Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Саяси құрылымы берік мемлекеттің көші де түзу болмақ

13.04.2022 0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауын: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек» деп бастады. Расында да солай. Өйткені бұл жолы еліміздегі жиі айтыла беретін ағымдағы бағдарламалар, әлеуметтік саланың мәселелері емес, Жаңа Қазақстанды құру мақсатының негізі болатын саяси реформаларды жүзеге асыру ісі міндеттелді.

Тәуелсіз Қазақстанның өткен отыз жылы биік қырға шығып, қайта түскендей әсер береді. «Биік қырға» дейтінім аталарымыз алысып, аңсап өткен еркіндіктің, бостандықтың не екенін білдік, рухымыз аспандады, тілімізбен, дінімізбен, тарихымызбен қайта қауышқандай болдық, қазақ деген халықты дүние жүзі танып білді. Халқымыз экономикалық формацияның өзгерісіне де төтеп берді, санаулы жылдарда елдің әлеуметтік жағдайы да дұрыстала бастады. Дегенмен Тәуелсіздіктің елең-алаңында еліміздің саяси құрылымындағы белгілі миссиясын атқарған авторитарлық жүйенің уақыт өте келе шегенделіп, тапжылмай қалуы – бар биліктің бір адамның қолына шоғырлануы ел өмірінің бар саласын басынан бөгеген ағынсыз судай тыныссыз тоқырауға әкелгенін уақыттың өзі көрсетті. Және оның салдары мойны озық елдердің ілгері көшіне теңелу үшін саяси жаңарып, қоғам мен биліктің тізе қосуы, пікір алуандығы болуы керектігін меңзеді. Көшті бастайтын экономика емес, қайта сындарлы саясаты бар, қоғамды ести алатын, басқаруға қолайлы саяси құрылымы жетілдірілген мемлекеттің жүгі аумайтынын уақыт дәлелдеді.

Президент Жолдауындағы «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес» деген лебіз жұрт көкейінен шыққан негізгі түйіннің бірі болды. Саяси жаңғыру түптеп келгенде қоғам мен билік арасының алшақтамауы, түсіністік орнауы болып табылады. Демократиялық қатынастарды орнату үшін соңғы бірер жылда ғана жаңашылдығы «елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашқан» оннан аса заң қабылданды. Бұл Жолдауда Президент ұсынған елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасына, реформаларға негіз болатыны сөзсіз. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бастамалар осыған дейін жүргізілген өзгерісті жұмыстардың жалғасы болуымен қатар, «қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізетінін» және «мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз ететінін» атап кетті. Уақыттың да, жұрттың да күткені осылар екені тағы айқын.

Жолдауда Президент өкілеттігі туралы айтылды. Бір адамның саяси үстемдігіне барынша шектеу қою үшін Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңес төрағалары, мүшелері міндетті түрде партия мүшесі болмайтындығы айтылды. Соған сәйкес жергілікті жердегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарлары да партия филиалдарынан шығады. Сонымен қатар биліктің бір қолда шоғырлануынан болатын тамыр-таныстықтың, олигархиялық топтардың күш алмауы және сыбайлас жемқорлықтың тамырланып кетпеуі үшін Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық жасауға тиым салынатын болады.

Жолдауда айтылған өкілді билік тармағын қайта құру да уақыты піскен, халық күткен өзгеріс еді. Мұның басты мақсаты Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, парламенттің рөлін арттыру еді. Алдымен Сенатты жасақтау тәртібіне және оның атқарар қызметін қайта қарауға мән берілді. Қазір жоғарғы палатада 49 депутат бар. Әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды. Мұндай құрылым осыған дейін заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал жасауына мүмкіндік беріп келген еді. Мұның өз уақытында тиімділігі болмай қалған жоқ, бірақ уақыт бір орнында тағы тұрған жоқ. Сондықтан Президент уақыт өзгерістерді де қажет ететіні туралы өте нақты әрі дұрыс айтты деп білеміз. Енді Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10-ға дейін азаятын болды.

Саясаттағы артықшылық пен жасандылық өзін ақтамайтын көрініс екені қоғамда ашық сынға ұшырап жатады. Расында, Парламент қонақ болып төрде отыратын орын емес, бұл халықтың іріктеген ақыл-ойы, ерік-жігері. Парламенттің төменгі палатасындағы өзгеріс қоғам пікіріне құлақ асудың тамаша тәжірибесі дер едік. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылып, ол Сенатқа ауысатын болды. Онда да 9 депутаттан 5 депутатқа дейін кемиді. Сенатқа сол бес депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі түрлі этностық топтардың өкілдерінен ұсынады, олар Президент Жарлығымен мандатқа ие болады. Ал Мәжілісте 9 депутат орны азаяды.

