Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

РФ Астрахань облысына іс-сапар (11 сәуір 2013 ж.)

12.04.2013 0
АЛТЫНЖАРДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Атырау облыстық  «Атырау» газеті 

16.04.2013 ж. №44

Алтынжардағы   кездесу

Өткен аптада ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегенов пен Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатов Астрахан облысының Красный Яр, Володар аудандарында болды.

Қонақтарды қабылдаған Красный Яр ауданының әкімі Нұрғали Байтеміров жергілікті халықтың 48 пайызы қазақ ұлтынан құралғанын, оларға орыс жерінде барлық жағдай жасалып отырғанын, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды насихаттау қашанда маңызға ие екенін атап айтты.

Қазақстан Республикасының консулы Асхат Сыздықов та шекаралас аудандардың ынтымағы жараса берсін деген тілегін жеткізіп, елге келген сапарында Астрахандағы қандастарына қарайласуды да ұмыт қалдырмайтын сенатор Сәрсенбай Еңсегеновке деген ақжарма алғысын арнады.

- Қазір ҚР Парламент депутаттары Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында ауыл-елді аралап жүр, - деді Сәрсенбай Құрманұлы өз сөзінде, - Қазақ елі мен Ресейдің арасындағы стратегиялық байланыстың тамыры тереңде. Осы достық жібінің үзілмеуіне бәріміз де мүдделіміз.

Жұмекен ақынның жеті томдық шығармалар жинағы мен жұмекентанушы Марат Азанбаевтың зерттеу еңбегін ауыл кітапханасына сыйға тартқан Сәрсенбай Құрманұлы биыл ақынның дүниеден озғанына 30 жыл толуына орай отбасының Құрманғазы ауданына келіп, ас беруді жоспарлап отырғанын да жеткізді.

Күй атасы Құрманғазы мәңгілік мекенін тапқан қасиетті Алтынжар жері де бұл күні қонақтарды қабылдады.

Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама да көңілге қуанышты күй сыйлады. Алтынжарлықтар мәдени-рухани байланыстың алтын жібін жалғап жүрген сенатор Сәрсенбай Құрманұлына деген алғыстарын жаудырып, ауданның жаңа әкіміне табысты еңбек тіледі.

Бақытгүл БАБАШ.

 

 

Құрманғазы ауданының қоғамдық саяси газеті «Серпер»

