Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Выступление на выездном заседании в Актобе

01.10.2018 0

М.С. ЖҰМАҒАЗИЕВ,

депутат, аграрлық мәселелер,

табиғатты пайдалану және ауылдық

аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі

 

ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚЫЗМЕТІН

ДАМЫТУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТЕТІКТЕРІ

 

Ақтөбе қаласы                                                    2018 жылғы 27 қыркүйек

 

Құрметті Бердібек Машбекұлы!

Құрметті әріптестер және ақтөбеліктер!

 

ХХІ ғасыр – жоғары инновациялық технологиялардың, бәсекеге қабылетті ғылым мен озық идеялар дәуірі. Сондықтан, елімізде жер қойнауын пайдалану қызметін дамытудың құқықтық тетіктерін жаңғырту, жаһандық интеграцияға бейімдеу қажеттігі туындады. Жер қойнауын пайдалануда кен орындарын барлауға құқық беру жүйесін түбегейлі жеңілдету жөнінде бұдан бұрын да айтылып келе жатқан болатын. Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында және Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырды.

Осыған орай, Президенттің тікелей бастамасымен 2017 жылғы 27 желтоқсанда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтурылар енгізу туралы» Заң қабылданып, бүгін осы құжаттар бойынша кеңінен пікір алысуды мақсат етіп отырмыз.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі осы Кодекс пен ілеспе заңды іске асыру жөнінде шаралар белгілеп, қабылдануы қажет құқықтық актілердің тізбесін бекітті.

Аталған Кодекс пен ілеспе Заң «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 74-ші және 75-ші қадамдарын орындауға бағытталған. Жоғарыда атап өткен құжатттар өткен жылы жаңа парламенттік маусым басталғаннан-ақ Парламент қабырғасында қызу талқыға түсті. Ол өте орынды деп ойлаймын. Өйткені, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті жер қойнауын пайдаланушылар ғана емес барша жұртшылық күтті.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң еліміздің жер қойнауын пайдалану саласының кодификацияланған актісін қабылдау қажеттілігіне байланысты әзірленді. Осыған байланысты Экология, Су, Әкімшілік кодекстеріне және бірқатар заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізілді.

Кодекс пен ілеспе Заң нормалары ең бірінші кезекте ел экономикасының және жұртшылықтың әл-ауқатының өсіміне оң ықпал етеді. Қазақтың қасиетті жерінің астындағы да, үстіндегі де байлықты тиісті нормаларға сәйкес халқымыздың мүддесіне тиімді пайдалану жолдары белгіленді.

Ең бірінші, Мемлекетке ғана тиесілі жер қойнауы мемлекет пен қоғамның игілігіне жұмсалады. Сонымен бірге жер қойнауын пайдаланудың шарттары неғұрлым ашық түрде жүргізіледі. Және «Бірінші келдің – бірінші алдың» деген австралиялық қағидат бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы берілді. Кодекс жобасы аясында ұсақ кен орындарында асыл металлдар мен тастарды өндіруді регламенттеу мақсатында бағалы металлдар бойынша жер қойнауын пайдаланудың жаңа түрі – старательдік өндіру енгізілді.

Заң жер қойнауын пайдалану саласын реттеудің кешенді, ашық және тиімді жүйелерін жасау мақсатында нормативтік актілерді жүйеге келтіруге бағытталды. Соған байланысты жер қойнауын геологиялық зерттеуге инвестиция тарту механизмі іске қосылады. Жер қойнауына зерттеу жүргізгеннен кейін жауапты тұлға өзі тапқан геологиялық ақпаратты мемлекетке тапсыруға міндетті.

Жер қойнауын пайдалану саласы дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, жеке зерттеушілер жинаған геологиялық жаңалықтар барлау жұмыстарының өсіміне себепші болады. Сондықтан жаңа механизм еліміздің геологиялық әлеуетін ұлғайтып, бұл саланы одан әрі дамытуға серпін беріп отыр.

Қазіргі заманға сай, Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын көтере отырып, пайдалы қазбалар қоры бойынша халықаралық стандарттарға көшу қажет. Бұл орайда осы салада кеңінен тараған CRIRSCO минеральдық қор бойынша есептіліктің халықаралық жүйесін енгізу Ұлт жоспарының 74-ші қадамында алға қойылған.

Кодекс пен ілеспе Заң нормаларында кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін ережелер қарастырылды. Мысалы, қатты пайдалы қазбаны барлауға келісімшарт қорытындысын алмастыру бөлігінде лицензиялық режиммен жер қойнауын пайдалану құқығын алу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Сол сияқты, бірыңғай төлемді енгізу уақытша шығындарды едәуір қысқартады.

Геологиялық ақпаратты іске асыру, барлау және өндіру тәртібін жетілдіру, жобалау құжаттарын әзірлеу мен бекітуді неғұрлым жеңілдету, CRIRSCO халықаралық жүйесін енгізу, сол сияқты, инвесторлар үшін кепілдіктер – жер қойнауын пайдалану саласына инвесторлар тартуға, еліміздің геологиялық табыстарын арттыруға нақты түрде ықпал етеді.

Жаңа Кодекс жобасында көзделген жаңа тәсілдерді іске асыру экономикалық өсімнің тұрақтылығына, минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге, геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізуге кепіл болады. Сонымен қатар, келешекте қосымша жұмыс орындарын құруға, жеке өңірлерді дамытуға, еліміздің  бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға көмектеседі. 

Парламент Сенатында осы Кодекс пен ілеспе Заң жобалары бойынша біздің тұрақты орган бас Комитет болып белгіленіп, жобаларды жүргізу маған тапсырылды. Жұмыс барысында жобаларды талқылауға бірқатар ведомстволар мен ұлттық компаниялардың өкілдері, сарапшылар тартылды.

Сонымен бірге, құрметті Бердібек Машбекұлы, Сіздің басшылығыңызбен кең тараған пайдалы қазбалардың «көлеңкелі айналымына» жол бермеу сияқты ұсыныстарыңыз жұмыс тобының отырыстарында кеңінен талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тапты, тиісті Заңға енгізілді.

Әрине, қазіргідей ғарыштық жылдамдықпен өзгеріп жатқан дәуірде заңнамалық актілерге де бірқатар өзгерістер енгізілуі заңды құбылыс. Сондықтан Парламентте бұл құжаттар тағы да талқыланып, жергілікті атқарушы және өкілді органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады деп есептеймін.

Комитеттің бүгінгі көшпелі отырысына осы Кодекс пен Заңды әзірлеген Инвестициялар және даму, Энергетика министрліктерінен вице-министрлер қатысып отыр. Олар өздерінің баяндамаларында жер қойнауын пайдалану қызметін дамытудың құқықтық тетіктері жөнінде кеңінен әңгімелеп, осы орайда туындайтын сұрақтарға жеткілікті жауап береді деп ойлаймын.

Назар салғандарыңызға рахмет!

Поделиться