Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Еgemen Qazaqstan

19.12.2018 0

Балалар құқығын қорғаудағы бетбұрыс.


Балалар құқығын қорғаудағы бетбұрыс Балалардың құқықтық мәртебесін мойындауға адамзат ғасырлар бойы ұмтылып келеді. Қазіргі уақытта кез келген кәмелетке толған, әрекетке қабілетті адамдарға қатысты баланың абсолютті, басым мәртебесінің декларативті мойындалғаны мен белгіленгенін адамзат жетістіктерінің бірі ретінде қабылдауға болады.

Бірақ адамзат тарихында балаға ересек адамның билік жүргізу ұста­ны­мы бала құқығы тұрғысынан негіз қалаушы ұстаным болған кездер бар. Ата-ана құқығының бала құқығынан үстем болуы ұзақ уақыт бойы қоғамда қалыпты жағдай саналды. Ата-ананың баласын өлтіруге және сатуға деген құқығын осындай қатынастардың шегі деп санауға болады. Бұл кей елдерде ХІХ ғасырға дейін сақталды. Мысалы, Римде әке билігі бәрінен жоғары тұрды. Жеке қарым-қатынаста, жаңадан дүниеге келген баласының өмірін сақтап қалатыны немесе сақтап қалмайтыны әкенің еркінде болды: ол оны тіпті лақтырып тастай да алатын еді. Әкесінің өз балаларын бүтіндей құлдыққа немесе мемлекет ішінде құлдыққа сатуына құқығы болды. Әрине, іс жүзінде жағдай басқаша болуы да мүмкін, бірақ заң жүзінде әке баланың жеке басының шексіз билеушісі болды. Ежелгі Қытай құқығы отағасын оның билеушісі ретінде айқындады. Көне заманда басқа балалардың ал­­­дын­да бірқатар басымдықтары болған үлкен баласынан басқа балаларын сата алды. Ұлын немесе немересін әкесінің, анасының, әкесі жағынан атасы мен апасының ұрып-соғып өлтіргені үшін жазаланбауы ХІХ ғасырға дейін сақталып келді. Рұқсатсыз үлкен отбасынан бөлініп шығуға немесе отбасылық мүліктің бір бөлігін иемденуге тырысқан ұлдары мен немерелері де жазаға тартылды.  Русьте ата-анасын өз балаларының құқықтары мен өліміне қатысты қандай да бір құқықтары формальды түрде болмағанымен, ата-ана билігі анағұрлым күшті болды. Алайда балаларды өлтіру ауыр қылмыс ретінде қаралмаған. 1846 жылғы Жинақ бойынша баласын өлтіргені үшін әкесі бір жылға түрмеге қамалған және шіркеу тарапынан тәубеге келтірілген. Ал ата-аналарын өлтірген балалар өлім жазасына кесілген. Бірақ әлемнің барлық елдерінде түрлі тарихи кезеңдерде ата-аналарының өз балаларына иелік ету құқығының болғанына қарамастан, олар балаларын тәрбие­леуге және тиісті қамқорлық көрсе­туге міндетті болғанын әділеттілік үшін атап өткен жөн. Хаммурапи патшаның заңдарында (біздің дәуірімізге дейінгі 1793-1750 жылдары) денсаулық, ұзақ ғұмыр және балалар мүлік пен байлықтан жо­ға­ры қойылған. Баланы ұрлау және ауыс­­­тырып алу қатаң жазаланды, өйткені ежелгі Месопотамиде, егер бірнеше баласы болмаса, адам өмірі толық болып есептелмеген. ХІІ ғасырдағы Англияда ІІ Генрихтің Заңында некеден тыс бала көтерген кез келген қыз бұл жөнінде билік орындарына хабарлауы тиіс екені көзделді. Егер қыз бұлай жасамаса, бала өліп қалатын болса (қандай себеппен өлгеніне қарамастан), өлім жазасына кесілетін болған.  Адамзаттың баланың құқықтық мәрте­­бесін мойындау қозғалысы ұзақ және ілгерілемелі болды және әрбір жеке елде өзіндік серпінге ие еді. 1924 жылы Ұлт Лига­сы­ның Баланың құқықтары туралы Женева декларациясын қабылдауын осы процестегі елеулі жағдай деп ес­еп­теуге болады. Содан соң 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Бала құ­қықтары декларациясын қа­был­­дап, 1979 жыл «Халықаралық бала жылы» деп жарияланды және он жылдан соң ғана 1989 жылғы 20 қарашада Бас Ассамблеяның 44/75 қарарымен Баланың құқықтары туралы конвенция қабылданып, 1990 жылғы 2 қыркүйекте күшіне енді. Осы уақыт­қа дейін балалардың құқық­тарын қорғауды қамтамасыз ететін бір­қатар халықаралық заң­на­ма­лық құжаттар әзірленіп, қа­был­данды. Атап айтқанда, Адам құ­қық­тарының жалпыға бірдей деклара­ция­сы; Балалардың қорғанысы мен