Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Депутат Сената Парламента РК Алдашев С.Т. направил депутатский запрос о создании специализированной службы спасения на Каспийском море.

01.04.2021 0

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

 

Баршаға мәлім, Каспий теңізі Еуразия құрлығының орталығында, мұхиттардан алыста,оқшау жатқан дүние жүзіндегі ең ірі тұйық су айдыны. Табиғаты қалыптасқан, экологиялық жағдайымен,  флора мен фаунаның байлығымен ерекшеленетін аймақ.

         Сонымен қатар, бүгінгі таңда еліміз үшін Каспий теңізі мұнай – газ өндіру кешендерінің қалыптасқан, мұнай, мұнай өнімдерін, басқа да экономикалық  маңызы бар жүктерді тасымалдау саласы бойынша әлеуметтік, экономикалық маңызы зор аймақ болып табылады.

         2020 жылы Каспий теңізінің Қазақстандық секторында 15 млн тоннадан астам мұнай өндірілсе, Ақтау теңіз порты арқылы 2,2 млн тн. мұнай тасымалданды.

         Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтау, Құрық теңіз порттарына 1283 кеме кіру жүзеге асырылған, 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 2 есе ұлғайады деген болжам бар.

         Жыл сайын әлемдік мұхит акваториясында мұнай өнімдерімен, өрттермен және кемелердегі авариялық басқа да түрлерімен ластануына байланысты техногендік оқиғалар жиі тіркеледі. Каспий теңізінің ластануының негізгі қатері өндіру және тасымалдау кезінде мұнай және мұнай өнімдерінің төгілуі болып табылады.Сондықтан теңіз бетінің ластану аймағының ұлғаюына  жол бермеу үшін мұнай дақтарын оқшаулау және жою үлкен ұйымдастырушылық, техникалық, технологиялық күш жігерді қажет етеді.

         Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі 2003 ж. Тегеран конвенциясының шешіміне сәйкес Каспий маңы мемлекеттері Каспий теңізінің ластануын, оның ішінде кемелерден ластануын болдырмау, азайту және бақылау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіс.Өкінішке орай, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында белгіленген тәртіппен аттестатталған, арнайы техникамен, материалдармен жарақталған, білікті және тәжірибелі мамандардың, құтқарушылардың жеткілікті саны бар бөлімше жоқ. ҚР ТЖМ жүйесіндегі қолда бар күштермен құралдар, оның ішінде жедел құтқару жасақтары мұндай міндеттерді орындауға қабілетті емес. ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің алдында тұрған функциялар мен міндеттер, олардың күнделікті практикалық қызметі теңіздегі төтенше жағдайды жоюдан түбегейлі алыс, ұқсас емес екенін атап өткен жөн. Басқаша айтқанда, судағы техногендік қауіпсіздікті бақылау бойынша әлемдік тәжірибеде қолданылатын әдістер құрлықтағы іс шаралардан түбегейлі ерекшеленеді.

Айта кету керек, көршілес мемлекеттерде бұл мәселенің шешімі қажет деңгейде қойылған. Мысал ретінде, Ресей Федерациясының теңіз және өзен Федералды агентігінің құрамына кіретін теңіз құтқару қызметі, Әзірбайжан Республикасының ТЖМ кіретін Каспий бассейндік авариялық құтқару қызметі, Түркменістан Республикасының мемлекеттік жауапкершілік аумағында теңізде құтқару жұмыстарын жүргізу және мұнай мен мұнай өнімдерінің авариялық төгілуін жою міндеттерін атқаратын Түркменістанның мемлекеттік теңіз және өзен көлігі қызметін атап өтуге болады.

                Каспий теңізі жағалау аймағының Қазақстандық бөлігінің ауқымды екендігін назарға ала отырып, жоғарыдағы айтылғандардың негізінде, сондай – ақ теңізде болуы мүмкін ірі ауқымды төтенше жағдайлар негізінде залалды азайту бойынша барлық ықтимал алдын ала басқару шараларын қабылдау мақсатында, Каспий теңізінің солтүстік бөлігін  қыс айында мұз басатынын ескере отырып,  Қазақстанның Маңғыстау облысындағы теңіз порттарының базасында Қазақстан Теңіз Жедел Құтқару Қызметін құру қажет деп санаймыз. Жоғары білікті мамандардан құрылған, авариялық құтқару және де басқа да заманауи техникалық құралдармен жабдықталған бұл қызмет Еліміздің Каспий теңізін қауіпсіз игеру және пайдалану бағытында өзінің зор септігін тигізеді деп сенеміз.

Поделиться