Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Депутат Сената Парламента РК направил депутатский запрос в адрес Премьер-Министра РК О необходимости принятия мер по внедрению национальных стандартов, усилению государственной поддержки, развитию современных технологий и модернизации инфраструктуры в сфере переработки продукции животноводства.

30.01.2025 148

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. БЕКТЕНОВКЕ

 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешеннің құрамдас бөлігі мал шаруашылығы саласын ел экономикасының маңызды драйверлерінің бірі ретінде қарастыру қажет. 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев  шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру, өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керектігін баса айтты.

 Аталған сала ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамтудың негізгі көзі ғана емес, сондай-ақ экспорттық табысты арттыру мен экономиканы әртараптандыру бағытында үлкен әлуетке ие.

Алайда, бүгінге теріні қайта өңдеу саласында қуаттылығы 3,3 млн. дана ірі қара, 3,1 млн. дана ұсақ мал терісін өндейтін 9 кәсіпорынның  жүктемесі 6%-дан аспай отыр.

Елімізде 2023 жылы ірі қара малдың терісін өндіру 2,5 млн дананы құраған. Оның бар болғаны 8% ғана қайта өңдеуге жіберіліп                                             13% экспортталған, ал қалған 79% қайта өңделмеген күйде қалып отыр.  

Былғарымен айналысатын отандық шағын өнеркәсіп иелері тек шетелдік шикізатпен жұмыс жасайды, себебі елдегі сапалы шикізат көлемі жоқтың қасы. 

Өкінішке орай жүн өңдеу саласындағы жағдай да көңіл көншітпейді. Қазіргі уақытта жүнді қайта өңдеумен айналысатын 13 кәсіпорынның тек                    4-уі ғана жұмыс істеуде. Қалған кәсіпорындар кеңес заманынан қалған технологиясы ескірген және  қайта өңдеуге қауқарсыз кәсіпорындар.

Бұл кәсіпорындардың жүктемесі 26% аспайды. Осылайша жыл сайын              74 % жүн өңделмей қалуда.

Осы саланы тежеп тұрған негізгі факторларға қысқаша тоқтала кетсем:

Біріншіден. Шикізат сапасы төмен себебі елімізде тері мен жүннің сапасын  арттыруға қатысты нақты стандарттар мен талаптары сақталмайды бұл – өңдеу саласының негізгі мәселесі. Мал сою кезінде терінің дұрыс сыпырылмауы, жүннің сапалы қырқылмауы, шикізатты сақтау және тасымалдау талаптарының орындалмауы шикізатты жарамсыз күйде қалдырып, жарамды ресурстардың айтарлықтай азаюына әкелуде.

 

Екіншіден. Өңдеу кәсіпорындарының төмен жүктемесі  тері мен жүн өңдеуде кәсіпорындардың  өндірістік қуатын толық пайдалана алмауына әкелуде. Тері өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі небәрі 6%, ал жүн өңдеу  26%-дан аспайды. Нәтижесінде, елдегі тері мен жүнді қайта өңдеу саласының өндірістік ресурстары бос тұрып, экономикалық әлеуеті толық іске аспауда.

 

Үшіншіден. Кәсіпорындарда ескірген жабдықтар мен технологияларды қолдану бұл – өнім сапасының төмендеуіне және халықаралық стандарттарға сай болмауына әкелуде. Тиісінше  өндіріс тиімділігін азайтып, сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болуына кедергі келтіруде.

Сондай-ақ ішкі нарықта дайын өнімдерге сұраныстың төмен, ал сыртқы нарықта қазақстандық өнімдердің халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуі өңдеу саласының өнімін өткізуді қиындатып отыр. Бұл, кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығына және өндіріс көлемінің ұлғаюына кері әсер етуде.

 

Төртіншіден. Мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі – өңдеу кәсіпорындарына шикізатты уақытылы жеткізуге, сақтау мен тасымалдауға кедергі келтіретін басты факторлардың бірі. Ауылдық жерлерде қажетті қоймалар мен тоңазытқыштардың болмауы шикізаттың сапасын сақтап, оны толықтай қайта өңдеуге мүмкіндік бермей отыр.

 Көптеген кәсіпорындарда қалдықтарды өңдеу немесе зиянсыздандыру жүйесінің болмауы экологиялық талаптарды бұзып, қоршаған ортаға зиян тигізуде. Бұл қоғамның және экологияны қорғау ұйымдарының тарапынан сын туғызуда.

 

Бесіншіден. Шағын және орта кәсіпорындарға субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің қолжетімсіздігі, сондай-ақ мемлекет тарапынан жүйелі қолдау бағдарламаларының болмауы. 

Мысалы, өңдеуші кәсіпорындар көбінесе өз қаражатына немесе шетелдік инвестицияларға тәуелді,  бұл саланың ішкі даму қарқынын бәсеңдетуде.

Алтыншы. Тері мен жүн өңдеу саласында заманауи технологияларды игерген кәсіби мамандардың жетіспеушілігі. Бұл өндірістік процестердің тиімділігін төмендетіп, жаңа технологияларды енгізуді тежеп отыр.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет тарапынан тері мен жүн сапасын арттыруға арналған ұлттық стандарттар мен талаптарды әзірлеу, арнайы мемлекеттік бағдарламаны қабылдау, заманауи технологияларды енгізу және инфрақұрылымды дамыту, кәсіби мамандарды даярлау жүйесін күшейту, сондай-ақ шағын және орта кәсіпорындарға субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер беру бағыттарына  тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шаралар қабылдауды сұраймыз.

 «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының                         27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелерін белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұралады.

 

 

    Құрметпен,                                                        С. АРУБАЕВ

 

Ә. БЕКТАЕВ

 

Б. ОРЫНБЕКОВ

 

О. БУЛАВКИНА

 

Е. ӘЙТКЕНОВ

 

С. ДҮЙСЕМБИНОВ

 

Ж. ЖӨРГЕНБАЕВ

 

А. ӨТЕҒҰЛОВ

Поделиться