Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Ұлтты ұлықтау

11.06.2019 0

Мұхтар Құл-Мұхаммед

 

Ұлтты ұлықтау

 

Сәрсенбінің сәтінде өткен ұлықтау рәсімі Қасым-Жомарт Кемелұлының өз мінезіне ұқсас салмақты, сабырлы жағдайда өтті. Біз сарайдан шыға бере Алланың нұры жауды. Ежелден ырымшыл халықпыз ғой. Осының бәрін жақсылыққа баладық.

Биылғы сайлау Шәкәрім атамызша айтқанда, бұрынғы сайлаудан өзгеше болды.

Ең алдымен, жеті бірдей үміткер бәйгеге түсті. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай.

Екіншіден, төрт бірдей партия, үш үлкен қоғамдық ұйым өкілдері сайлауға қатысты. Бұл да алғаш рет орын алып отыр.

Үшіншіден, барлық үміткерге бірдей жағдай жасалып, баспасөзде, электронды ақпарат құралдарында теңдей орын берілді.

Төртіншіден, сайлау мейлінше ашық өтті. Оның айқын дәлелі –  алыс, жақын елдерден 1000-нан астам бақылаушының келуі.

Сайлаудың нәтижесі Қазақстанда жаңа саяси жағдайдың орын алғандығын дәлелдеді. Әрине, сайлау болған соң бәсеке болады. Тіпті «сайлау» сөзінің мағынасы да «іріктеу», «таңдау» деген сөзбен төркіндес, тамырлас.

Осы саяси додада Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағы жанып, халықтың шынайы қолдауына ие болды. Бұл бәріміз күткен заңды нәтиже еді.

Әдетте, шет елдерде мұндай үлкен доданың соңы оған қатысушы үміткерлердің келіспеушілігіне, дау-дамайына ұласатын жағдайлар да жиі орын алады. Бізде мұның бірі де болған жоқ. 7 үміткердің жетеуі де сайлау нәтижесімен толық келісіп, бірін-бірі риясыз көңілмен құттықтады. Мен бәрінен де осыған қуандым. Қазақстанның жаңа саяси элитасының ішкі мәдениеті, береке-бірлігі орнығыпты.

Сайлау нәтижесін оны бақылаған беделді халықаралық ұйымдар мен бақылаушылар мойындап, әділ бағасын берді. Әрине, бәйге болған жерде ұсақ-түйек кемшіліктер де болады, бірақ оның жалпы нәтижеге еш көлеңке түсіре алмасы анық.

Ел сеніміне ие болған Президенті әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының кешегі, бүгінгі Бас хатшылары, іргедегі – Ресей, арыдағы – Қытай, Еуропа мен Азияның көптеген мемлекеттерінің басшылары құттықтады. Осының бәрі Қасым-Жомарт Кемелұлының ғана емес, барша қазақ халқының, бүкіл Қазақстанның абыройы, беделі. Ендеше барша отандастарымызды осы құт-берекемен құттықтаймын.

 Осындайда көңілге кірбің түсірген тағы бір жайды айтпай кетуге болмайды. Ол – қайдағы бір арам пиғылды араңдатушылардың сөзіне алданған жастардың екі қаладағы алаңға шығуы.

 Албырт, аңғал жастарда еш кінә жоқ. Кінәнің бәрі Париж бен Лондонның сәнді сарайларында өздері байлыққа бөгіп отырып, жап-жас іні-қарындастарын, тіпті баласындай адамдарды заң бұзушылыққа, араңдатуға айдап салып отырған Әбіләзов сияқты арамзаларда деп білемін. Ол Президентті былай қойып, өзімен талай жылдан бері оппозицияда бірге болған Әміржан Қосановтың өзін жерден алып, жерге салып, оның атына не бір былғаныш сөздер айтып, зәр-запыранын төкті. Қайта Әміржан нағыз азамат екен. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан солардың біреуіне де пысқырмады. Егер өмірдің талай өткелектерінен өткен мұндай азамат күні ертең мемлекеттік қызметке келсе, мен қуана қол соғатын боламын.

Хәкім Абайдың: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», - деген сөзі дәл осы жастарға қаратып айтылғандай.

Сондықтан менің айтарым: «Ішіне өзінің қулық-сұмдығын, арам пиғылын сақтаған ондай арамзаларға сенбе, өзіңнің біліміңе, кәсібіңе, күш-қуатыңа сеніп, туған халқыңа қызмет ет. Еліңмен бірге сен де өс, өркенде», - дер едім.

Президент Қ-Ж. Тоқаевтың ресми қызметіне кіріскен рәсіміндегі сөйлеген сөзінен жастарға деген әкелік қамқорлық самал желдей есіп тұр. Онда жастардың білім алуы, жаңа мамандық игеруі, кәсіп ашуына арналған қаншама игілікті ұсыныстар айтылған.

Бүкілхалықтық мандат алған Президенттің елдің әл-ауқатын көтеру, жемқорлықты жою, құқық қорғау жүйесін реформалау, еңбекпен қамту, тұрғын-үй, әлеуметтік көмекті күшейту, өңірлерді өркендету, рухани жаңғыруды жалғастыру, сарабдал сыртқы саясат және ел болашағы – жастарды қолдау сияқты іргелі 10 бастамасы жұрттың көкейінен шықты.

Енді жаңа ғана сайланған Президент қана емес, барша ұлт ұлықталған күні айтылған осы бастамалардың рет-ретімен жүзеге асып, «игілік баршаға» бұйырып, бүкіл елімізге құт-береке болып келе беруін тілейік.

 

«Айқын» газетасы, 13.06.2019 жылы

Бөлісу