Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Жаңалықтар

Д.Назарбаева: Сенаторлар азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттыру жөніндегі заңдармен жұмыс істейтін болады

23.01.2020 320

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы болды.

Сенат Төрағасы кіріспе сөзінде депутаттар жыл басында аймақтарға барғанын және жергілікті жерлердегі жұмыстың жағдайымен, заңдар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асу барысымен, жергілікті атқарушы органдардың қызметімен танысқанын атап өтті. «Бұл сапарлардың нәтижелері депутаттық сауалдардың негізі болады әрі парламенттік тыңдауларда, үкімет сағаттарында және басқа да кездесулерде талқыланады және комитеттердің ұсыныстары мен жұмыс жоспарларына енгізіледі», - деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы Палата комитеттеріне заң шығару жұмыстарын заң жобаларын әзірлеушілермен үйлестіруді тапсырды. Үкімет 2020 жылға арналған жоспарды бекіткен болатын, оған аса маңызды мәселелерді шешуге және Тұңғыш Президент – Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға арналған 17 заң жобасы енгізілді.

Сенат Төрағасы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру аясындағы палатаның негізгі міндеттеріне жеке тоқталды.

Дариға Назарбаева сенаторларға заңдарды қабылдау кезінде азаматтар құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттыру, арандату іс-әрекеттеріне құқық қорғау органдары немесе арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту, заңнамадағы барлық қайшылықтарды азаматтар мен бизнестің пайдасына түсіндіруді қамтамасыз ету, оларға мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынаста тең жағдайлар жасау, биліктің аудандық, қалалық және ауылдық деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.

Парламент жоғарғы Палатасының басшысы «Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің жағдайы», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту» тақырыптарына арналған парламенттік тыңдаулар өткізу қажеттігін атап өтті.

Жоғарғы палата Төрағасы отырыс барысында Сенат жанынан құрылған кеңестердің жұмысы туралы әңгімеледі. Д.Назарбаева парламенттік тыңдауларға дайындық барысында ауыл шаруашылығы саласының көптеген өкілдерімен кездесулер болғанын айтты. «Олар көтерген мәселелер кеңінен талқылауды талап етеді. Сенат жанынан Агроөнеркәсіп кешені жөнінде кеңес құру қажеттігі туындады», - деді Палата басшысы. Жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарау мақсатында желтоқсан айынан бастап Парламент Сенатының жанында Жастар кеңесі жұмысын бастады, деді Д.Назарбаева.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров сөз сөйледі. Ол сенаторлардың ел аймақтарындағы, оның ішінде шалғай ауылдардағы 460 кездесуінің қорытындысы туралы айтты. Төраға орынбасары азаматтардың аймақтарда айтқан ескертулерімен және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарымен әріптестерін таныстырды. «Халықпен кездесу барысында бірыңғай жиынтық төлем төлеу, атаулы әлеуметтік көмек алу шарттары, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің бюджетін қалыптастыру (4-ші деңгей) және «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасы аясында тірек ретіндегі ауылдық елді мекендерді анықтау мәселелері бойынша заңнаманы жетілдірілудегі кемшіліктер туралы сын ескертулер айтылды», - деді ол.

Отырыс барысында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылданды.

Бөлісу