбаеваның пікірінше, құқықтық мониторингке көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. «Онсыз, бақылаусыз, туындаған мәселелерді талқылаусыз ештеңе болмайды», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Парламенттің жоғарғы палатасы басшысының пікірінше, келесі парламенттік тыңдауларды құқық қолдану тәжірибелеріне арнау керек, сот органдарының, прокуратура өкілдері мен адвокаттарды қатысуға шақыру қажет. «Бұл сот процестерінде тікелей жұмыс істейтін және адамдардың, бизнес пен компаниялардың тағдырын шешетін үш инстанция. Сондықтан мазмұнды әңгіме өрістеуі керек», - деді Д.Назарбаева.

Құқықтық сараптама туралы айтқан Сенат басшысы оның сапасына назар аудара келіп, «сапасы жақсарғанын қалаймыз» деген болатын. Төраға құқықтық сараптама сапасының шарттарын қайта қарау және сарапшыларды іріктеудің нақты тетігін әзірлеу қажеттігі туындады деп санайды.

Төраға сондай-ақ заң қызметтері мен талдаушылар жұмысының әлсіздігін атап өтті. «Біз Парламент жанынан институт құру туралы ұсынысымызды қолдағаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамыз, ол бізге осы жұмысты сапалы әрі дербес жүргізуге мүмкіндік берер еді. Ол Парламент мәртебесін нығайтуда және күшейтуде зор қадам болады», деді Д.Назарбаева.

Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша Сенат бұдан былайғы жұмыстар жөнінде ұсыныстар әзірледі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңес отырысында ұсынымдардың орындалу қорытындыларын қарау туралы шешім қабылданды.