"2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" және "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Қазақстан Республикасының Заң жобалары
БАЯНДАМА
Құрметті төраға, құрметті әріптестер!
Бүгін Сіздердің қарауыңызға еліміздің негізгі қаржы құжаты – «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобалары ұсынылып отыр.
Үш жылдық бюджет Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы негізінде және Бюджет кодексіне сәйкес еліміздің 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сай әзірленген, сондай-ақ бюджеттің мұнайдан тәуелділігін төмендету бойынша үдемелі саясатты іске асыруды қамтиды.
2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстарының басымдықтары 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес келеді. Бұл – әлеуметтік саланы, аграрлық секторды, индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті, экономиканы цифрландыру мен көлік инфрақұрылымын дамыту. Мәселен, бюджет жобасында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне қосымша ақы төлеуге, ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, жергілікті маңызы бар жолдарды дамытуға және т.б. маңызды әлеуметтік жобаларға арналған шығыстар көзделген.
Ең бастысы, бұл заң жобасында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқындалған міндеттерді қаржыландыруға нақты қадам жасалынған. Ендігі кезекте – осы бөлінген бюджет қаржыларын игеруде ысырапқа жол бермей, әр теңгені үнемдеп, тиімді және өз мақсатына жұмсалуы қатаң бақылауға алынғаны жөн деп білемін.
Ал, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы бюджетті тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етуге және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған.
Заң жобалары жұмыс тобының отырысында жан-жақты зерделенді.
Жұмыс тобының отырысында еліміздің өңірлерінің инфрақұрылымы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына ұсыныстар талқыланды.
Бұл ұсыныстар салыстырмалы кестеде жинақталған, соны талқылауға көшейік.