Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Отчеты Правительства Республики Казахстан и Счетного комитета по контролю за исполнением республиканского бюджета об исполнении республиканского бюджета за 2017 год

11.06.2018 0

М.С.ЖҰМАҒАЗИЕВ                                                                                                                                                                   

 

Сенат отырысы

2018 жылғы 11 маусым

ҚР Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің

2017 жылғы республикалық бюджеттің

атқарылуы туралы Есептері бойынша

 

Рахмет!

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Құрметті әріптестер, Үкімет мүшелері  және шақырылғандар!

 

2017 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Есептен, еліміздің экономикасын дамытуда мемлекет Басшысы алға қойған міндеттер мен тапсырмалардың орындалу барысын көріп отырмыз.

Статистикалық деректер бойынша, өткен жылы өндірілген жалпы ішкі өнім көлемі 2016 жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда, 4 пайызға ұлғайды.

Экономикадағы қарқынды өсімге негізгі капиталға келіп түскен инвестициялардың көлемінің артуы ықпал етті.

Макроэкономикалық жағдайдың тұрақтануына байланысты, республикалық бюджет пен Ұлттық қорға түсімдер едәуір ұлғайды.

Өткен жылдан бастап республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау бойынша Есеп комитетінің міндеттері едәуір кеңейтіліп, сол арқылы бюджетті жоспарлау аудитін жүргізу, және өлшемдердің ашықтығын қамтамасыз ету жаупкершілігі артты. Біздің ойымызша, Есеп комитеті өзіне жүктелген жаңа міндеттерді сапалы орындаудың алғышарттарын жасады, сонымен бірге, қаржы жүйесін бақылауда тиімді механизмдерді іске қосуда.

Дегенмен, республикалық бюджетті қалыптастыру және оның сапалы атқарылуына қол жеткізу тетіктерінде бұрыннан қайталанып келе жатқан кемшіліктер бар екендігін мойындауымыз қажет.

Мәселен, еліміздің бюджетін қалыптастыруды жоғарыдан төмен қарай жүргізбей оған кері әдісті қолданатын болсақ, жергілікті жердің мұқтажына қажет шынайы қаржы белгіленері анық. Сонда қаржының шектен тыс игерілмей қалуы, оны тиімсіз және басқа мақсатқа пайдалану айтарлықтай қысқарып, мүмкін мүлдем кездеспеген болар еді.

Сонымен бірге, жыл бойына бюджетті бірнеше мәрте өзгертетін қолайсыз тәжірибеден арылар едік. Өйткені, жыл аяқталуға жақын қалған уақытта бөлінген, қаржыны игеру үшін, әкімшілер еріксіз тәуекел барады.

Өңірлерге депутаттық сапар барысында жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы құрылымдарын, агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерді субсидияландыру Ережесі жөнінде. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі түрлі себептерді алға тартып, осы аса маңызды, және еліміздің агроөнеркәсіп саласы тағатсыз күтіп отырған Ережені биылғы жылы да әлі күнге дейін іске қосқан жоқ. Агроөнеркәсіп саласына қарастырылған қаржының игерілмей қалуына немесе тиімсіз пайдаланылуына әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – осы. Сондықтан, сол Ережені  жыл сайын өзгертудің, жаңадан жасаудың қаншалықты қажеті бар? Ал ішінара түзетулерді тиісті заңнамаларға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес жасауға болмай ма, деген орынды сұрақ туындайды.

Осы, және басқа да түйінді мәселелерді шешу жолдарының бірі – бюджет жүйесі деңгейлерінің арасында жалпы мемлекеттік табыс пен салықтарды бөлудің тұрақты нормативтері негізінде барлық басқару буындарында бюджетті сапалы жоспарлау болып табылады.

Жасыратыны жоқ, алдағы жылға және үш жылдық бюджетті бекіткен уақытта көрсеткіштердің қаншалықты негізді екенін шынайы бағалау қиын. Осы орайда, ең алдымен өңірлердің қаржылық дербестігін, олардың жергілікті бюджеттің кірістерін нығайтуға ықпал ету мүмкіндіктерін кеңейту қажет.

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған бірқатар халықаралық индикаторларға қарағанда, Үкімет ұлттық экономиканы басқаруда тиімді жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтуіміз қажет.

Бірақ, өткен жыл ішінде бюджет бірнеше рет нақтыланып, түзетулер енгізілгеніне қарамастан орталық мемлекеттік органдардың бөлінген қаржыны толық игермеу немесе тиімсіз пайдалану жағдайлары тағы да қайталанды.

Бюджеттік заңнаманы бұрмалаушы әкімшілерге әдеттегідей қалыптасқан шаралар қолданып қоюмен шектелу жеткіліксіз сияқты. Одан гөрі, профилактикалық шаралар, яғни, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, бағдарламалар әкімшілерінің біліктілігін арттыруға, кәсіби шеберліктерін шыңдауға неғұрлым көбірек көңіл белінсе, соғұрлым тиімді болар еді. Бюджеттік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын қарастырғанда осы мәселелерді қатаң ескеріп, шешуші қадамдар жасау қажет.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Есепті мақұлдауларыңызды сұраймын.

Назарларыңызға рахмет!

Бөлісу