«Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңы бойынша Комитеттің отырысы
2026 жылғы 27 қаңтар
Сағат 10:00
Құрметті Нұртөре Байтілесұлы!
Құрметті депутаттар! Шақырылғандар!
Сіздердің қарауларыңызға ұсынылып отырған «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заң жобасы – еліміздің аумақтық даму саясатын жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған аса маңызды заңнамалық бастама.
Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауына (2025 жылғы 8 қыркүйектегі) және Алатау қаласын дамыту туралы 2025 жылғы 26 қыркүйектегі жарлығына сәйкес, Қазақстанда жаңа экономикалық өсім нүктелерін қалыптастыру, ірі қалалар мен агломерацияларды дамытудың заманауи үлгісін енгізу, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі стратегиялық тапсырмалары негізге алына отырылып, Үкіметпен әзірленіп Парламент қарауына енгізілді.
Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру – кездейсоқ шешім емес. Бұл – экономикалық, географиялық, демографиялық және инфрақұрылымдық факторларға негізделген, ұзақ мерзімді даму перспективасын ескерген салмақты әрі ойластырылған қадам.
Біріншіден, Алатау қаласы өзінің тиімді географиялық орналасуы арқылы көлік-логистикалық, сауда-экономикалық және өндірістік әлеуетке ие болады. Қала ірі мегаполистерге жақын орналасып, халықаралық көлік дәліздеріне кірігу мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Екіншіден, Алатау қаласы жаңа үлгідегі, заманауи инфрақұрылымға негізделген, «ақылды қала» қағидаттары енгізілетін урбанистік орталық ретінде жоспарланып отыр. Бұл – экологиясы таза, цифрлық технологиялар кеңінен қолданылатын, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды көздейді.
Сонымен қатар, ұсынылып отырған нормалармен Алатау қаласының арнаулы мәртебесінің құқықтық негіздері айқындау көзделген.
Атап айтқанда, заң жобасы мынадай негізгі бағыттарды қамтиды:
Біріншіден, Алатау қаласында ерекше әкімшілік басқару режимі ұсынлыған. Бұл қала аумағында мемлекеттік басқарудың тиімді моделін қалыптастыруға, шешім қабылдау процестерін жеделдетуге және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Екіншіден, инвестициялық және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай жасау қарастырылған. Заң жобасы арқылы арнайы экономикалық және құқықтық тетіктер енгізіліп, отандық және шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған ынталандыру шаралары көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Үшіншіден, Алатау қаласы инновациялар мен жоғары технологиялар орталығы ретінде дамиды. Заң жобасы ғылымды қажет ететін өндірістерді, цифрлық технологияларды, қаржы және білім беру салаларын дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады. Жоғары білікті кадрларды тарту мен адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылады.
Төртіншіден, қала құрылысы және экологиялық қауіпсіздік мәселелері заңнамалық деңгейде нақты бекітіледі. Алатау қаласының дамуы тұрақты даму қағидаттарына негізделіп, қоршаған ортаны қорғау, жасыл аймақтарды сақтау және экологиялық стандарттарды сақтау басты басымдықтардың бірі болады.
Қаланың бас жоспарына сәйкес және дамудың ауқымды перспективаларын ескере отырып, Алатау қаласы интеграцияланған қала ретінде дамиды және 2050 жылға дейін
- халық саны 1,8 миллион адам;
- 1 миллионға жуық жұмыс орнын құру;
- ЖІӨ өсімі 40-50 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтілуде;
- тұрғын үй қоры – жалпы ауданы 55,8 млн. м2;
- тұрғын үймен қамтамасыз ету – бір адамға шаққандағы тұрғын үйдің жалпы ауданы 30 м2;
- 173 мектеп салу;
- 225 балабақша салу;
- 102 медициналық нысанның құрылысы;
- 40 мың студентке арналған академгородок;
- туристік ағын жылына 4,3 миллионнан астам турист, оның 60 % - ы шетелдік туристер;
- қаржы бизнесін жүргізу үшін 3,6 млн. шаршы метр алаң салу арқылы осындай нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізеді деп болжанылған.
Алайда, аталған заң жобасының нормалары Алматы облысының аумағында арнайы құқықтық ортаны құру және бұл аймақ басқарудың жалпы жүйесіне бағыныста емес екені көрсетілген.
Алатау қаласының әкімшілігі негізгі салаларда (экономика, инвестициялар, бизнесті реттеу) республикалық органдарға тікелей бағынбайтын, бұған қоса өз заңнамасын құру құқығын алады делінген.
Яғни, іс жүзінде біртұтас мемлекетке тән мемлекеттік басқару бірлігі қағидатын бұзатын бірегей, оқшауланған билік жүйесі болады деп ұсынылып отыр.
ҚР Конституциясы бүкіл Қазақстан аумағында жоғары заңдық күшке ие.
Заң жобасындағы кейбір нормалар құқық үстемдігі және заңдар иерархиясы қағидатымен қайшылықты туғызуы мүмкін.
Конституциялық заң жобасында енгізілген ұғымда "Алатау заңнамасы" деп көрсетілген, бұл ұғым іс жүзінде ҚР қолданыстағы нормативтік актілерінен басымдығын тікелей белгілеп тұр.
Осыған байланысты, Алатау қаласы әкімшілігі актілерінің ҚР Заңдарынан басымдығымен құқықтық актілердің параллельді иерархиясын құру жалпымемлекеттік заңның үстемдігі қағидатына күмән келтіріп отыр.
Қорытындылай келе, «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына толық сәйкес келеді және елдің болашақ дамуы үшін стратегиялық құжат.
Назарларыңызға рақмет!
Сұрақ-жауап
Құрметті әріптестер!
Жобаның нормалары Алатау қаласына арнаулы мәртебе берудің құқықтық негіздерін айқындайды және оның әкімшілік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық даму ерекшеліктерін нақты белгілейді.
Дегенмен, заң жобасын қарау барысында Конституция мен қолданыстағы заңнамаға қайшы келетін бірнеше нормалар ескеріліп салыстырма кестеге ұсыныстар енгізілді.
Кестені қарауға көшуді сұраймын.
Назарларыңызға рахмет!