амандығына қатысты, әсіресе олардың ұлттық және халықаралық деңгейде асырап алуы кезіндегі әлеу­мет­тік және құқықтық принциптер туралы декларация; Балалар құқықтары туралы конвенция; БҰҰ Кәмелетке толмағандарға сот төрелігін орын­дау­ға қатысты минималды стандартты ережелер (Бейжің ережелері); Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактіні ратификация­лау туралы; Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін БҰҰ жетекші принциптері (Эр-Риядта қабылданған жетекші принциптер); Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты Баланың құқықтары туралы конвенциясының факультативтік хаттамасы; Бала­лар­дың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты Баланың құқықтары туралы конвенциясының факультативтік хаттамасы және басқалар. Балалардың құқықтық мәртебесін дамытудың Қазақстанда да өз тарихы бар. Егер тарихқа үңілсек, жесір­лер мен же­тім­­дердің мүліктік және жеке құқықтарын, сондай-ақ олар­ға қатыс­ты қауымның және қай­тыс бол­­ған­­дардың туыстарының мін­дет­­темелерін регламенттейтін дала заң­дары­ның жинағы Жеті Жарғының өзінде (XVII ғасыр) Жесірлер туралы заң болғанын атап көрсетуге болады. Отбасы-неке қатынастары саласында ата-ананың бала өміріне құқықтары бекітілді. Бірақ әйелдің некесіз дүниеге келген баланы өл­тір­уі өлім жазасымен жазаланды. Бала құқықтарының қазіргі тарихы 1994 жылы Қазақстанда Балалар құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаудан басталады. Қа­зақ­стан бұрынғы кеңестік елдер кеңіс­тігінде алғашқылардың бірі бол­ып Конвенцияға қосылды және оны ратификациялады, сондай-ақ оның екі факультативтік хаттама­сын ратификациялады. Бүгінге  дейін адам құқығына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжат, оның ішінде бала құқықтарын қорғауға қатысты 15 құжат ратификацияланды. Мәселен, Нәсілдік кемсі­ту­шіліктің барлық фор­ма­­ларын жою жөніндегі конвенция; Ба­лаларды саудалауға, балалар зи­­на­­қорлығына және балалар порнографиясына қатысты факультативтiк хаттама; Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты факультативтік хаттама; Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы конвенция; ХЕҰ Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне тыйым салу және жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы конвенциясы; ХЕҰ Ананы қорғау туралы конвенциясы; Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама; Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенция; Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция; Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенция; Бала­ларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенция және Алименттік міндеттемелерге қолданылатын құқық туралы хаттама. Бүгінгі таңда Қазақстанда 45-тен астам ұлттық заңнамалық құжат бар, олар қоғамдағы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік береді. Негізгі құжаттарға Қазақстан Республикасының Конституциясы, Еңбек, Азаматтық, «Неке (ерлі-зайып­­тылық) және отбасы туралы» Кодекстері, «Баланың құқықтары туралы», «Білім туралы», «Мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және меди­циналық-педагогикалық түзеуді қолдау туралы», «Балалар отбасылық тип­ті ауылдар мен жасөспірімдер үйлері туралы», «Кәмелетке толма­ған­­дар­­дың арасындағы құқық бұзу­шы­лық­тың алдын алу және балалар қарау­сыз қалған және панасыз қалудың алдын алу туралы», «Балалары бар отбасыларға мемле­кет­тік жәр­де­мақылар туралы», «Әлеу­меттік қызметтер туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ал­дын алу туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Мемлекеттік жас­­тар саясаты туралы», «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заңдары және т.б. жатады.  