Жарияланған уақыты: 19 Сәуір 2013. Айдары: Аудан тынысы, Аудан әкімдігінде

Бабалардың сүйегі қалған боз дала Ресей мен Қазақстан достығының куәсі болуда

            Ежелгі көрші Ресей тарихымыздың тереңіне бойлағанда да, бүгінгімізді бүтіндеп, ертеңгімізді ойлағанда да татулық пен достықтың берік тұғыры болуға тиіс ел.
Осындай ой-түйінге тоқталым жасағанда Құрманғазы бабаның есімін иеленген біздер үшін Қиғаштан өтіп Ресей Федерациясының Красный Яр, Володар сияқты ауқымды құрылымдарын аралап, тағдырдың таңдауымен сол өлкелерде сүйектері жерленген Құрманғазы, Сейт бабалардың, Бөкей ханның рухтарына тағзым ету ел болып ірге бекіту, ұлт болып еңсе тіктеуіміздің алғы шарты болмақ.
            Олай десек, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ауданның төл түлегі Сәрсенбай Еңсегенов бастаған делегацияның Ресейге жасаған сапары ел мен елді табыстырарлық, жақсылықтарын жұғыстырарлық, арман-тілектерін тоғыстырарлық рухани маңызы мол, мемлекетаралық қатынаста мағынасы зор рәсім болғаны рас.
Оның үстіне «бармасаң, келмесең сені кім таниды, сен кімді танисың» деген қазақы түйсік-түсінік, ұлтымыздың ұлы ұстанымы бар емес пе? Оны да ұмытпағанымыз жөн.
Сөйтіп, құрамында сенат депутаты, аудан әкімі Амангелді Барақатов, аудан әкімінің орынбасары Абдурахман Муса, Атырау қалалық Мәслихат депутаты Болат Рысқалиев, республикалық «Хабар» телеарнасы, «Атырау» газеті қызметкерлері бар топ шекара өтіп, Ресей жеріне бет алды.
            Мемлекет пен мемлекет аралығы шекаралармен бекітіліп, ол жерден тексерулерсіз, құжаттар толтырусыз өтілмейтіні, соған орай түрлі кідірістер болатыны белгілі. Дейтұрғанмен, кедендік одақ құрамындағы елдердің адамдарына әртүрлі жеңілдіктер бар. Сондықтан қазақстандықтардың Ресей шекарасынан тезірек өтуіне ел мен елдің татуластық пен ынтымақтастық саясатының зор ықпал еткені қуантады. Елбасы саясатының оң бағытына, оның сарабдалдығына сенімің арта түсетіні рас. Ресей шекарасында тексеру деңгейі – жеке басты куәландырған құжат төңірегінде ғана. «Қалтаңда қандай қаржы бар, алып келе жатқаның не» деген бастапқы кездегідей тінтулер алынып тасталған.
            «Қараөзектегі» шекара бекетінде қазақстандық сапаршыларды Қазақстан Республикасының Астраханьдағы консулы Асхат Үрестемұлы Сыздыхов қарсылап алды.
Красный Яр ауданы әкімдігінде көршілестік кездесу деңгейінде, танысу, мәслихаттасу дәрежесінде өткен шағын жиналысты Красный Яр ауданы басшысы Нұрғали Байтеміров ашып, өз елінің экономикалық, мәдени жетістіктері жөнінде айтып берді. – Аудан тұрғындары көпұлтты, орыстар 35, қазақтар 48, ноғайлар 11 пайыз. Ұлтаралық қатынас татулық пен бірлікке, өзара ынтымақтастыққа негізделген. Адам өлімін азайтудың ең жоғары көрсеткішіне жетіп отырғанымызды да мақтан ете аламыз,-деді Нұрғали Исмағұлұлы. Өз кезегінде сөз алған Сәрсенбай Еңсегенов Қазақстанда қолға алынып жатқан экономикалық-әлеуметтік бағыттағы жұмыстардың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жария еткен «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқандығын баяндап берді. -Біздің бұл сапарымыз Ресей жерін мәңгілік мекен еткен Ұлы бабаларымыз Құрманғазы, Сейіттердің, Бөкей ханның бастарына тәу етумен қатар, сіздердің ежелгі көршілерің Құрманғазы ауданына жаңадан сайланған әкім Амангелді Барақатовтың уақыт оздырмай өздеріңізбен жақындау танысып, бұрыннан да ресми түрде қалыптасқан, жылдан-жылға алға озған өзара қарым-қатынасты нығайта түсуіне септесу, тілектес болуды көздейді,-деді халық қаулысы.
-Халық пен халықтың, ел мен елдің арасындағы достық пен ынтымақтастыққа жететіндей жақсылық пен жарасымдылық кем де кем. Бұл орайда көршілес жатқан Красный Яр мен Құрманғазы аудандарының тарихы мен бүгінгісі үлкен өнеге, қайталанбас үлгі,-деп сөз жалғады Асхат Сыздыхов. -Дәстүрлі экономикалық, мәдени, спорттық, экологиялық бағыттағы ортақ қызметтерімізді жалғастыру, одан әрі жақсарта түсуді аудан әкімі ретінде маңызды борыш санаймын,-деп, көршілік кең қатынас, оң көзқарас, бүкпе-бүркемесіз аралас-құраластың болуын тілек етті Амангелді Кеңесұлы. Шағын жиналыстан соң аудан орталығын бойлап, ағыны шүйіріліп, жағасын үгіп, иіріле толқып жатқан Бузан өзенінің тамаша табиғатына сүйсініп, әңгіме өрбіткен екі ауданның өкілдері мешітке кіріп, исламдық ишарамен оқылған дұғаға қол жайып, мұсылмандық парыздарын өтеді.   