Президент ұсынған Жаңа Қазақстанның мәні азаматтық қоғамы қалыптасқан, қоғам мен билік арасы тонның ішкі бауындай жақын, түсіністік тапқан мемлекет құру болмақ. Бұл тұрғыда елімізде сайлау жүйесін жетілдірудің маңызы аса зор екенін уақыт меңзеп отыр. Қазақы түсінікке салсақ, сайлау таза, ашық, әділ өтсе ғана, Парламентке де, жергілікті мәслихаттарға білімді, алдыңғы ойлы депутаттар сақадай іріктелетін болады. Ал атқару органдарына білікті мамандар, елім, Отаным дейтін патриот адамдар барады. Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылы жас мемлекет үшін қай жағынан да өсу, тәжірибе жинау, жетілу уақыты болды. Сайлау жүйесіндегі кешегі тиімді деген пропорционалды тәсіл бүгінгі күннің талабынан шықпады. Бұл тәсілдің уақытында партиялық жүйені дамытуға ықпалы болғанмен, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмады. Мұның өзі сайлау жүйесінде де жасандылыққа ұрындырды. Сайлау учаскесінде сайлаушылардың кімге дауыс беруі маңызды болмады, ал Мәжіліске, мәслихатқа сайланған депутаттардың кім екеніне назар да салмады. Сайлау комиссиясында да «жоғары» жақтың айтқаны болып жатты. Осындай көзбояушылықтар мен жасанды жұмыстар адамдардың сайлауға деген сеніміне селкеу түсіргені анық. Солай болмау үшін де Президент енді Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатынын айтты. Сайлаудың аралас үлгісінде депутаттар құрамы ұлттық және өңірлік деңгейде көрініс табады, бұған сайлаушылар мүддесі де сәйкес келеді. Сайлау жүйесін жетілдірудің өзі сайлаушылар мүддесін алға қою, қоғаммен санасу ғой. Саяси партиялар өкілдері мен қоғам белсенділерін сайлау комиссияларының құрамына енгізу саяси науқандағы әділеттілікті қамтамасыз етумен бірге, оған деген адамдар сенімін арттыра түседі. Әділ өткен сайлау заң шығару және билік органдарын білімі терең, ұлт мүддесіне берік депутаттармен, білікті мамандармен жасақтауға мүмкіндік береді.

Ұлт ұстазы, биыл 150 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтетін Ахмет Байтұрсынұлы сайлаудың маңызы туралы осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан екен. Ахаң жарықтық «Сайлау көп үшін берген нәрсе, көп пайдасын көздеп сайланса, яғни «мынау – халыққа тыныштық, пайдалы, зарарсыз адам, анау – бұзық, зарарлы, зорлықшыл, қиянатшыл адам», деп тексеріп, таңдап сайласа, сайлау дұрыс, өз мағынасында болғаны. Халықтың пайдасы, зарары қаралмай, «мынау туғаным-туындасым я құда-құрмаласым», деп яки «мынау анадан пәлендей сомын артық беріп тұр ғой», деп сайланса, ол сайлау емес, құр талас, я сауда», деп сайланған адамның да, сайлаған сайлаушылардың да жауапкершілігі үлкен, мүдде ортақ болуы ортақ міндет екенін ескертеді. Тіпті, Ахаң: «Жұрт өзіне тыныштық, зарарсыз ауылнай сайласа, көптің пайдасын, өзі басының пайдасын көздеп ақшаға сатпайтын адамнан елубасыларын сайласа, бұзық би, бұзық болыс шығар ма еді? Әлбетте, шықпас еді. Олай болғанда, біздің дерттің тұқымы народный сотта емес, халықта жатыр», деп сайлаудағы жауапкершілік таразысының басын сайлаушылардың өзіне аудара сөйлейді. Ұлт ұстазы бұл жерде ел жағдайының жақсаруы, мойны озық жұрттарға ілесу үшін қоғамның белсенділігі, саяси оянуы қажеттігін меңзеп отыр. Ұлт ұстазы бұл сөзді айтқан уақытпен арамызды тұтас ғасыр бөліп тұрса да, бүгін әділ сайлаудың маңызы артпаса кеміген жоқ, болашақта да ол демократия дамуының негізгі шартының бірі болып қала бермек.

Жолдауда жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру туралы өте орынды айтылды. Бұл үшін Президент жергілікті мәслихаттар өкілеттілігін белгілеуді тапсырды. Жергілікті өзін өзі басқару жетілдірілген сайын адамдар масылдық психологиядан арылады. Кейде адамдар өздері тұрып жатқан қалалар мен ауылдардағы кез келген тұрмыстық мәселелер үшін жоғарыға қол жайып отырады. Бұл орайда жергілікті жердегі резервтер өте мол дер едім. Халқымыздың асар секілді жаңғыртатын жақсы құндылықтары жетеді. Қазір елімізде еріктілер, волонтерлер ісі жанданып келеді. Адамдар өзі тұрып жатқан өңірдің ой-шұқырын, кем-кетігін жақсы біледі. Сондықтан туған жерде тұрмысты жақсартуға жұртшылықты жұмылдырып, өзекті мәселелердің шешімін табуына әркімнің қатысуына серпін бергенде бүгінгі ұрпақтың бойында туған жерге деген перзенттік сезімді тәрбиелейді. Ұрпақ санасының жаңғыруы мемлекет көшін түзейтін де саяси жаңғыруға ұласады.

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты

 

  

Источник:  https://egemen.kz/article/309178-sayasi-qurylymy-berik-memlekettinh-koshi-de-tuzu-bolmaq

Поделиться