Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатор Ләззат Сүлеймен гендерлік мәселелер және жастар жөніндегі халықаралық форумға қатысты

28.11.2019 941

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен Ташкент қаласында өткен «XXI ғасырдағы гендерлік мәселелер және жастар жөніндегі әріптестікті дамыту» халықаралық форумына қатысты.

«Қазақстан Республикасында отбасылық гендерлік саясат саласындағы заңнаманы жетілдіру» тақырыбы бойынша баяндама жасаған Ләззат Сүлеймен Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында тарихи қысқа мерзімде Қазақстанда ұлттық гендерлік саясаттың тиімділігіне арналған бірқатар маңызды реформалар жүзеге асқанын атап өтті.

Сенатор Қазақстандағы отбасылық және гендерлік саясат саласының негізгі өзгерістері мен заңнамалық, институттық және іс жүзіндегі ілгерілеулер туралы жан-жақты айтып берді.

Л.Сүлеймен Президент Жарлығымен құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның рөлін ерекше атап өтті.  «Мемлекет басшысының жеке бастамасы мен қолдауының арқасында отбасын, ана мен баланы әлеуметтік қорғау, әйелдерді саяси және экономикалық ілгерілету мәселелері билік, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасындағы үнқатысу үшін тиімді тұғырнама болды», - деп атап өтті ол.

БҰҰ Даму Бағдарламасының адам дамуы жөніндегі есебіне сәйкес Қазақстан 2018 жылы гендерлік даму индексі бойынша 58-ші орынға ие болды.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Л.Сүлейменнің айтуынша, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейтуде әйелдердің көшбасшылық рөлін нығайту үшін әлі де көптеген жұмыстар атқаруға тура келеді. Ең алдымен, елдегі әйелдердің өмірі мен әл-ауқатына оң әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру қажет.

«Сонымен қатар, қазіргі кезде Парламент депутаттарының бастамасымен отбасы және гендерлік саясат мәселелері бойынша заң жобасы әзірленіп, заң шығару органында келісу рәсімдері жүзеге асуда. Бұл заң жобасында негізгі өзгерістер қатарында «тікелей және жанама кемсітушілік», «гендерлік теңдік» ұғымдарын кеңейтуді қарастырады», - деп атап өтті депутат.

Сенатор Л.Сүлеймен форумға қатысушыларға «Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясаты: жетістіктері мен келешегі» атты кітапша таратты.

Халықаралық форумның қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.

Бөлісу