Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Выступление депутата Сената Аккужиной Б.Б. по Закону РК «О ратификации Соглашения о займе (Проект ускоренной цифровизации для инклюзивной экономики Казахстана) между Республикой Казахстан и Международным Банком Реконструкции и Развития» на заседании Сената

26.06.2025 169

Рақмет, құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Құрметті әріптестер!

Назарларыңызға «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялау туралы» Заң ұсынылады.

Заң ауылдық елді мекендер тұрғындарының Қазақстанның жекелеген қызмет көрсетілмейтін және қызмет жеткіліксіз көрсетілетін аудандарында жоғары сапалы кең жолақты байланыс инфрақұрылымына қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.

         Келісім нормаларына сәйкес жоба екі негізгі бөлімнен тұрады:

Бірінші: тұрақты цифрлық инфрақұрылымды дамыту

Үй шаруашылықтарын, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарды кең жолақты байланысқа қосу үшін сенімді, климаттың өзгеруіне төзімді және төмен көміртекті цифрлық инфрақұрылымды орналастыруды қолдау іріктелген интернет-қызметтерді жеткізушілерге үлестік гранттар беру арқылы жүзеге асырылатын болады.

Екінші: үйлестіру мен техникалық қадағалауды, әлеуметтік-экологиялық стандарттардың сақталуын бақылауды, сондай-ақ азаматтармен кері байланысты ұйымдастыруды қоса алғанда, жобаны тиімді басқаруды қамтамасыз ету.

Жобаны іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар. Болжам бойынша, осы кезеңде жоғары жылдамдықты интернетке 1123 ауылдық елді мекен қосылады.

Жобаны іске асыру тең қаржыландыру есебінен қамтамасыз етіледі: 50% – Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің                         42 млрд.теңге көлеміндегі қарыз қаражаты, 50% – жеке серіктестердің бірлесіп қаржыландыруы. Бір кіші жобаға берілетін субсидияның ең жоғары сомасы – 500 мың АҚШ доллары.

Жоба халықаралық стандарттарға сәйкес қатаң іске асырылатын болады:

- Отандық байланыс операторлары арасында ашық конкурс өткізіледі;

- тек қаржылық тұрақты, кемінде 350 жеке абоненті бар компаниялардың қатысуы көзделген.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 6179 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде:

- 43% талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қол жеткізе алады – ең сапалы және тұрақты технология. Оның ішінде 1123 ауылдық елді мекенде Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы бойынша үй шаруашылықтарына дейін оптикалық желі жүргізілетін болады; 

- 31% тұрақты жылдамдық пен сапаны қамтамасыз етпейтін ADSL (мыс желілері) арқылы қосылған;

- 26% тіркелген кең жолақты қатынау мүлде жоқ, оның ішінде 1049 ауылдық елді мекен – мобильді интернетке де, тіркелген байланысқа да қосылмаған.

Жағдай қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті көрсетіп отыр. Ауылдық елді мекендердің төрттен бір бөлігі заманауи цифрлық байланыс технологияларымен қамтылмаған. Бұл олардың білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтерге және экономикалық мүмкіндіктерге қол жетімділігін шектейді.

Келісімді ратификациялау:

- 1123 ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосу есебінен қала мен ауылдық өңірлер арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға;

- цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқасында өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға;

- тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сенаттың тұрақты комитеттерінен Заң бойынша ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ. Заң жұмыс тобы мен комитет отырыстарында жан-жақты талқыланып қаралды.

 

Құрметті әріптестер!

Баяндалғанды ескере отырып, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдауды ұсынады.

 

Қолдауларыңызды сұраймын!

 

Поделиться