Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Оглашен депутатский запрос на имя Премьер-Министра Республики Казахстан «О развитии исторического туризма»

27.11.2025 274

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрі

О.А. БЕКТЕНОВКЕ

 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала. Еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуы, алуан түрлі табиғатымыз бай, әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік береді.

Сoңғы кeздepi тypиcтepдi aдaмзaт тapиxының eжeлгi ecкepткiштepiн тaнып-бiлy қызықтыpып, тapтaды.

 Бұл тенденция Қазақстанда да байқалады.  Жошы хан, Айша бибі кесенесі, Отырар қаласы, Қожа Ахмет Кесенесі, Берел қорғаны, Ботай, Таңбалы кешені, Қазығұрт тауы сияқты ескерткіштер өткеннің куәсі ғана емес, сонымен қатар халықтың мәдени және рухани мұрасының сақтаушысы.

 Қазақстанда 276 республикалық және 12 мыңнан аса жергілікті маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштері болса, соның 10-ы ЮНЕСКО-ның тарихи және мәдени мұра тізіміне енген. Мәдениет және ақпарат министрлігі ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» мен «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізін»-де  ұсынып отыр.

Жақында Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Маңғыстау облысында «Тарихи туризмді дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы көшпелі отырыс өткізіп келді. Жиын барысында  тарихи туризмнің өзекті мәселелері, құқықтық бағытта қолдауды қажет ететін мәселелер қарастырылды.

Өткен жылы туризм саласының мәселелеріне арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық өңірде бір мезетте 20 туристік аймақты дамыту тәсілі тиімсіз екенін, мемлекеттің шектеулі ресурсын зая кетіретінін айтып, Қазақстан туризмінің жаһандық деңгейдегі төлқұжатына айналуға лайық анағұрлым перспективті нысандарды қысқа мерзім ішінде ретке келтіруді ұсынған болатын.

Елімізде туризмнің қай түрін болмасын дамыту үшін, ең алдымен инфрақұрылым, оның ішінде су, жол, байланыс, қонақ үй, әжетхана мәселесі  өзекті.

Одан кейінгі кезекте нысандарды қорғауға алу, мемлекет меншігіне қайтару, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мәселелері ерекше назар аударуды талап өтеді.

Сондай-ақ, тарихи туризмді дамытуға қажетті бірқатар мәселелерге тоқталсақ.  Басты мәселе, осы салаға деген мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының мардымсыздығы. Мәселен «Маңғыстау» туристік аймағын дамыту жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданғанмен, келесі жылға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмаған.

Еліміздегі тарихи нысандар ғылыми тұрғыдан зерттеуді талап етеді. Мәселен, бір ғана Маңғыстау ескерткіштерінде араб, парсы, көне түрік, көне қазақ тілдерінде араб графикасымен жазылған мәтін түрі көп. Бұл қорымдар – маңызды құжаттар жиналған табиғи мұрағаттық қор іспеттес.

Елімізде «Киелі Қазақстан», «сакралды туризм» болғанмен, заңнамада «сакралды, киелі туризм» ұғымы бекітілмеген.

Тарихи туризм нысандары басында визит орталықтар жоқ. Аталған орталықтар туристерге нақты ақпарат алуға, белсенді демалыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Археолог-этнолог мамандарды елімізде төрт-ақ оқу орны дайындайды екен.  «360-тан астам әулие қонған» Маңғыстау облысындағы үш университеттің бірінде де «археолог» маман даярланбайды, бұған лицензиясы жоқ.

Тарихи орындар ең алдымен өткенімізді тануға, халықтың өзіндік идентификациясын сақтауға, білімді дамытуға, тіпті, рухани күш алуға мүмкіндік береді. Оның сыртында ел экономикасына тиімді пайдалану, үлкен табыс көзіне айналдырудың бірден бір жолы.

Құрметті Олжас Абайұлы!

Жоғарыда айтылғандардың негізінде еліміздегі туризмді, оның ішінде тарихи туризмді дамыту үшін Сізден:

- туристік бағыттарда орналасқан киелі нысандар бойынша туристік визит орталықтарын ашуды;

- туристік нысандарға қажетті инфрақұрылымды жеткізу жұмыстарын жеделдетуді;

- қажетті әуе рейстерін субсидиялауды арттыруды;

- сапалы, заманауи теміржол вагондарымен қамтамасыз етуді;

- туристік әлеуеті жоғары өңірлердің жоғары оқу орындарында «археолог» мамандар үшін гранттар бөлуді;

- архелогиялық зерттеу, қазба жұмыстары үшін гранттар бөлуді қарастыруды;

- өңірлердегі туристік аймақтарды дамыту жөніндегі кешенді жоспарлардың қаржыландырылуын қамтамасыз етуді сұраймыз.

 

 

Депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, заңда көзделген мерзімде жауап беру сұралады.

 

 

Құрметпен,                                                                  Ә. РАХМЕТОВА

 

Н. ЖҮСІП

                                                                                 

А. АРҒЫНБЕКОВА

 

А. ЕСБАЙ

                                                                                                                                              

Т. ЖҮНІСОВ

 

А. ҚАПБАРОВА

                                                                            

А. НУХҰЛЫ

                                                                                  

Р. РҮСТЕМОВ

 

Б. ОРЫНБАСАРОВ

 

 

Поделиться