Красный Яр селосынан арқа тұсқа, Бәйбек бағытына бет түзеген олар түске жақын Кіші аралдағы Бөкей хан кесенесіне кіріп, хан мен ханшайым зиратына, осы жердегі Сейіт баба бейітіне дұға етіп, зиярат қылды. Бәйбек ауылындағы кітапханада болғанда Сәрсенбай Құрманұлы Жұмекен Нәжімеденовтің жақында баспадан жарық көрген 7 томдық жинағының 3 топтамасын ескерткіш сыйлық ретінде бәйбектік бауырларға тарту етті. -Қазақтың ақиық ақыны, Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі Жұмекен атасы Нәжімеденнің тәрбиесінде болғаны тарихтан белгілі. Нәжімеден ақсақал 1956 жылы «Родина» колхозының орталығы, біздің қазіргі табанымызды басып тұрған Бәйбекке көшіп келіп қоныстанады. Кейіннен осы колхоздың қыр бойындағы телімі – Азауға көшеді. Көп уақытқа дейін ол кісінің жерленген орны белгісіз болып, осыны анықтауға көмектесуді бұрын Бәйбек ауылдық кеңесінің төрағасы болған Нұрғали Исмағұлұлынан сұраған едім. Нұрекең менің өтінішімді орындап, Нәжімеден абыздың бейітін тауып берді. Сол үшін оған үлкен рахметімді айтамын,-деді қазақстандық Сенат депутаты.
            Атыраулықтар сапарының тағы бір жоспарланған мән-мағынасы зор шарасы Алтынжардағы Құрманғазының кесенесіне тәу етіп, Ұлы күйшінің атындағы мәдениет орталығына соғып, күллі қазақ үшін тәрбиелік маңызы мен тарихи орны ерекше осы бір кешеннің бүгінгі жай-күйімен таныса кету еді.
            Күй өнерінің құдіреті дарыған атышулы бабамыздың сүйегі сағым боп қалқып, санада ғана сағынышы қалған сонау ХІХ ғасырда қалың қазақ, қабырғалы ел орныққан, атауы жүректерге жылы ұшырап тұратын, бұйраттары малақайдың төбесіндей дөңгеленген Алтынжардың дөң қыратының бірінде орын тепкен екен. Өткенін еске алып, баяғысына оқтын-оқтын ойша болса да бет бұрып тұрмаса бүгінгі тіршілігін баянды да бақытты санай алмайтын тәубешіл қазақ аруақты аталарының мәңгілік жаны жай тапқан жеріне ат басын бұрмай тұра алмайды.
            Алтынжар телімі Красный Ярдан есептегенде 60 шақырым қашықтықта болғанымен Ресейдің тақтайдай тегіс тас жолымен жүргенде біздегідей соқпасы мен сілікпесі естен танытатындай тақсырет тартпай, жеп-жеңіл жетіп барып, ол бойдың күні бүгін де қатары сиремеген қайран қазағының қамқорлығына алынған Құрманғазы кесенесі мен мәдени орталыққа көз қуантып, көңіл көншітіп жадырап қайтты ол күнгі ресми сапардың қатысушылары.
            Кесенеге кіріп, дұға бағыштаған қонақтар мәдени орталықта болып, оның директоры Нұржан Медетов, Володар ауданы әкімдігінің басшысы Батыршын Мендиев, Астрахань бойы қазақтарының жоғын жоқтап, барын базарлы қылудан танбай жүрген ақсақал, Астрахань қазақтарының бастарын біріктіріп, арман-тілектерін бір арнада тоғыстырып отырған «Жолдастық» аталатын қауымдастықтың ірге тасын қалаушы, оның ұзақ жылғы төрағасы Никита Ысқақов, «Сейт баба – Бөкей хан» қорының төрайымы Алена Камзенова сияқты ел белсенділерімен, қазақ қамқоршыларымен пікір алысты. Әкімдік басшысы Батыршын Ғапурұлы қонақтарға «қош келдің» айтып, екі ел болашағына бақ пен береке тіледі. Өз кезегінде Сәрсенбай Құрманұлы орталықтағы мұражайға Құрманғазы бабаның Астанадағы ескерткішінің көшірме суретін сыйлады.
            Мұражайды аралаған қонақтар бұл ғимараттың жабдықталуына, экспонаттардың молдығы мен сәндігіне, сақталу деңгейіне ризашылықтарын білдірді. Сәрсенбай Еңсегенов мұражайдың келушілер кітабына тілегін жазып, қолтаңба қалдырды.
Орталықтың жанындағы «Атамұра» атты фольклорлық ансамбль қазақтың ескі әндерін де, бүгінгі сазды әуендерін де тамылжыта шырқап, тыңдаушыларына таңдай қақтырды. Ресейдің жерінде Құрманғазы күйлері 2 сағатқа созыла, толассыз күмбір қақты. Сөз кезегін алма кезек алған қонақтар мен ресейлік қазақтардың риясыз ақтарған тілек-лебізінен тарих беттері парақталып, жанды жадыратқан, көңілдерді зәу биікке көтеріп, жалындатқан, асау армандарды жүрек түкпірінде тулатып, арындатқан ыстық ықылас, ажырамас ынтымақ, қазақтың дархан даладай кең пейілі байқалып тұрды.
            Бабалардың сүйегі жатқан боз дала ұлан-ғайыр қуаныш-жақсылықтардың куәсі болудан жазбағай-ды.

М.ХАМЗАҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

Бөлісу