«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қолдау
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы
және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы бойынша Қолдау сөз.
2026 жылғы 19 ақпан
Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті әріптестер!
Алдарыңыздағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң нормалары Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарымен сәйкестендіріліп, елдің адами капиталын нығайту, өңірлердің әлеуетін арттыру, сондай-ақ салауатты ұлт қалыптастыру бағыттында әзірленген маңызды құжат.
Туристік сала – экономиканың мультипликативті әсері жоғары стратегиялық маңызды салаларының бірі болғандықтан ұсынылып отырған өзгерістер, алдымен ішкі және келу туризмін дамытуға, туристік инфрақұрылымды жетілдіруге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бай және терең тарихымызды танытатын, сапалы мағлұмат бере алатын экскурсия жүргізуші, гидтердің жұмысын жүйелендіру, олардың реестрін жасау да уақыт талабы. Бақылау емес, қолдау шаралары.
Сондай-ақ, Заң ережелерімен туристік қызмет үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін нақтыланып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау көзделген. Бұл шаралар туристік саланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына орнықты ықпал етеді.
Заңның балалар спортын дамыту туралы бөлігінде, салауатты ұлт қалыптастыру бағытындағы бірқатан ұсынмдар қолдау тапқан.
Бастысы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативін енгізу қарастырылған. Бұл әр спортшыға жұмсалатын шығынды жылына екі есеге дейін арттыруға жол ашады. Жасөспірімдер спорт мектептерінде жұмыс істейтін жаттықтырушылар мен мұғалімдердің жалақысы өседі. Біліктілік сынағынан өткен және сабақты ұлттық спорттық дайындық стандарттарына сай өткізетін мамандарға қосымша үстемеақы төленеді.
Сонымен қатар, спорт саласында цифрлық платформа заңды түрде енгізіледі. Бұл жүйе спорт саласына қатысты деректерді автоматты түрде жинап, өңдеп, сақтап, талдайды, басқа ақпараттық жүйелермен дерек алмасуға мүмкіндік береді.
Бұл өзгерістер спортқа барынша балаларды көбірек бейімдеуге, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, физикалық және рухани дамуына, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.
Туристік саланы және балалар спортын кешенді түрде қолдауға бағытталған және әлеуметтік маңызы жоғары уақытылы дайындалған заңды қолдаймын! Және құрметті әріптестер! Сіздерді де қолдауға шақырамын.
Назарларыңызға рақмет!