О необходимости улучшения качества и доступности интернета в сельских районах Казахстана
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. БЕКТЕНОВКЕ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев цифрландыру бір ғана саланы дамыту емес ол экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін айтқан.
Елімізде 7 миллионан астам азамат ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінде 6 256 ауылдың 2 045-сі ғана 4G-мен қамтылып, ол бар болғаны 33 % құраса, 3G-мен 45 пайыз ауыл тұрғындары қамтылған (2 813). Ежелгі 2G де есепке алынуда. Ал, 1049 ауылда тұрақты интернет байланысы мүлдем жоқ. (Жалпы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген 4 858 (77.6%) ауыл)
Ал, Талшықты-оптикалық байланыс желілері 3610 ауылға яғни 58,4 пайыз елді мекенге әлі күнге дейін тартылмаған.
«Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасымен 2023-2027 жылдарға тек 1,5 млрд теңге қаралса, «Қазақтелеком» АҚ тарапынан 2025-2027 жылдарға инвест жоба арқылы 3 039 елді мекенге және 5 650 мемлекеттік мекемеге жоғары жылдамдықты интернет тартуға 239 млрд. теңге жоспарлағанымен, тиісті қаражат қаралмаған.
Соңғы 3 жылда операторлардың жұмсаған инвестициялары керісінше төмендеуде: Мысалы, 2020 жылы 136 млрд тартылса, 2022 жылы бар болғаны 76 млрд теңгені құраған. Қазіргі уақытта интернет пен байланыс қатар дамыған заманда оның сапасының төмен болуы бір қатар салаға кері әсерін тигізуде.
Біріншіден, білім саласында ауыл мектептерінде интернеттің әлсіздігі немесе мүлдем болмауы оқушылардың цифрлық білім алу платформасына қол жеткізуге қиындық тудыруда. Электронды күнделік, тестілеу, олимпиадалар, онлайн курстар интернетсіз мүмкін емес екені белгілі. Пандемия кезінде бұл айқын байқалды: көптеген ауыл оқушылары қашықтан оқуға қосыла алмай, тапсырмаларды қағазбен тасыды. Бұл жағдай қазір де өзгерген жоқ.
Екіншіден, денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерге қосылмаған ауылдық медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларда жетерлік. Дәрігерлер науқастың диагнозын, емделу тарихы мен дәрілік препараттар тізімдерін дер кезінде көре алмайды.
Сонымен қатар, телемедицина, яғни қашықтан медициналық кеңес алу мүмкіндігі тек интернеті бар жерлерде іске асады. Бұл, ауыл тұрғындарының екінші деңгейлі немесе мамандандырылған көмекке қол жеткізуін шектеуде.
Үшіншіден, мемлекеттік қызметтер - EGov платформасы, «E-Salyq», «Kaspi», «Halyk» т.б. цифрлық сервистер бүгінде барлық азамат үшін өмір сүрудің қажетті құралдарына айналғаны анық. Интернеті жоқ ауыл тұрғындары әлі күнге дейін анықтама алу, субсидия рәсімдеу, баланы балабақшаға тіркеу, зейнетақы төлемін бақылау сияқты қызметтер үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Бұл, уақытты жоғалту, қосымша шығын әкелу сияқты жүйелі ыңғайсыздықтар тудыруда.
Төртіншіден, Еліміздегі тіркелген 250 мыңнан аса шаруалардың GPS арқылы егін егу, дронмен тыңайтқыш себу, малдың жай-күйін онлайн бақылау, ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді пайдалану – барлығы интернетке тәуелденіп, ол арманға айналды деуге болады.
Үкімет тарапынан бұл бағытта бірнеше стратегиялық қадамдар жасалған. («Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, «250+» жобасы іске асырылған болатын.) 2022 жылы цифрлық даму министрлігі 1200-ден астам ауылға талшықты - оптикалық байланыс тартып, 2024 жылы тағы 200 ауыл қамтылады деп жоспарланған.
Алайда, бұл жеткіліксіз. Кейбір жобалар тек орталық ауылдарға жетіп, шалғай, шекара маңындағы елді мекендерді айналып өтуде. Байланыс операторлары тиімділігі төмен ауылдарға барудан ашық түрде бас тартуда. Мемлекет субсидия беруге ниетті, бірақ нақты механизмдер мен құқықтық нормалар жетілмеген.
Осыған орай, ұялы байланыс операторлары әлі күнге дейін өзінің ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына антенна-діңгегін орнатуға байланысты Заңда қарама-қайшылықтар болғандықтан кедергілерге тап болуда. Атап айтқанда «Жер», «Кәсіпкерлік» кодекстеріне, «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Байланыс туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізуді қажет етеді.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Үкіметтен:
- Ауылдарға арналған интернет сапасы бойынша ұлттық стандарт енгізу;
- Әлеуметтік маңызы бар мектеп, амбулатория, әкімдіктерді, қызмет мекемелерін бірінші кезекте қосу;
- Байланыс операторларына нақты субсидиялау механизмдерін қайта қарау;
- Мемлекеттік жеке-меншік әріптестік аясында заңнаманы жетілдіру;
- Аудан, ауыл әкімдерінің жұмысына ауылды цифрландыру деңгейі бойынша kpi бекіту;
- Ауыл тұрғындарына арналған интернет тарифтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- Халық тарапынан интернет сапасына баға беретін онлайн бақылау құралдарын еңгізу;
- Қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, ведомство аралық жұмыс тобын құрып, әрбір ауылдық елді мекеннің байланыс сапасына және интернетке қолжетімділікке аудит жүргізіп, нақты шаралар қабылдауды сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы жазбаша жауапты заңда белгіленген мерзімдерде ұсынуды сұраймыз.
Құрметпен,
Аграрлық комитеттің депутаттары:
С. АРУБАЕВ
Ә. БЕКТАЕВ
О. БУЛАВКИНА
С. ДҮЙСЕМБИНОВ
Ж. ЖӨРГЕНБАЕВ
А. ӨТЕҒҰЛОВ
Е. АЙТКЕНОВ
З. КУЗИЕВ