Көрсетілген заңнамалық құжат­тарда кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты сақталуын қамтамасыз ететін және оларды кемсітушілікке жол бермейтін, балалардың мүдделері үшін мемлекеттік саясатты іске асыру барлық мемлекеттік мекемелердің, жер­гі­лікті атқарушы органдардың қызме­тінің басым саласы болып анық­талған. Осылайша тегіне, нәсіліне, қай ұлтқа жататындығында, әлеу­мет­тік және мүліктік жағдайына, жы­нысына, тіліне, біліміне, дінге көз­қарасына, тұрғылықты жеріне, ден­сау­лық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа да заңды өкіл­деріне қатысты өзге мән-жайларға қара­мастан барлық бала тең құқыққа ие. Некеден және некесіз туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады. Қазақстан Республикасының заңда­рында белгіленген жағдайларды қоспа­ғанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды. Осы мақсатта бала құқықтары кепілдіктерінің құқықтық негіздері қалыптастырылып, баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі тиісті органдар мен ұйымдар құрылды. Баланың құқығын қорғаудың тиімді тетігін құру үшін көптеген елдер балалардың құқығын қорғау жөніндегі арнайы органдарды – бала құқықтары жөніндегі уәкіл институттарын (балалардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмендерді) құрды. Швеция, Франция, Италия, Ресей, Балтық елдері және т.б. елдерде осындай мекемелер табысты жұмыс істеуде. Елімізде 2016 жылғы 10 ақпанда Президент Жарлығымен Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Институттың негізгі міндеттері – балалар­дың құ­қық­тары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемле­кет­тік және қоғамдық инсти­тут­тармен ын­тымақтастықта олар­дың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру. Жас ұрпақты қорғаудың маңызды бағыттарының бірі – кәмелетке толма­ған­­дар­­ды қылмыстық-құқық­тық қор­ғау. Балаларға қа­тыс­ты кез кел­ген зор­лық-зомбылық қа­таң түрде тоқ­та­­­­­­тылуы тиіс, бұған жыныс­­тық тиіспеушілікке қарсы қыл­­мыс­­­тар үшін жауап­тылық шараларын күшейту дәлел болып отыр. 2015 жылдың 1 қаң­тарынан бастап Қыл­мыс­тық кодекстің жаңа редакциясы қолданысқа енгізілді, оның 122-бабына сәйкес 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау 5 жылға дейінгі мер­зім­ге бас бостандығын шектеуге, ал дәл сол іс-әрекеттерді ата-анасы, педагог, тәрбиелеу жөніндегі міндет­тер жүктелген өзге адамның жасауы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра оты­рып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекеттер белгілі бір лауа­зым­дарды атқару немесе белгілі бір қыз­метпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бос­тан­дығынан айыруға жазаланады. Кәмелет­ке толмағанға қатысты зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, оның ішінде еркек пен еркектің жыныстық қатына­сы, әйел мен әйелдің жыныс­тық қатынасы (ҚР ҚК 120,121-баптары), дәл сол іс-әрекеттер жас ба­лаға қа­тысты жасалса, 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостан­ды­ғы­нан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жаза­лана­ды. Қылмыстық кодекстің 93-бабының 1-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлерi) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының тізбесіне химиялық кас­­трациялау түрінде мәжбүр­леп емдеу кіреді. Соны­мен қатар Қылмыстық кодексте жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін жәбірленушімен татуласуға байланысты істі тоқтатуға, шартты түрде соттауға заңнамалық түрде тыйым салынған.  Соңғы он жылда балалардың құқы­ғын қорғауды қамтамасыз ету мақсат­ында көптеген жұмыс ат­қар­ыл­ды және жылдан-жылға бала құқығын қорғау жүйесі жетілдіріліп келеді. Бала өзінің физикалық және ақыл-ойының толық жетілмеуіне байла­ныс­ты туғанға дейін де, туғаннан кейін де қашанда арнайы қорғау мен қам­қор­лыққа мұқтаж.

Сәуле АЙТПАЕВА, Парламент Сенатының депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі 




Поделиться